Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы тәуелсіздік жылдары атқарылған іс-шаралардың көшпелі көрме жобасын өткізуді жоспарлап отыр. Осыған орай кітапхана директорының орынбасары Әмірхан РАХЫМЖАНОВПЕН кездесіп, іс-шараның анық-қанығын сұраған едік.
– Әмірхан Мұратбекұлы, әңгімемізді әуелі көрме жайынан бастасақ.
– Елбасы кітапханасы алғаш рет «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі ғылыми білім беру және мәдени-ағарту көрме жобасын ұйымдастырғалы отыр. Оның ашылу салтанаты Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музейде 10 қараша күні өтеді. Елордамыздың Арқа төріне қоныс аударғанына 20 жылдан астам уақыт болды. Осы уақыт аралығында Елбасының жеке архиві, жеке кітапханасы және музейі қорының зерттеу нәтижелері мен материалдары, бас-аяғы 140 мыңға жуық құжат, 30 мыңға жуық кітапханалық қор, 40 мыңнан астам музей жәдігерлерінің ішінен таңдаулыларын Алматы қаласы жұртшылығының назарына ұсынбақпыз. Қазіргі уақытта Алматыға 700-ден астам экспонат жеткізілді.
Көрменің экспозициясы төрт үлкен бөлімнен тұрады. Алғашқысы Елбасының туып-өскен жері Үшқоңырдан бастап, отбасы, мектепте бірге оқыған сыныптастары, Украинаға барып Днепродзержинскіде оқыған кезі, Теміртауда жұмыс істеген шағы, Алматыда қызмет еткен жылдары, сондай-ақ алғаш рет Президент болып сайланған кезі туралы сыр шертеді. Бұл бөлім «Көшбасшы жолы» деп аталады.
Екінші бөлімді «Көшбасшы феномені» деп атауды жөн көрдік. Мұнда Елбасының кемел жұмыстарының бір парасы – қазақ халқына қасірет әкелген Семей полигонының жабылуынан бастап, аспан кеңістігіне ұшқан ғарышкерлеріміз, елтаңбамыз, туымыз, теңгеміз секілді құнды дүниелерімізді көрсетуді жоспарлап отырмыз. Көрмеге қатысушылар бұл бөлімнен Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы, Мемлекет басшысының ел астанасын ауыстыру идеясын жүзеге асыруға дейінгі тарихи маңызы бар шешімдері мен бастамаларынан хабардар болады.
Үшінші бөлім «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» деп аталады. Бұл жерде Көшбасшының және Қазақстан халқының жаһандық үдерістердің тұрақтылығы мен өркендеуіне қосқан үлесін тану ретінде жұрт назарына ұсынылған Елбасының 40-тан астам шетелдердің жоғары наградалары туралы баяндалады.
Ал «Әлем қадірлеген Елбасы» атты төртінші бөлімде Мемлекет басшысының көшбасшы ретінде әлемге қалай танылғанынан бастап деректер беріледі. Бұдан бөлек, Қазақстанның сыртқы саясаттағы еңбектері көрініс табатын болады. Олардың арасында көршілес Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен, сондай-ақ Америка Құрама Штаттарымен саяси, экономикалық қарым-қатынастар алғаш орнаған кезеңінен мағлұматтар сөйлейді. Сыртқы саясат болғандықтан мұсылман елдерімен, Еуропа елдерімен орнаған қарым-қатынастар да, еліміздің халықаралық ұйымдармен бірге атқарған жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ.
– Кітапхана болғаннан кейін Алматы жұртшылығына қандай құнды кітаптар ұсынылады?
– Елбасына берген құнды сыйлықтар – кітаптар. Борис Ельцин, Билл Клинтон, Маргарет Тэтчер секілді әлемге белгілі тұлғалардың Нұрсұлтан Назарбаевқа өз қолымен жазып берген кітаптар жинағы жұртшылық назарына ұсынылады. Сонымен қатар мұсылман мемлекеттерінен сыйға берілген қасиетті Құрандар жинағы да бар. Сол сияқты Мемлекет басшысының өзі жазған кітаптары, олардың әлем тілдеріне аударылған нұсқалары да көрмеге қойылады.
– Осы орайда Елбасы кітапханасы жөнінде кеңінен айта кетсеңіз.
– Көпшілік Елбасы кітапханасы туралы тек қана кітап сөрелері орын алған, оқу залдары бар қарапайым ғимараттардың бірі деген пікірде. Осы тұста мына бір жайтты айта кетейін, АҚШ-тың соңғы он үш президентінің жеке кітапханасы, орталықтары немесе мұрағаттары бар. ТМД кеңістігінде Ресейдегі Ельцин орталығын, Әзербайжандағы Әлиев орталығын атап өтуге болады. Қазақстандағы сондай ерекше орталықтардың бірі – Астана қаласындағы Назарбаев орталығының ғимараты. Оның ішінде Н.Назарбаев қоры және Елбасы кітапханасы бар. Елбасы өзінің үйінде қолданған жеке кітаптарын осы кітапханаға берді. Оның бас-аяғы 28 мыңнан асып жығылады. Сол кітаптардың әрқайсысын ашып қарасақ, Мемлекет басшысы оқырман ретінде өзі белгі қойған тұстарына дейін көруге болады.
