Түркістан қаласындағы Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназияның ғасырға жуық тарихы бар. Көне заманнан сыр шертетін білім ұясының шәкірттері мен ұстаздары 1967 жылы ХХІ ғасыр тұрғындарына арнап хат жазып, оны мектеп ауласындағы соғыс құрбандары ескерткішінің іргетасына арнайы қорапқа салып қалдырған екен. Аталған хаттың елу жылдан соң ашылуы аманат етілген. Осы аманат хатты ашу бүгінгі ұрпақтың еншісіне бұйырыпты. Мектеп ұжымы мен ата-аналар комитетінің бас қосуымен елу жыл бұрынғы оқушылар мен ұстаздардың аманаты ашылып, көпшілік алдында оқылды. Орыс тілді мектеп болғандықтан хат сол тілде жазылған (қазір қазақ және орыс аралас мектеп-гимназиясы). Мұнда мектеп ғимаратының 1939 жылы салынғаны, ол Түркістан қаласындағы тұңғыш екі қабатты нысан екендігі атап көрсетілген. Мектеп айналасы тап-тақыр топырақ болғаны, одан беріде шәкірттер мен ұстаздардың бірлесіп, жеміс ағаштарының отырғызылғандығы және сол ағаштардың мәуелі баққа айналғандығы жазылған. Сонымен бірге хатқа Ұлы Отан соғысының қасіреті де арқау болыпты. Мектеп-гимназия директоры Ж.Орынбаеваның айтуынша, елу жыл бұрын хатты салу рәсіміне ие болған Ольга Осипова, Михаил Шмарин, Гүлхан Сәдиқызы және Нелли Шприна жиынға арнайы шақыртылған. Рухани сабақтастықты жаңғыртуға бағытталған шара мектеп қабырғасында әлі де жалғасуда. «Елу жылда ел жаңа» дегендей екі қабатты мектеп жанынан 4 қабатты оқу ғимараты, спорт залы мен акт залдары бой көтерген. Бұдан бөлек қала көлемінде тоғыз қабат биіктікке дейін түрлі нысандар салынғанын айтсақ, соңғы елу жыл ішінде жаңа Түркістанның қалыптасқанын көзге елестету қиын емес. Әсерлі басқосудың соңында бүгінгі мектеп ұжымы 2037 жылы оқылуы тиіс хат жазып, аталған ескерткіштің іргетасына жасырды. Хатта әлемдегі дамыған елдердің қатарына қадам басқан мемлекетіміздің мұраты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде баяндалған.
«Егемен-ақпарат»