Елордаға екеуміз қатар келіппіз. Ол – «Астанаға» бас бапкер болып бекіді. Біз Алматыдағы қосыннан бас кеңсеге көштік. Алғашқы кездесуіміз есте жоқ.
Алайда Болгариядан бір топ маман келгенін естіген соң, жұмысын көргіміз келді. Жақын арада мүмкін болмады. «Астана» түсінігі біртүрлі, тәртібі қатал команда екен. Рас, сәл кейінірек, ашық жаттығуына қатыстық. Өзі оқшау тұрды. Кісі жатырқайтын секілді. Көмекшілерін сөзге тарттық. Болгарияның футбол мектебі туралы айттық. Аты аңызға айналған ойыншыларын еске түсірдік. Сол кезде Пермьде мәтел шыққан. «Болгарсыз «Амкар» «Амкар» емес», деген. Соны айтып, күлістік. Ивелин Поповты мақтадық. Сосын...
Сосын қызық болды. Тасқамал қорғаушы Цветанов туралы айта бастадық. Қасымдағылар күледі. Әлем чемпионатында төртінші орын алған Болгария құрамасының сапындағы қорғаушы еді ғой. Сол жақтағы көмекші сылқ-сылқ етеді. Екінші біреуі сыбыр етті. «Егер Цанко туралы айтып тұрсаңыз, ол осы ғой», – деп Цанко Цветанов. Болгарияның бірнеше дүркін чемпионы дәл қасымызда тұр екен. Түрін ұмыттық. Әлде өзгерген. Есім-сойы түстелгеннен кейін ғана шырамыттық. Стойлов туралы Цанкодан сұрадық. «Талап қоя білетін, табанды бапкер. «Астананы» биікке алып шығады әлі». Тілшілерге берілген уақыт аяқталды да, сыртқа беттеуге тура келді. Бірақ Стойловты тану сабағы жалғаса берді.
Мери. Немесе, Станимир Стойлов. Тілшілік ғұмырдағы біз назар аударған бапкердің бірі осы кісі. Футболға деген көзқарасымыз ортақ болғанымен, пікір қайшылығы орын алып, келіспей қалатынымыз бар. Ол өз кеудесінің биігінен бізге көз тастайды. Біз осы бір спорт түрін өнер санағаннан кейін, командасын зерттейміз. Бірде Стойлов мысқылдады: «Екеуміз екі бөлек матч көрген секілдіміз». Жоқ, Мери! Біздер бір ғана ойынды қарадық. Сіз алаң жиегіндегі бапкер орынтағынан. Біздер пресс-ложада. Және екеуміз де ойынға маман ретінде үңілдік. Бапкер – сіз, біз – спорт тілшісі едік. Сіз менен көбірек білесіз: өз командаңызды, қойылған мақсат, ұстанған тактикаңызды. Біз, көбірек үңілеміз: сізге, сіз арқылы командаңыздың ойын өрнегін тануға. Иә, командаңыздың іс-қимылы арқылы сіздің жаттықтырушылық қабілетіңізге бойлаймыз. Есіңізде шығар. Есіңізде ғой! «Астана» «Маккабиді» қабылдаған күн. Патрик Твумаси мен Жуниор Кабананга қос-қостан гол соғатын кез ше? Матч соңынан кейінгі баспасөз мәслихатында біздің тараптан қойылған сұрақ есіңізде ме? Былай дедік. «Сіз, Станимир Стойлов, біз таныған мықты бапкер қатарындасыз. Дәл қазір сізге жететін жаттықтырушы жоқ десе де болады, біздің елде. Сізге деген құрметім де ерекше. Енді сұраққа көшейін. Кеше футболдың омақасқанын көрдім, мен. Әзербайжанда. «Қарабах» пен «Атлетико» осы бір керемет ойынды тұншықтырды. Бүгін сол тұншығу жалғасқан секілді. Ойынның алпысыншы минутынан кейін. Рас, «Астана» ұстанған тактика сол, бәлкім. Оны танып тұрмыз. Бірақ біз мақтаған маман ретінде айтыңызшы, әлгі соңғы жарты сағатқа қандай анықтама беруге болады?».
