• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қараша, 2017

Қазыналы Қостанай

382 рет
көрсетілді

өңірінде ауыл шаруашылығы дамып, әлеуметтік нысандар көбейіп келеді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қостанайға сапарының екінші күні де бірнеше нысанды аралады.

Президент алдымен осындағы сапалы сүт өнімдерін дайындайтын «Милх» жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тігіне келді. Елбасына мұнда жаңа технологиямен өндіріліп жат­қан балмұздақ және ашымал сүт өнім­дері желісі таныс­тырылды. Кәсіп­орын жылына 26 мың тонна өнім шы­ға­рады. Биыл сүт зауытында балмұз­дақ өндіретін цех салынып, инвести­циялық жобаның бірінші кезегі жүзеге асы­рылды. Зауытта 243 адам еңбек етеді.

Нұрсұлтан Назарбаев ауылшаруа­шы­лық өнімдерін өңдейтін тың тех­но­логия­лы осындай өңдеу кәсіп­орындары қатарының көбеюі керек­тігін айтты. Сүт зауыты ғимаратында Мем­лекет басшысы облыстағы ауылша­руа­­шы­лық кәсіпорындары басшы­ларымен кездесті. Ол биыл ауа райы көктем мен жазда аса қолайлы болмаса да, қостанайлық диқандардың жоғары өнім жинағанын атап өтті. Жалпы, елімізде 21 миллион тонна астық қамбаға құйылды. 

Елбасы еліміздегі ең негізгі астықты аймағына айналған Қостанайға келген сайын ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерін диқандар мен шаруалардың өзімен бірге ортаға салады. Бұл жолы да ол шаруашылық басшыларының субсидия туралы пікірлерін тыңдады. 

– Мен «субсидия диқандарға толық жете бермейді, оған кеткен қаржыны несие түрінде берген дұрыс» деген пікірлерді естіп қалып жүрмін. Әлде субсидияны ірі шаруашылықтар тиімді пайдаланып, шағындары олай ете алмай ма? Пікірлерің қалай? – деді Мемлекет басшысы. 

Бұл сауалға «Алтынсарин» жа­уап­кершілігі шектеулі серік­тес­­ті­гінің директоры, Қазақстан­ның Еңбек Ері Борис Князев өз пікірін білдірді. – Мал шаруашылығы мемлекеттік көмекті қажетсінеді. Меніңше субсидияны егіннің гектарына немесе малдың басына емес, сатқан өнімнің көлеміне қарай берген тиімді деп ойлаймын, – деді Борис Павлович. 

«Алтынсарин» шаруашылығы облыс орталығынан ең шалғай жатқан ша­руашылықтардың бірі. Қазір ас­тық өндірудің сыртында 4 мың бас ірі қара бордақылайды. Ай сайын тірідей салмақта ет сатып отыра­ды. Президентпен әңгіме барысын­да Б.Князев Мемлекет басшысы­ның елімізде жолдар салу туралы бағ­дар­ламасының жүзеге асып, оның тиім­ділігін көріп отырғанның бірі өзінің шаруашылығы екеніне ризашылығын білдірді. 

– «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген мәжілісіне жақында мен де қатысқанмын. Сонда Сіз Қазақстанда 4,5 мың шақырым жолдың салынғанын айтқан болатынсыз. «Алтынсарин-Хромтау» темір жолы салынғалы біз астық пен ет өндірісі көлемін екі есе арттырдық. Бұрын біз элеваторға тапсыру үшін астықты 120 шақырымға таситынбыз. Шаруашылық қазір астықты тұтынушыға бірден вагонмен артады, арадағы делдалдардан да құтылдық. Ай сайын Шымкентке 10 мың тонна бидай жібереміз, басқа жаққа да жіберу мүмкіндігіміз бар. Етті 350 шақырымда жатқан Қостанай қаласына апаратынбыз. Батыс-Орталық тас жолы төселгелі сұраныс жасаушылар етті өздері келіп алып кетеді. Сіздің экономикалық дағдарысқа қарсы бағдарламаңыз аясында жасалған жұмыстар, яғни сапалы жолдар түкпірде жатқан шаруашылықты бар қиындықтан алып шықты, – деді Борис Павлович. 

Елбасы жолдың бойы қайнаған өмір екенін айтты. Жолдар арқылы Қазақстан Еуропаға, одан әрі өзге құрлықтарға шығатынын, соның арқасында өндірген өнімнің арзандайтыны, экономиканың дамитыны, бәсекеге қабілетті болатыны туралы әңгімеледі. Мұнан кейін Президент ауыл шаруашылығында ғылымға жүгінуге кеңес берді. 

– Алматы, Астана, Қостанай қаласында әрқайсысының өз бағыты бар аграрлық ірі үш университет бар. Солардан ғылым жаңалықтарын талап етіңіздер. Ғылым араласқанда ғана ауыл шаруашылығы қарқынды дамитын болады. Жаңа, тиімді сұрыптар қуаңшылық жылдары да, тыңайтқыш болмағанда да диқанға өнім береді. Осыны ескеру керек. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»