• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Қараша, 2017

Алматыда «Елбасы кітапханасы» орталығы ашылды

964 рет
көрсетілді

Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Елбасы кітапханасы» орталығы ашылды. Оқу орнындағы арнайы кітапхана Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні және Тәуелсіздік күні мерекелеріне орай жасақталып отыр.

Алматы қаласы бойынша ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының ұйымдастаруымен «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы өтіп жатқаны белгілі. Шараның мақсаты Мемлекет басшысының идеялары мен бастамаларын насихаттау және ілгерілету, сонымен қатар халықтың мәдени кодын сақтауда және қазақстандық жаңа буынның санасын қалыптастырудағы студент жастардың рөлін зерттеу болып табылады. Университтегі «Елбасы кітапханасы» орталығының ашылуына арнайы келген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов: «Біз 10 қарашадан бері Алматы қаласында «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме жобасын өткізіп келеміз. Аталған ауқымды жобаның үш күнге созылған бір бағыты Қазақ ұлттық аграрлық университетінде жалғасуда. Бүгінгі ашылып отырған орталық соның жемісі. Бұл кітапхана оқу орнының студенттері мен оқытушыларына ғана емес, көпшілік қауымға қызмет ететін болады», -деді.

Ал Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Тілектес Есполов оқу орнындағы іс-шара туралы айта келіп: «Астанадағы Елбасы кітапханасынан Президентіміздің 500 кітабын алдық. Жалпы бұл кітапхана қорында Елбасының ең таңдаулы жүз елуден астам кітабы жинақталған. Бұл – біз үшін, біздің белсенді жастарымыз үшін үлкен олжа. Бұл кітаптар, біздің жастарымыздың рухани дүниетанамын кеңейтіп, білімдерін толықтыра түседі» деді.

Университеттегі кітапхана орталығының ашылуы «Рухани жаңғыру: жастар көзқарасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясымен жалғасты. Конференцияға Алматы қаласының және шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары, докторлары, магистранттары, студенттері қатысып, баяндама жасады. Жиналғандар «Тарихи тұрғыдағы Қазақстанның жаңғыру әлеуеті», «Ұлттық код рухани сананы жаңғыртудың негізі ретінде», «Қазақстан жастарының рухани санасын жаңғырту шарттарындағы тарихи сана» тақырыптарына қатысты мағыналы әңгіме өрбітті.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»