Шын мәнінде жауап жоқ болатын. Өз қолын өзі кесетін кісі кездесе ме, қазір? Тіпті ол тым шыншыл әрі талапшыл бапкер болса да. Жауабы мынау: «Мен сізді түсінген жоқпын. Егер «Маккаби» ойнамай тұрып алса, менің шаруам қанша. Төрт голдан кейін шабуылдау бізге қажет емес еді». Елге қажет еді ғой. Жанкүйерлерге. Футбол мамандарына. Керек десеңіз, жылнамаға. Құлаққа ұрған танадай тұрып қалған «Маккабиді» әбден «сабауға» болатын еді. Голды тау етіп, үйіп. Мысалы, Мауриньо. Жұрт білетін Жозе ше? Шәкірттеріне тапсырманы төгіп береді екен. Ойын кезінде. Үнемі шабуылда жүру. Қорғанысты шегелеп тастау. Сосын мейлінше гол соғу. «Жүзге жеткізсең де, жүз бірінші голды талап ететін бапкер, ол», деседі шәкірттері.
Дмитрий Аленичевтің айтқаны бар. «Егер біздер балабақшамен жолдастық кездесу өткізсек те барынша күш салып ойнауымызды талап ететін шығар. Қателік жібермей, мүмкіндікті түгел пайдаланып, доп санын мыңнан асыруды тапсырады». Дұрыс. Өйткені ол кәсіби бапкер. Сондықтан да тізгінін ұстаған командасы кемелденіп шыға келеді.
Станимир Жозе емес. Ол – Стойлов! Стойловтың өз ұстанымы бар. Мүмкін, Станимир де сондай түсінікте, бірақ көсіле алмайды. Қолы қысқа. Жозе секілді жиырмадан астам үздік ойыншысы жоқ. Мүмкін емес-ау. Шындық. «Астананың» құрамын қараңызшы. Маусым жүгін арқалаған 13-14 футболшы. Шымыр екен. Шыдады. Жарақат алғандары қаншама! Қатарға тез қосылып отырды. Өйткені бапкер үшін отқа түсуге дайын еді. Станимирмен тіл табысуға тырысты, олар. Стойлов ойыншыларға жалтақтаған жоқ. Демек, қитұрқыдан ада. Футболшы алдында ары таза. Фокси Кетевоама деген ойыншы болды. Жылдар бұрын. «Астананы» алға жетелеген жігіттердің бірі еді. Кенет «науқастанып» қалды. «Жұлдызды» ауру. «Жұқпалы» деп ойлады ма, Станимир Фоксиден бас тартты. Салыстыру үшін, сол кездегі Фокси, «Реалға» Криштиану қаншалықты қажет болса, «Астанаға» соншалықты керек еді. Бас бапкер басын шайқап отырып алды. Шешім қабылданды, «Астана» Кетевоамасыз күн көріп келеді. Енді бірде Твумаси тайраңдай қалды. Ойын өтеді, ол жоқ. Келесі кездесуде де негізгі құрамнан тыс қалды. Баспасөз мәслихатының бірінде сауал тастадық. «Станимир, мырза! «Астана» мықты ойыншыларға зәру команда. Біз таныған мықты Патрик еді. Ол қазір алаңның шетінде көбірек жүреді. Матчқа араласа алмай. Неге одан жерідік?». «Сіз футболды көп түсіне бермейтін секілдісіз». «Қайта, сол футболыңызбен тыныстайтындардың бірі едік. Оң қанаттан тап беретін, екпінді ойыншыны, екі аяғымен бірдей тебетін мерген футболшыны запаста, иә, иә, қапаста ұстағаныңыз қалай?». «Қапас дейсіз бе. Твумаси футболға тыңқия тойып алған десем ше?» «Онда бір-бірімізді түсіне бастағанымыз». Қысқа диалог осылай өрілді. Станимир біздің де футболдан хабарымыз бар екенін аңғарса керек. Алдымен сұрақтан сытылып шығуға тырысты. Сосын торды мықтап құрғанымызды ескерді.
