– Алакөлде жүздің бе?
– Жоқ! Дубай, Анталиядан артыла алмай жүрмін-ау...
– Демек, тек жыл аралатып Парсы шығанағының, Жерорта теңізінің, ана жолы Тәж-Махалға аңсап барғаныңда Араб теңізінің суына жүзгеніңді қанағат етесің, сірә! Таста оларды! Тарт Алакөлге! Өкінбейсің!
Өз көлдеріміз бойынша да сынақ алар ма екен деп қыпылықтағамын. Сұрай қалса, Каспийде атүсті, Балқашта кәдімгідей екі мәрте апталап толқынына жауырын тосқанымды мақтан тұтып, ал Бурабайдың Шортандысы мен Айнакөліне бауыр басып кеткендігімді, алайда Жасыбай мен Қапшағайға да құмарым барын тізбелеп қойғанмын... Ол дым демеді. Қабағынан бір түрлі реніш сездім...
Дос көңілін қалдырғымыз келмей, осы жазда Алакөлге бәрін тастап, тарттық та кеттік... Өкінбедік! Тәнті боп қайттық!..
Әбден тозған, ажары сынық «АН-24» ұшағы Астанадан Үржар ауданына екі сағаттан сәл асқанда жеткізді. Алакөлге дейін 120 шақырым екен. Күтіп алатындары жоқтарға таксилері тізіліп тұр. Көлге үш шақырымдай жетпей, қолатқа жайылған Қабанбай ауылына кіре бергенімізде, жүргізуші оның сыртқы жонынан осы заманғы әуежай салынатынын сүйіншілеп қойды. Қашан? Қауесет болмаса, жарапты.
Барған бетте бәрін жиып қойып, көлге күмп-күмп қойып кеттік. Суы жап-жасыл, жеп-жеңіл, жұмсақ, денемізден минералды ваннадан шыққандағыдай күлімсі иіс шығады. Оның да сыры ертесіне Алакөлден 23 шақырым жердегі бұрынғы Барлық-Арасан емдеу-сауықтыру ғимаратының орнында қалған үйшікте ыстық ванна қабылдағанда ашылды. Ғалым, саяхатшы Г.Путимцев былайша естелік қалдырыпты. Адамдар жер астынан шығып жатқан суға шомылып жүріп, мынаны аңғарған. Судың өзі алғашқы кезде өте ыстық сияқты сезіледі. Ал содан кейін тек жанға жайлы жылылық байқалады. Судан күкірт иісі аңқып тұр екен. Олар 15 минөттен соң қатты әлсіреп, судан әзер шыққандығын және әбден малшынып терлегенін айтыпты... Осы күкірт сутекті су-ваннасын қабылдауға күн сайын адамдар ағылып келіп жатады. Буын, жүрек-қан тамырлары, т.б. ауруларға таптырмайтын ем екен. Табиғаттың тылсымын қараңызшы, осы күкірт сутекті су жер жүлгелеп көз тауып Алакөлдің астымен жалғасып, әлгіндей емдік қасиеттерімен көл шипасын еселей түссе керек. Мұны естіген соң тағат қала ма, судан шыққың келмейді.
Көлмен жапсарлас қамыс-қоғалылау басқа бір шетіндегі қара батпақ қызығын айтсам, дегбіріңіз қалмасы анық. Адамдар таяз су астындағы қара сазға алдымен тізерлеп, сосын белімен кіріге үйелейді. Кәдімгі Мойылдының балшығына малынғандай боп түрегеледі де қос алақанымен көсіп алған әлгі батпақты күллі денесіне майлап жағып, жағаға шығып жиырма минөттей күнге қыздырынады. Дене терісі тырысып, ақжемденіп кебе бастағанда суға күмп береді. Ал керек болса. Ем-домнан несі кем. Бір қызығы алапесінен, қышымасынан, бөртпесінен, тізе ісігінен, т.б. сырқатынан арылып қалғандармен де тілдескенбіз.
Биылғы маусымда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметов Алакөлге екі рет келіп, туризмнің қолайлы өңірінің дамуына қатысты халықпен ақылдасып, нақты іс-шаралар қабылдапты. Нақты жүзеге асқаны – орталық демалыс кешенінің жоғары талапқа сай жаңғыртылуы еді. Құдды, түрік жағажайларында жүргендей сезінесің. Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері де келіп, бұқаралық туризмнің жай-жапсарымен танысып, өз тарапынан біраз игі істерге мұрындық болды. Құптарлық қадам, әрине.
Дегенмен демалыс базалары орныққан жағалаудың кей тұсын толқын шая бастағаны алаңдатпай қоймайды. Кәдімгідей ұңғып, опырып, құрғақ жерге жылжып келеді. Тіпті 6-7 туристік базаны шайып кеткен. Бұрын тіршілік қызған мекенжайлардың су астында қалуы қатты сескендіреді. Бәрі толқын тежегіштердің салынбауынан орын алған күпірлік. Оның алтауын құймақ болыпты мемлекет қаржысына, қазір біреуі ғана тұрғызылған. Мұндай немкеттілік жалғаса берсе, сәтте дауыл құтырынып шыға келетін бұл аймақта Алакөл толқынының алапат арынын басу оңайлыққа соқпайды. Яғни көл толқын тежегіштің жетіспеуінен өз кемерін мүжіп, жағаны мол зақымдайды. Жолындағыны жұтып жібереді...
Алакөлге жетудегі жол машақаты саябырлай түсіпті. Астана мен Алматыдан мұнда Үрімші пойызымен Жалаңашкөл бекетінен түсіп, 60 шақырымдағы көлге келе қояды. Бұл жол да жаңғыртылмақ. Ал алматылықтар үшін қосымша бір ыңғайлылық ұшақпен Үшаралға жетуге болады.
Қыста Алакөл мұзға оранып, маңайындағы базалар қараусыз қалады. Әлі күнге дейін қарауыл жүйесі орнықтырылмаған. Туризмді сыйлайтын елде бүйтпейді. Билік ойланар...
...Кететін күні таң алакеуімде жер сілкінді. Ұйқылы-ояулы күйде толқын әлдиі ме десем... Жарты минөттей тербетіп тұрды. Жә, несіне шошимыз, жаз маусымы жетсе, өз суымыз – Алакөлге асығармыз! Іргеміздегі інжу ғой. Алысқа арбаланып қайтеміз... Досым-ау, естимісің!.. Ақылшым, сол!
Қайсар ӘЛІМ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері