ШҚО-да бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқан бірқатар азаматтар «Достық үйіне 25 жыл» төсбелгісімен марапатталды. Құрметке лайық болған ҚХА мүшелеріне төсбелгіні облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова тапсырып, тілегін білдірді.
«25 жыл ішінде облыста ұлтаралық татулықты нығайтып, ауызбіршілікті насихаттағандарыңыз үшін шын жүректен алғыс білдіремін. Қазақстандағы алғашқы Достық үйінің қабырғасын қалап, жастарды баулып, елге қызмет еттіңіздер. Бір шаңырақ астына жиналған халқымыздың ертеңі жастарға үлгі беріп келесіздер», – деді Әсем Нүсіпова.
Салтанатты шара барысында бірқатар ҚХА, этномәдени бірлестік мүшелеріне Шығыс Қазақстан облысы әкімінің алғыс хаты мен «Достық үйіне 25 жыл» мерекелік төсбелгісі табысталды.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН