• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Қараша, 2017

Павлодар облысында таза ауыз суға қолжетімділік 21%-ды ғана құрайды

947 рет
көрсетілді

Өңірдегі 380 ауылдың 78-і орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Ауыл тұрғындарының таза ауыз суға қолжетімділігі 21 пайыз шамасында ғана. Бұл еліміз бойынша артта қалған көрсеткіш. Жер асты су қорларын зерттеу жұмыстары да өз деңгейінде жүргізілмегені анықталды. Судың да сұрауы бар. Осы басты мәселе өңірімізге жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму жөніндегі комитетінің көшпелі отырысында талқыланды. 

Көшпелі отырысқа комитет төрағасы Нұртай Сабильянов бастаған Мәжіліс депутаттары, бірнеше министрлік өкілдері, Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр, «ҚазСушар» республикалық кәсіпорнының басшысы Ислам Әбішев және аудан әкімдері қатысты. Мақсат – Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму жөніндегі комитет төрағасы Н.Сабильяновтың айтуынша, 2020 жылға дейін еліміздің ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Ал сумен қамтамасыз етуде көш со­ңында қалған біздің облыстың ауыл тұрғындары 2020 жылы Н.Сабильянов айтқан жақсылықты көре ала ма, жоқ па?

Облыс әкімдігі ауылдарын сумен қам­тамасыз ете алмай отырған бұл мәселелерді жобалау жұмыстары дұрыс жасалмаған, жер асты су қорларына зерттеу, барлау жүргізілмегендіктен кеткен кемшіліктер деп түсіндірді.

– Көрсеткіштердің төмен болуына бір­неше фактор әсер етті, – деді облыс әкімі Болат Бақауов. – 2011-2012 жылдары 39 ауылда су қорларын барлау жұмыстары уақтылы жүргізілмей, 2013-2014 жылдарға қалдырылды. Екіншіден, сол кезде нақты барланған су қорларының болмауына байланысты тиісті құжат құрастыруды қаржыландыру мүмкін болмады. 2012-2015 жылдары әр жыл сайын жаңа екі жоба бойынша ғана тапсырыс беріліп келді. Үшіншіден, Беловод және Май топтық су құбырлары жүйесін қайта құру жұмыстары ұзаққа созылып кетті. Бұл жерде жергілікті атқарушы органдардың да кінәсі бар.

Талап пен тәртіп, жауапкершілік, мін­дет көлеңкеде қалғандай. Көрсеткіштің нә­ти­желі болмауына басты кедергі – өңір­дегі Ертіс ауданындағы Беловод топтық су құбыры және Май ауданындағы Май топтық су құбырының құрылысы бары­сындағы дау-дамайлар да себеп болыпты.

Негізі, Май ауданындағы Май топтық су құбыры 1980 жылдары салынды, 2001 жылы жұмысы тоқтады. Аудан әкім­дігі аудандағы топтық су құбыры істен шыққаннан кейін халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2002 жылдары ауылдарында КБМ-дар орнатып, пайдалануға берді. Қазір тұрғындар ашық су көздерінен тасылатын және құдық суын пайдаланып отыр. Ал Ертіс ауданы, Беловод топтық су құбырының құрылысы 1979 жылы іске қосылды. Торапты су желілерінің ұзындығы 1840 шақырым, оның 420 шақырымы Ертіс ауданының аумағында. Облыстың Ертіс, Ақтоғай аудан­дарын, Көкшетау облысы, Омбы облысы ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз ететін су құбыры болды. 1997 жылы жұ­мысы тоқтады.

Облыстық табиғи ресурстар және та­би­ғатты пайдалануды реттеу басқарма­сының мәліметінше, 2010 жылы «Ақ бұ­лақ» салалық бағдарламасы аясында «Беловод топтық су құбырын қайта құру» және «Май топтық су құбырын қай­та құру» инвестициялық жобаларын іске асыру жұмыстары басталған-ды.Тап­сырыс беруші – Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті. Ал отырыста айтылғандай, екі аудандағы топтық су құбырларының құрылысы 7 жылға дейін созылып келе жатыр. Мер­­дігерлер ауылға су берудің орнына­ 5 жылдай уақыттан бері, соттасумен жүр.­ Май топтық су құбыры бойынша бас­ мердігер Астаналық «Центрстрой-ком­плект НС» ЖШС болған-ды. Жобаның жал­пы сметалық құны 6,4 млрд теңге. Жобаны жүзеге асыруы 2 кезекке бө­лінген. Комитеттің мәліметі бойынша, «Центрстрой-комплект НС» ЖШС соттың шешіміне сәйкес ықылассыз мердігер деп табылып, келісімшарт бұзылған. Сметалық құны 4,4 млрд теңге тұратын құрылыстың екінші кезеңінің жобалық-сметалық құ­жаттары Су ресурс­тары комитетінің мем­лекеттік сараптамадан­ өткізуге бер­ген-бермегені белігісіз. Топтық су құбы­рын іске асыру мерзімі 2013 жылға жос­парланған екен. Қазір құрылысы тоқтап тұр.