Тағы бірде. «Астана» чемпиондыққа жақындады. Ойыншылар тағы тапшы. Кезекті қарсыласын келістіріп ұтып жатты. Шаршағандарын алмастыратын футболшы жоқ. Қосалқы құрамда кілең жастар. Матчтан кейін сұрадық. «Станимир-оу, есеп жақсы еді, анау жастарды шыңдап алуға болмады ма?». «Олар ертең мықты ойыншы болатынына сенімдімін. Бірақ әзір шикілеу. Әйтпесе менің миыма кірмеді дейсің бе?». Тексеріп, көрді. Сәл кейін. Ел кубогы жолындағы жарыста. Талдықорғанда, «Жетісуға» қарсы салды. Быт-шыт болып ұтылды. Келгеннен соң, кезекті матчтан кейін көзімен бізді іздеді. Табыла кеттік. Сосын айтты. «Олар пісіп, жетілсе баяғыда салатын едік қой, футбол майданына. Түсінбеймін. Түк түсінбеймін. Өмір бойы мүмкіндік іздей ме? Неге пайдаланбады, осыны ұқпаймын». Біз оны түсініп отырдық. Бапкердің жан-дүниесін. Жетектеп жүретін тазы еске түсті. Түлкі алмайтын. Есім-сойларын түстеудің қажеті аз. Керек еткендер тарихтан тауып алады. Матч протоколына үңілсе жеткілікті. Станимир сәл-сәл қажыған. Немесе әлгі ойыншыларға деген сенімі әлсіреген. Әйтпесе оларды да шынықтыратын еді. Оларды да дейтініміз, талайдың бағын ашқан бапкер ғой. Келіспейсіз бе? Кешіріңіз. Стойловқа дейінгі Серікжан Мұжықовтың ойын өрнегін саралаңыз. Немесе Жуниор Кабананганы. Иә, иә. Қазір ғой, Жуниор тепкен доп голға айналады, кеудесімен тоқтатқаны қандай керемет! Рас, кейде ұрымтал тұстағы әріптесін көрмей қалады. Өзі адам баласын биікке ұмтылдыратын сенім екен ғой. Стойлов Жуниорға сенді. Сәттілікке де байланысты. Конго Демократиялық Республикасы Африка кубогын сарапқа салатын болып, жан-жақтағы жібі түзу ойыншыларын ел туының астына жинады. Шеберліктерін байқап көру үшін. Жуниор да барды. Бірақ негізгі құрамнан сырт қалды. Енді Астанаға қайтайын дегенде құрама бапкерлері кері шақырады. Бір ойыншы жарақат алған екен. Соның орнын басу үшін. Кұрлық Кубогы жолындағы жарысқа қатысады. Гол соғады. Мәртебесі өседі. Құрметке бөленеді. Қазақстанға келгеннен кейін футболға басқаша кіріседі. Қазір «Астананың» белді шабуылшысы. Былайша айтқанда Стойлов ашқан таланттың бірі. Дидар Жалмұқанға таңдау түскенде ішіміз жылыған. Бірақ қасында көп ұстамады. Жалға берді. Жақтырды, жақтырмады, ол жағын өзі біледі. Иван Маевскийді шақырды. Орталық жартылай қорғаушы бапкер үмітін ақтады. Трансферде мүлт кетпейтінін аңғарып отырмыз. Ақиқаты мынау, егер дәл осы құрам өзге жаттықтырушының қолында болғанда өзгелерден бір бас ұзап шығуы неғайбылдау дүние. Тіпті топ жару да екіталай. Бірнеше ойыншысы жан-жаққа тарады ғой. Үш-төртеуі «Тобылда» жүрді. Жапырып, ойнады ма? Жоқ! Екі-үшеуі «Ордабасы» барды. Станимир шеберлігі шабандау, ойыны ақсау алдында тұрған жігіттермен топ жарып жүр. Неге? Себеп көп. Соның ішіндегі маңыздысы – ол ойыншылармен бір тілде сөйлеседі. Жарыс тілінде, намыс тілінде. Командасын қайрай алады.
«Астана» допты жақсы ұстайды, қос қанаттан тықсырады, ортадан атой салады, осының бәрі оқуы жақсы команданың ойын өрнегі. Футболдағы әрбір матч – қойылым. Сценарий жазылады, орындаушылар таңдалады. Ең бастысы, орындаушылар қоюшының тапсырмасын тыңғылықты орындауы шарт. Сонда ойын жүреді. Станимир ойын қоя алады. Біз білетін Бесков секілді. Ел таныған Романцев сияқты.
