Бүкіл түркі халықтарының азаттығын аңсаған, осы асқақ мұратқа бар саналы ғұмырын арнаған Мұстафа Шоқай өзінің 1930 жылғы «Түркістан ақындарынан» атты мақаласында «Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды аламыз» деп келешекке көрегендікпен сенім білдірген еді. Осыдан 60 жылдан кейін туған елі егемендікке қол жеткізіп, ежелгі қазақтың мекені – Ұлы Дала төсіне тәуелсіздік туы тігілген болатын. Содан Мұстафа Шоқай азаттықтың алғашқы жылдары-ақ Отан есігін қақты.
Атақты жазушы Әнуар Әлімжанов «Қазақ әдебиеті» газетінің 1991 жылғы 24 және 31 мамырдағы сандарында жариялаған «Мұстафа Шоқай... Ол кім?» атты ерекше сезім мен толғаныстарға толы мақаласында «Түркістан халықтарының теңдігі мен тәуелсіздігі үшін, оларды қорлық-зорлық пен рухани құлдықтан құтқару үшін аса зор жауапкершілікті арқалаған тұғырлы заңғар тұлғаның» адами, азаматтық және қайраткерлік болмысын ашып, оның шындығында кім болғанын алғаш жан-жақты дәлелдеуге ұмтылған еді.
Кешегі кеңестік кезеңде Мұстафа Шоқайға «сатқын», «опасыз», «нағыз пантюркист» және «панисламист» дегендей толып жатқан аттар тағып, оның азан шақырып қойған атын атауға тыйым салынғаны белгілі. Тек егемендіктің ерен күші мен қайсар күрескер туралы шындық өзінің кіндік қаны тамған, өмір бойы аңсап, сағыныштан сарғайтқан Сыр еліне де жетіп еді. Бұдан алғаш хабардар болған облыс басшылары іске жүйелілік беру үшін қоғамдық қор құру туралы шешімге келеді. Ал оның басшылығына кімді ұсынған жөн дегенде ауызға бірден көп жылдар облыстық денсаулық сақтау саласында басшылық қызметтер атқарып, енді өзі құрылысын басқарып, өзі аяқтаған облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Базарбай Атабаев түсті. Оның ес білгелі ашық айтылмаса да үлкендер арасындағы әңгімелерге құлақ түре жүргендігі, ол туралы оң өзгерістерді тез де ерекше сезіммен қабылдап, іле-шала баспасөзде бірер мақала жазғандығы ескерілді. Содан 1992 жылдың ақпан айының 18-і күні елдегі туыстар, жерлестер, көзі ашық журналистер мен тарихшы, ақын-жазушылар шақырылып, «Мұстафа Шоқай атындағы облыстық қоғамдық қор» құрылып, төрағалығына Базарбай Атабаев сайланды.
Сол 1992 жылдан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті. Осы жылдар ішінде Базарбай Атабаев Шоқаймен байланысты облыстық, республикалық және шетелдік деңгейдегі іс шаралардың бірде-бірінен қалған жоқ десек, көп қателесе қоймаспыз. Облыс орталығында, Алматыда, Ташкентте, Ыстанбұлда өткен жиын-конференцияларда Мұстафа Шоқай туралы арнайы баяндамалар жасаса, Сыр бойында Мұстафа Шоқай аты көшелер мен мектептерге беріліп, ескерткіштер орнатылып жатса, соның басы-қасында болып келеді. Франциядағы Мұстафаның Ножан-Сюр-Марн қаласындағы тұрған үйінің жанына биіктігі 125 см тұғырға қоладан жасалған «Мұстафа Шоқай» ескерткіш-бюст қойылғанда да жүрегін қолына алып жүгіріп жүргендердің алдында Базекең болған еді. Сұлутөбеден 10-12 шақырым қашықтықтағы Мұстафа Шоқай туған жер – Наршоқыға мәрмәр тас қойған да осы кісі болатын. Дегенмен осы орынға бүгінгі заман талабына сай белгі қойылып жатса, дұрыс болар еді деген ой оны әлі мазалап жүр.