Архивтік жұмыстарды да айтуға болады. Мұнда Нұрсұлтан Әбішұлы Президент болып сайланғаннан бүгінге дейінгі құжаттардың бәрі цифрлы нұсқаға көшірілген. Ал олардың саны жоғарыда айтқанымдай 140 мыңнан асады.
Өзінің ерекше рухани аурасы мен тарихи орны бар Елбасы музейі – Н.Назарбаевтың жаңа астанадағы алғашқы резиденциясында орналасқан Тұңғыш Президент кітапханасының маңызды құрылымы.
Бұдан бөлек Назарбаев орталығының Талдау қызметін атап айтсақ жөн болар. Оның басты мақсаты – Қазақстанның ұлттық мүдделері мен мемлекеттің 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясы негізінде қазіргі заманның өзекті мәселелеріне талдау жасау.
Кітапхананың аса маңызды бағыттарының бірі – ғылыми-зерттеу және білім-ағартушылық қызмет. Оның мақсаты – өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, Елбасының бастамаларын көпшілікке жария ету, мұра етіп қалыптасып келе жатқан тәуелсіздік дәуірінің құжаттарын зерделеу, сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тұжырымдамасы аясында жұмысымызды ұйымдастыру. Осыған қарап аты кітапхана болғанмен, оның атқаратын қызметі ауқымды екенін аңғаруға болады.
– Көрме аясында тағы қандай іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр?
– Көрме аясында, әсіресе алғашқы аптасында бірнеше іс-шара ұйымдастырылады. Мәселен, 10 қараша күні «Ғылыми-білім беру қызметіндегі инновациялық жұмыс түрлері» атты семинар өтеді. Сол күні кешке Республика сарайында Елбасы кітапханасының көшпелі көрме жобасының ашылуына орай Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің есептік концерті көрермен қауымға ұсынылады.
Жобаның екінші күні «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы: мемлекеттік басқару стратегиясы және көшбасшы феномені» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өз жұмысын бастайды. Дәл осы күні «Рухани сананы жаңғыртудағы музейдің рөлі» ғылыми-тәжірибелік семинары және «Рухани сананы жаңғырту: кітапхана және архив қызметтерінің өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өткізу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек білім беру және мәдени-ағартушылық саласында жастармен жұмыс істеудің жаңа технологиялары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде және Қазақ ұлттық аграрлық университетінде 13 қараша күні өтетін «Қазақстан жолы: «Мәңгілік Ел» семинар-тренингінің барысында көрсетіледі.
14 қараша күні Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Рухани жаңғыру: жастардың көзімен атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. 16 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Назарбаев моделі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, сондай-ақ дәрістер мен интерактивті пікірталас түрінде әзірленген «Назарбаев моделі» кітабының тұсаукесерін өткізу жоспарланып отыр. Мұның бәрі «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасының алғашқы аптасында өтпек.
– Мұндай ауқымды жоба неге Алматыда өткізілгелі жатыр?
– Еліміз үшін Алматы қаласының орны бөлек. Алматы – үлкен мегаполис, тәуелсіздігіміздің алтын бесігі. Рухани, тарихи ордамыз деп айтуға болады. Елорда көшкелі 20 жыл ішінде Астана қаласы ірі жаһандық оқиғалардың орталығы болып танылды: ЕҚЫҰ саммиті, Әлемдік дінбасылар съездері, халықаралық экономикалық форум, ЭКСПО көрмесі, тіпті Сирия мәселесін шешу жолындағы Астана процесін атасақ, әрқайсысы тәуелсіз Астанамыздың жетістігі. Оның барлығы Елбасының еңбегі мен көреген саясатының нәтижесі. Ендеше осы 20 жылдық тарихпен Алматы жұртшылығын таныстырмақпыз. Мұндай ауқымды жоба алғаш рет ұйымдастырылғалы отыр. Ал Алматыға ат басын тіреген әрбір шетелдік ғалым, саясаткер, сарапшы көрме аясында Қазақстан жөнінде, даму бағыты туралы көп мағлұмат алары сөзсіз. Сонымен қатар бұл көрме жастарды патриоттыққа, намысшылдыққа тәрбиелеуіне, біліктілігін арттыруына септігін тигізеді. Көрме 2018 жылдың 14 қаңтарына дейін созылады.
«Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты бұл көрменің ашылуына Президент Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысады деп жоспарлануда. Сонымен қатар Алматыда білім алып жүрген жоғары оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары, ғалымдар, қала тұрғындарын тарту туралы ойымыз бар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»