Вьетнамның Хошимин қаласында өткен бокстан қыздар арасындағы Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Бір аптаға созылған байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының боксшылары бір алтын, бір күміс және төрт қола медаль иеленді.
Әр екі жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып тұратын бокстан қыздар арасындағы сарықұрлық біріншілігінде құрама қоржынына жалғыз алтынды 64 килода сынға түскен Мадина Нұршаева салды. Ол финалда қытайлық боксшы Доу Данды жеңіп, Азия чемпионы деген атаққа қол жеткізді. Айта кетейік, бұл Мадина Нұршаеваның карьерасындағы алғашқы алтын медалі. Ал 69 кило салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Валентина Хальзова финалдық айқаста қытайлық Гу Хонгқа есе жіберіп, биылғы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері атанды.
Бокстан қыздар құрамасының бас жаттықтырушысы Вадим Присяжнюк чемпионат алдында екі алтын аламыз деп айтқан болатын. Осы чемпионатта екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай өз алдына Азия чемпионы атануды мақсат етіп қойған еді. Өйткені бүгінде Назымның жүлде қорына Олимпиада мен Азия біріншілігінің алтыны жетіспей тұр. Алайда Қызайбайдың алтынға деген үмітін Солтүстік Корея өкілі Пенг Чол Ми сөндірді. Жартылай финалда Назым Қызайбай Чол Миге 2:3 есебімен есе жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтты.
Сондай-ақ Рио Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Дариға Шәкімованың да екі дүркін Азия чемпионы болу арманы орындалмады. Шәкімованың жолын жартылай финалда тағы бір қытайлық боксшы Ли Киань кесті. Екі жыл бұрынғы чемпионаттың финалында Дариға дәл осы боксшыны жеңіп, чемпион атанған еді. Сонымен қатар құрама қоржынын Мөлдір Базарқұлова (81 кг) мен Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) Азия чемпионатының қола жүлдесімен толықтырды. Күнгейбаева қатарынан екінші рет Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленгенін айта кетейік. Қыздар құрамасының бас жаттықтырушысы Вадим Присяжнюк Вьетнам сапары алдында журналистерге берген сұхбатында елге екі алтын медальмен оралатынын айтқан еді. Осыдан екі жыл бұрын Қытайда өткен Азия чемпионатында қыздарымыз бір алтын, үш қола медаль жеңіп алған-ды.
Әли БИТӨРЕ, «Егемен Қазақстан»