Базарбай Атабаев Мұстафа Шоқай атына айтылған әртүрлі пікірлермен де тұрақты күресіп келеді. Жаратылысында қоғамдық сананың баяу жылжып, кешегі кеңестік идеология күшімен чекист Серік Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітабындағы жалған мәліметтердің көпке созылғаны белгілі. 1997 жылғы қаңтар айында Ыстанбұлда өткен Дүниежүзі қазақтарының көшпелі құрылтайында Қазақстаннан барған зиялы қауым арасындағы әңгімеде Мұстафа Шоқай туралы шындықпен жанаспайтын пікірлер айтылғанда, Базекең реті келген мінбені тиімді пайдаланып қарсылық білдіріп, өзі білетін мәліметтерді жайып салған болатын. Сонда Мұстафа Шоқайға қатысты қайшылықты ой-пікірге жанды жауап қайтарып табандылық танытқан інісіне риза болып, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының директоры, академик Манаш Қозыбаев келесідей бата беріп, оның ұсынған блокнотына мына сөздерді жазып берген екен:
Iнiм Базарбайға! Шоқайдай елдiң iрiсiң, Қазақтың пiрi – ұлысын Iздегеннiң бiрiсiң, Биiк болсын тынысың, Тiрлiктiң iсi бiтеме, Құтты болсын бұл iсiң. 31.01.1997 ж. Ыстамбұл – Алматы.
Мұны Базекең осы күнге дейін академик ағасынан тәбәріктей сақтап келеді.
Базарбай Атабаев 90-жылдардан жарық көрген Мұстафа Шоқай шығармаларын, оның өмірі мен шығармашылық қызметіне қатысты материалдарды аз оқыған жоқ. Онсыз Шоқай атындағы қорды басқару мүмкін емес еді. Бұл дәрігерлікті өмір бойы серік еткен маманды қаламға жетеледі. Айтпай, жазбай отыра алмады. Ондаған баяндамалар мен мақалалар жазылып, олардың бірсыпырасы басылым беттерінде жарық көрді. Соларды жинақтап Мұстафа Шоқайдың туғанына 125 жылдығына байланысты «Ел жадында қайта жаңғырған ұлы есім» атты 16 баспа табақтан астам кітап дүниеге келді. Ол негізінен «Ұлы есімді елге оралту жолында», «Ұлы есімді елге таныту жолында» және «Ұлы есімді тани түсу жолында» атты бөлімдерден тұрады. Бұл бір жағынан қор қызметінің бағыт-бағдарын да танытады. Әлі қолда бірнеше кітап боларлық дүниелер бар.
2015 жылы Алматыдағы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы «Библиографиялық көрсеткіш» шығарған еді. Оған Мұстафа Шоқайдың өмірі, қызметі мен шығармашылығы туралы сегіз тілде жазылған 1405 әдебиет енген болатын. Одан бері қаншама дүние жарық көрді.
Алайда Сыр еліндегі Мұстафа Шоқай атындағы қордың төрағасы Базарбай Атабаевтың қолынан шыққан туындылардың мейлі ол хат болсын мейлі ол баяндама, мақала болсын орны бөлек. Айрықша маңызды, ерекше жылы оқылады. Бұл, шын мәнісіндегі, бүгінгі жақын туысқандар арасынан соңғы ширек ғасырдан астам уақыт бір тыным таппай, ылғи ізденіс үстінде болған ата мұрасына адал перзенттің көңіл күйі, ішкі сезімі, кейде жан айқайы. Осы сезімде кешегі кеңестік заман күрделендіріп жібергенмен жоя алмаған, халқының жадына қайта оралған, шынына келгенде жарқырай оралған, аты әлемге танылған тұлғаны кейінгі ұрпақтың, елінің танымы жатқан болатын. Автор Мұстафа Шоқай атына арналған пьеса, кино немесе сөздерге, мейлі ол белгілі жазушы-драматург болсын, болмаса атақты тарихшы болсын, өз көзқарасын, пікірін білдіріп отырған. Мысалы, Мұстафа Шоқай туралы кинофильмдерге қайшылықты пікірлер мен көріністерге қарсы пікір жазған да Базекең болатын. Оның кейбірі кітабынан орын да тапты. Айтқан уәждері орынды. Өйткені автордың артында ұлы шындық тұр, ол – Мұстафа Шоқайдың шындығы. Мұстафа Шоқайға қатысты жаңсақ пікірлер әлі жоқ емес. Осыдан екі-үш жыл бұрын, яғни 2014 жылы Астана қалалық мәслихаттың отырысында Мұстафа Шоқайдың атын қаладағы №51 мектепке беру туралы мәселе қойылғанда екі депутат қарсы болып, кеңестік кездегі әңгімелерді айтып, мәселе шешімін таппай қалған еді. Сонда мәслихатта қайсар күрескерді қорғайтын ешкім табылмағаны өкінішті-ақ болды. Бұл мәселе әлі күнге шешімін табатын емес.