Мәжіліс депутаттары бұл мәселе тиіс­­ті бақылаудың жоқтығынан орын ал­­ған­дығын айтты. Топтық су құбырла­ры­ның тоқтап қалған құрылысына Ауыл шаруашылығы министрлігі жауапты. Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев қазір Май ауданы бойынша топтық су құбырының құрылысына қатысты сот барысы әлі жүріп жатқанын жеткізді. Бүкіл облыс кінәлілердің бет-жүзі анықталып, жауапқа тартылуын күтіп отыр. Сондықтан И.Әбішевтің Май топтық су құбырының құрылысы келесі жылы қайта қолға алынып, 2019 жылы пайдалануға беріледі дегеніне ауыл тұрғындары бір үміт, бір күдікпен қарайтындай халге жетті.

Ал Беловод топтық су құбыры жобасына жауапты «ОSТ-Проект ЖШС», мердігер – астаналық СП «Спецпластводстрой» ЖШС. Құрылыстың жалпы құны мердігерлік келісімшарты бойынша 5,7 млрд теңге. Ұзындығы 388,4 шақырым бо­латын су құбыры бүкіл ауданды қам­тиды. 2013 жылы Ертіс ауданындағы жобаны қаржыландыру тоқтатылды. 2014 жылы «Су ресурстары» комитет «Қазақ су шаруашылығы» мекемесімен жаңа келісімшартқа отырады. Екі аудандағы топтық су құбыры 2015 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланды. Су ресурстары комитеті облыстық бөлімшесінің басшысы Жұмагелді Қожановтың айтуынша, былтыр желтоқсан айында Беловод топтық су құбырының 1-ші кезеңі іске қосылды. Аудандағы 14 ауылға құбыр тартып, су жеткізіп міндетін орындады. Жергілікті әкімідіктер енді жоба жасап, құжаттамалар дайындайды. Су таратушы тораптар жасалып, топтық су құбырының магистральді жүйелеріне қосылған соң Су шаруашылығы мекемесі өз қарауларына алады. Бірақ тұрғындар үшін судың өзіндік құны қымбат. Егер 2010 жылғы баға бойынша 1 текше метр судың бағасы 67 теңгені құраса, жер асты суларын пайдаланған жағдайда (салыстыруға блокмодульдік су бағасы алынған) судың өзіндік құны 250-300 теңгені құрамақ.

Құбырмен келген су ауылдағы әр үйге тартылып, су шығынын есептейтін қондырғылар қойылуы тиіс көрінеді. Бір-бірінен тым алыста орналасқан ауданның әр ауылына су құбырын тарту тиімсіз екенін де кеш біліппіз. Қысы қатты өңірде су құбырлары қатып қалуы да мүмкін дейді тұрғындар. Өйткені тендерлік комиссияда жергілікті су құбырларының жағдайын білетін не ауданнан барған, не облыстан өкілдер қатыспаған. Комитет «Бастапқыда жоспарланған 388 шақырым құбырының қалған 281 шақырымы төселмейді», деген де шешім шығарса керек. Су құбыры өтуге тиіс ауылдардағы тұрғындар саны аз дегенді алға тартқан. Су болмаса, ауыл­да ел қала ма? Беловод топтық су құбыры жобасының енді 226 шақырымды құрайтын екінші кезеңі қашан басталып, қашан аяқталары да белгісіз.

Сондықтан отырыста топтық су құбыр­ларының жобалық-сметалық құжат­тары енді министрлік құрамындағы «Қа­­зСу­шаруашылығы» республикалық мем­лекеттік кәсіпорнына тапсырылуы тиіс деп шешілді. Орта жолда қалған жарымжан жобаларды да осы кәсіпорын жүзеге асырады деген сөз. Онда жобаларды орта жолда қалдырған мердігерлер жауаптан жалтарып кетпей ме деген сауал шығады.