Өкінішке қарай Стойлов шәкірттерін қалай қайрайтыны бізге беймәлім. Мәлім болғаны, ойыншылары алаңға атылып шығады. Қарсыластарын бірден қыспаққа алады. Қандай деңгейдегі команда кездессе де. Қорықпайды. Стойлов солай үйреткен. Қаймығу жоқ. Сосын қайғыру жоқ. Мүмкіндікті мүлт жібергендер жер тепкілеп, жата кетпейді. Қайта жылдам қорғанысқа көмекке келеді. Сосын қайта шабуылды өрістетеді. Алаңды қалай көреді! Бұл енді тактикалық дәрістердің жемісі. Бердыев сағаттар бойы тактикадан дәріс оқиды екен. Карло Анчелотти тіпті ойыншыларды қолдарынан жетектеп жүріп, өз ұстанымын жеткізетін көрінеді. Станимирдің тәсілі бізге белгісіз. Бірақ командасы жақсы ойнайды. Демек, ойын-өрнегі қойылған. Былтыр «Астана» қатарынан үшінші рет чемпион атанды. Марапаттау рәсімі алдында бас бапкерді іздедік. Сұхбат алу керек. Станимир сұрланып алыпты. Кісікиік. Микрафон тосып едік. Тыржиды. Жақтырмағаны. «Жиналыңдар, бәрің, сосын көреміз», деді. Кеудеден ешкім итеріп көрмеген. Мәскеуде, Валерий Лобановский де. Иракта, Павел Садырин де. Тыз ете қалды. Басымыз ба, жүрегіміз бе. Күлдік. Стойлов – батыр, Стойлов – жеңімпаз. Бірақ қарапайым емес. Басынан сөз асырмайтыны баспасөз мәслихаттарында байқалатын. Бүгін тіпті екіленіпті. Чемпиондықтың буы болар. Сұхбат алынды, эфирге берілді. Қолданыстағы сұрақтар, жаттанды жауаптар...
Мери енді төрт дүркін чемпион. Қазақстан біріншілігінде. Баспасөз мәслихатына берілген бөлменің есігін еріне ашты. Өң жоқ. Тап бір соғыстан жеңіліп қайтқан қолдың сардары секілді. Сараң сөйледі. «Бір жылғы жоспардың жемісін көрдік. Яғни біз таңдаған жол дұрыс екен. Айтып жүрдік қой. Дұрыс шешімдер қабылдаппыз. Маусым сәтті өтті. Еңбек зая кетпеді. Жігіттерге мың алғыс. Дәрігері дейсіз бе, мамандардың бәріне рахмет. Бәрі де мақтауға лайық. Құрметке де. Сосын сыйақыға да лайықты. Өкінішке қарай сыйақы алу мұң болып тұр. Тіпті былтырдан қалған қарыздар бар. Ойыншылар «қыңқ» еткен жоқ. Жасыл алаңда қайрат көрсетті. Маған әлі келісім-шарт жайлы «Астанадан» ұсыныс түскен жоқ. Шақыратындар көп. Бір тоқтамға келмедім».
Айтылған сөздердің ұзын-ырғасы осы. Ойланып қалдық. Төрт дүркін чемпионның айдарынан жел есіп, езуінен күлкі төгілуші еді ғой. Ол ойлы көздерін әрі-бері аударып, астыңғы ерінді үстінгінің үстіне қойып, тұман кешті. «Ертісті» баптаған Веретновтің айтқаны бар еді. «Біздерді жұмыстан шығармайды, алып тастайды. Сондықтан да тағдырымыз өзгеше». Алғыспен кеткен бапкер аз.
Мери мықты. Болгарияда да баптаған командасын биікке шығарды. «Астананың» атын тарих тасына сан мәрте қашады. Еуропаның ең үздік командаларының адымын аштырмаған команда жаттықтырушысы сырттай сыйлас жұмбақ жан ретінде біздің жадымызда қалады. Екеуміз екі түрлі түсініктегі адамдар болсақ та футболға деген көзқарасымыз ұқсас сияқты. Мерейің үстем болсын, Мери!
Амангелді СЕЙІТХАНОВ, журналист