Алматыдағы аты аңызға айналған «Медеу» мұз айдынына сырғанақ теуіп, таудың жұпар ауасымен тыныстауға келетіндердің саны биыл жылдағыдан едәуір көбейген. Оның себебі аталған мұз айдынында «Спорттық Алматы» бағдарламасының шеңберінде дәстүрлі тегін үйрету сабақтары жүріп жатыр.
Аптаның сенбі-жексенбі күндері көптеген Алматылықтар Алатау баурайындағы Медеу шатқалын бетке алады. Әр тараптан ағылған облыс пен қала тұрғындарының тегін үйрену сабақтарына қатысып, сырғанау өнерінің қыр-сырына қанығып, емін-еркін демалуына барлық жағдай жасалған. Спорттық шараға әртүрлі жастағы әуесқойлар қатыса алады. Тегін үйрену бағдарламасының арқасында бүгінгі күні 1500-ге жуық азамат арнайы мамандардан сабақ алған.
– Біз отбасымызбен коньки тебуді ұнатамыз. Медеуге, отбасымызбен, достарымызбен бірге келіп тұру біздің сүйікті ісімізге айналған. Медеу – тарихы тереңде жатқан әсем қаламыздың ең көрікті жерлерінің бірі. Өзге аймақтарда тұратын туыстарымыз қонаққа келе қалса алдымен Медеу мен Көктөбеге апаруымызды сұрайды. Арнайы мамандардың келушілерді сырғанақ тебуге ақысыз үйретуі халыққа көрсетілген үлкен қолдау деп білеміз. Бүгін алғаш рет спорттық ойынға қатысып сыйлықтар ұтып алдық. Ұйымдастырушыларға зор алғыс білдіреміз, – дейді қала тұрғыны Татьяна Сопкова. Жалғыз Татьяна ғана емес, спорттық жобаға қатысқан барлық қонақтар ұйымдастырушыларға дән риза.
Еске салсақ, «Медеу» мұз айдынының қонақтары әр аптаның сенбі мен жексенбі күндері кешкі сағат жетіден тоғызға дейін арнайы нұсқаушылардың көмегімен конькиде сырғанауды тегін үйрене алады. Сонымен бірге, Медеу келушілерін арнайы сыйлықтармен қуантып, тамаша концерттік бағдарламалар сыйлайтын болады. Конькимен сырғанауға ақысыз түрде үйрету сабақтары желтоқсан айының 24-не дейін жалғасып, келесі жылдың қаңтарында қайта іске қосылмақ.
«Спорттық шараның басты мақсаты қаладағы бұқаралық спорт түрлерін дамытып, қала тұрғындары мен қонақтарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру» дейді жобаны ұйымдастырушылар.
Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