Нұртай Сабильянов жобалық-сметалық құжаттарды сапалы дайындауға назар ауда­руды, бюджет қаржысының тиімді игерілуін қадағалауды, су құбырлары құрылысының сапасын арттыруды тапсырды. Сондай-ақ құрылыстарға жауапты мердігер кәсіпорындардың нысанға ке­пілдік қызметін 5-6 жылға ұзартуды ұсынды. Депутат Айзада Құрманова жо­балық-сметалық құжаттардың тиіс­ті деңгейде жасалмайтынын сынға ал­ды. Соның салдарынан қыруар қар­жы желге ұшуда. Әрбір ауданға орта­лық­тандырылған су құбырларының құрылыс жұмыстарын қадағалап отыратын мекемелер қажет екенін атап өтті. Жаңа нысандар тиісті бақылаудың және күтімнің жоқтығынан көпке бармай, істен шығуы мүмкін. Депутат Мейрам Пішембаев су құбырларын тартқан кезде тұщы сумен қатар, техникалық су жүретін құбырын бірге салуды ұсынды.

– Ауылдарды сумен қамтамасыз ету үшін өңірлік бағдарлама жасалды. Бұл күндері 125 ауылда жер асты барлау-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ондағы су қоры анықталды. Жыл соңына дейін – 24, ал 2019 жылға дейін 60-қа жуық ауылда осындай барлау жұмыстар жүргізіледі. Соңғы екі жылда су құбырларының құрылысына арналған жобалық құжаттарды әзірлеуге 500 миллион теңге бөлінді. Қазір об­лыс­тағы 23 ауылда жалпы сомасы 9,3 млрд теңгені құрайтын су құбырларының құры­лысы жүргізілуде, – деді отырыста облыс әкімі Болат Бақауов.

Әкімнің айтуынша, 2011 жылдан бері облыстағы ауылдардан 3 мың адам көшіп кеткен, 9 ауыл қысқартылғанын жеткізді. Жалпы, 2020 жылға дейін облыстағы ауыл­дардың ауыз-сумен қамтылу көрсет­кішін 40,7 пайызға жеткізу қажет. Бүгін­де тұрғындарының жалпы саны 115 мың­нан асатын өңірдегі 78 ауыл орталық­тан­дырылған ауыз су жүйесімен қамтылыпты.

Ендігі мәселе – Мәжілістің Эконо­микалық реформа және өңірлік даму жө­ніндегі комитеттің көшпелі отырысында 2018 жылға Павлодар облысына 8,5 млрд теңге бөлінетіні айтылды. Бұл қаржы 19 ауылға су құбырын тарту жобаларына жұмсалады. Мәселенің мәнісіне келсек, Ертіс пен Май ауданы топтық су құбырларының аяқсыз қалуы өзге жаңа жобаларға сабақ болуы керек. Өйткені бұған дейін былтыр Үкімет аудан орталығы Баянауыл ауылындағы орталықтандырылған су құбырын тарту үшін 3 жылға деп 5 млрд теңге бөлді. Қазір құрылысы жүргізілуде. Бірақ соңы қалай болар екен деп баянауылдықтар да алаңдаулы.

Тіпті шалғайдағы ауылдарды айтпа­ғанның өзінде, облыс орталығының ірге­­сінде орналасқан 10 мың халқы бар Ленин атындағы кентте су құбыры мен су тазалағыш қондырғы енді ғана қолға алынуда. Құрылысына 2,2 млрд теңге қаржы бөлінген бұл жобада да шала­лық байқалады. Қала әкімі Нұржан Әшім­бетовтің айтуынша, суды тазалағыш қон­дырғы тәулігіне 500 текше метр көлемінде қалдық шығарады. Химиялық заттарды сүзгіден өткізу алаңын салу үшін тағы да қаражат қажет көрінеді. Ал 2019 жылға осындай тағы 30 жоба әзірленуде.

Әрине бұл ауыл халқы үшін аса қажетті және күрделі жобалар. Жобалар орындалуымен маңызды. Нақты зерттеліп, зерделенбесе Ертіс пен Май ауданы топтық су құбырларындай халықтың мұң-зарына қалған жауапсыз тірлікке айналары сөзсіз. Қарапайым халық бәріне төзеді. Ауылдың денін жергілікті ұлт өкілдері құрайды. Мердігерлер бәленбай жыл соттасып жүре берсе де, түбі бір қайыры болар, су келер деп сенеді. Тұрғындар су құбыры құрылысын салуға келетін мердігерлерді ауылдарға жемқор көзбен емес, жанашырлықпен қарауға шақырады. Мәжіліс депутаттары, әсіресе жергілікті депутаттар ауылдарға су жеткізу жұмыстарына қолдау көрсетіп, жіті бақылауға алмаса жобалардың іс жүзінде орындалуына жұртшылықта қазір үміттен гөрі, күдік басымдау. Комитеттің көшпелі отырысында айтылған өңірдегі аяқталмай қалған проблемалық жобалар мәселелері енді Парламент деңгейінде талқыланатыны көңілге демеу.

Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы