• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Қараша, 2017

Алматыда жыл таңдаулыларын марапаттау рәсімі өтті

295 рет
көрсетілді

Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік опера және балет театрында «Жыл адамы» фестивалінің жеңімпаздарына берілетін басты жүлде – «Алтын адам» мүсіншесін, «Қоғамдық танылу» сыйлығын және «Жылдың №1 Таңдауы» құрмет медальдарының иегерлерін салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. 

Осымен он сегізінші мәрте ұйымдастырылып отырған дәстүрлі  ұлттық жоба саясаттан тыс коммерциялық тәуелсіз жоба болып саналады. Яғни, жобаның барлық шығындарын ұлттық демеушілер өтейді. Бұл салтанат тек біздің елімізде ғана емес, бауырлас Өзбекстан мен Қырғызстанда, сонымен қатар Украина мен Беларусь елдерінде де өткізіледі. «Жобаның басты мақсаты – Отанға деген шынайы сүйіспеншілік. «Алтын адам» сыйлығы тегін табыс етіледі және ақшалай сүйемелденбейді, оның жалғыз баламасы –  қоғамның құрметі мен ризашылығы» дейді ұйымдастырушылар.

Жеңімпаздарды іріктеу еліміздің басты аймақтарында жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесі мен арнайы сарапшылардың зерттеуі мен бағалауы арқылы іске асады. Еліміздің танымал тұлғаларынан құралған қазылар алқасы қоғамдық пікірді есепке алып, еңбектері, қайсарлықтары, ерекше дарындары мен жомарттықтары еліміздің шынайы игілігіне айналған Қазақстандықтарды анықтады. Биылғы жоба мәдениет, бизнес, медицина, өнер және спорт салаларында дара деп танылған азаматтар мен ұйымдарды марапаттады.  Сонымен «Жылдың №1 Таңдауы» аталымында «Ретро» радиосы үздік радио, «КТК» телеарнасы үздік телеарна, «Nur.kz» ақпараттық порталы мен «Новое поколение» қоғамдық-саяси газеті жеңімпаз деп танылды. «Егемен Қазақстан» газеті де осы аталым бойынша  «Мемлекеттік тілдегі жыл басылымы» деп танылғанын ерекше айта кеткен жөн.

«Алтын адам» және «Қоғамдық танылу» марапаттары бірқатар азаматтарға ұсынылды. Нақтырақ айтсақ, Еркін Ботақанов отанға қызметі үшін, Ирина Тәжібаева үздік білім қайраткері, Олеся Кексель үздік мемлекеттік қызметкер, Александр Медведев үздік мұғалім, Қанат Ислам жыл спортшысы, Асқар Кулибаев отанға қызметі үшін, Талғат Теменов үздік мәдениет қайраткері, Мұрат Нұрсейітов жыл полициясы, Нұрлан Далбай үздік мүсінші, Карина Абдуллина, Дана Мұқанова, Валихан Мусин, Сәуле Сүлейменова шығармашылық жетістіктері үшін, Юрий Синявский, Сергей Апарин, «NS радиосы» кәсіби жетістіктері үшін, Жақып Асанов демократияландыру мен ашық қоғам қалыптастыруға қосқан үлесі үшін, Артур Платонов қоғам мен билік арасында үздік байланыс орнатқаны үшін, «Дос-Мұқасан» ансамблі ұлттық игіліктері үшін  жоғары марапатқа ие болды.

Әр жылы үздіксіз өткізіліп келе жатқан бірегей жоба сан салада жан-жақты қызмет жасап келе жатқан азаматтар мен ұйымдарды марапаттап, айналаға шапағат шуағын шашып қысылғанға қолдау танытқан жаны жомарт жандарды басқа қоғам мүшелеріне үлгі етуді көздейді.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