Мұстафа Шоқай туралы қалам тартқандардың біле бермейтін жайларын Базекең сонау бала жасынан біліп, өсіп келе жатқандығы оның артықшылығы десек, артық айта қоймаспыз. Мынандай бір мысал келтіре кетейік: Бірде 2000 жылғы 11 наурыздағы «Сыр бойының» «Сыр өнерi» қосымшасындағы Н.Қартабаев «Мұстафа Шоқай туған жер» атты мақаласында Шоқайдан тараған ұрпақтарды дұрыс көрсете алмай, көптеген қателiктер жiбергенде Базекең бұларды талдап әрқайсысын орын-орнына қойып берген болатын.
Базарбай Атабаевтың түркі әлемінің көрнекті тұлғасынын есімін халық жадында қайта жаңғыртып, мәңгілік есте қалдыруға құлшына кірісуіне тағы бір салмақты себеп бар. Мұстафаның ауылында туып-өскен жақын туыстары түгел дерлік кеңестік құйтырқы да зұлым саясаттың зардабын көріп, қасірет шеккендер болатын. Кеңес мемлекетінің қас жауы деп танылған ағайындар қамалды, қудаланды, атылды. Сол жандардың ішінде опат болған Базарбайдың әкесі Асанбай да бар еді. Қиянатшыл кеңестік жүйеге деген кеудеде қатқан қара қазандай күйік, өкпе, ашу-ыза саналы азаматты белсенді іс-әрекетке итермеледі. Сөйтіп тәуелсіздігіміздің елең-алаңында қолға алынып қызу қарқынмен басталған, коммунистік ішмерез идеологияның Мұстафа Шоқайдың атына жаққан қара күйеден тазартып, оның адал есімі мен елі үшін бүкіл саналы өмірін аяусыз арнаған еңбегін халқына жеткізу, туған жұртына қайта табыстыру жолына өзіндік үлес қосу – Базекеңнің қазіргі де басты мұраты болып келеді.
Осыдан 21 жыл бұрын Базарбай Атабаевтың Мұстафа Шоқайдың өмірден қайтқанына 53 жыл толуы қарсаңында «Ақмешітке Мұстафаның ескерткіші қойыла ма?» деген сауал-мақаласындағы асыл арман биылғы жылы жүзеге асты. Сыр бойының бас қаласы Қызылордада бар саналы ғұмырын қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі тектес халықтардың мүддесі үшін күреспен өткізген Мұстафа Шоқайға зәулім ескерткіш орнатылды. Мұның тәуелсіздіктің қасиетті шарапаты екеніне дау жоқ. Енді бейнелеп айтқанда, Сыр сахнасына орнатылған Мұстафа Шоқай бейнесі ежелгі Сыр бойы халқын бар дауыспен үндеп, Тәуелсіздікті тұғырлы етуге шақырып тұрған сияқты.
Міне, сонау азаттықтың алғашқы жылдарынан Мұстафа Шоқай атындағы қоғамдық қорды басқарып, ерен еңбек сіңірген, жарты ғасырдан астам халықтың денсаулық саласындағы 25 жылын басшылық қызметтерде жемісті еңбек еткен Базарбай Асанбайұлы Атабаев енді медицина саласының құрметті ардагері, КСРО және Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Халықтар достығы» орденінің иегері, Шиелі ауданының құрметті азаматы. «Мұстафа Шоқай» қорына сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының «Құрметті академигі» атағын да алды.
Әбдіжәлел БӘКІР, саяси ғылымдар докторы, профессор