Димаш Құдайбергеннің шетелдегі шығармашылық кеші Хунанның (Hu nan) Чаңша (Changsha) қаласынан басталады.
Бүгін инстаграмдағы парақшасында өзінің әлемдік турнесі өтетінін хабарлаған Димаш асыл армандарының орындалып жатқанын хакім Абайдың өлеңдері арқылы өрнектеді. Қазақ әншісінің шетелдегі тұңғыш шығармашылық кеші жайлы білу үшін "Димаш-Əли" шығармашылық орталығының жетекшісі, Димаштың әкесі Қанат Айтбаевқа хабарласқан болатынбыз.
«Қытайдың аумағында өтетін Димаштың жеке концерті 16 желтоқсан күні Чаңша қаласында басталады. Қаңтар айында тағы бір үлкен қалалардың бірінде жалғасады. Бұл 27 маусымда ЭКСПО-ның аясында өзіміздің туған жерімізде, Астана қаласында өткен концерттің жалғасы іспетті», деген Қ.Айтбаев концерттің ерекшелігі мен ұлының шығармашылығындағы жаңалықтар туралы айтты.
«Әрине, әр елдің тілдік ерекшелігіне байланысты концерттік бағдарламаларға өзгерістер енгіземіз. Яғни, ағылшын, француз тілдеріндегі әндерден бөлек қай елге барса сол елдің тіліндегі шығармаларға көбірек басымдық беріледі. Алайда, Димаштың кеші қай мемлекетте өтсе де әлемдік өркениетке қосылған қазақтың әндері ерекше дәріптелетіні сөзсіз. Бұл жағында халықаралық деңгейдегі көптеген композиторлармен жұмыс жасалып жатыр. Оның барлығы Димаштың репертуарына енгізілетін болады. Сонымен қатар, ән жинақтары да дайындалып жатыр», деді ол.
Қанат Құдайбергенұлының айтуынша Димаштың шетелде өтетін тұңғыш концертінің билеттері 20 қарашадан бастап ресми түрде сатыла бастайды. Алдын ала билетке тапсырыс бергендердің қарасы да көп екенін айтқан Қанат Айтбаев Қытайдан өзге елдерден де хабарласып жатқан жанкүйерлердің аз емес екенін, Қазақстандағы бірнеше фан клубтен де қазақ баласының әлемдік сахнадағы өнер кешіне баратыны туралы хабарламалар келіп түскенін жеткізді.
«Димаштың халқымыздың өнерін әлемдік сахнаға шығарсам, әлем жұртшылығы да қазақ музыкасынан сусындаса деген мақсаттары орындалып жатыр. Бала күннен берген сұхбаттарында айтып, шығармаларында жазған армандарына еңбектің нәтижесінде жетіп жатқанына біз де қуаныштымыз. Оған бұндай іс-шаралар үлкен серпін береді. Астанада өткен концертінен алған шабыт осы сахнаға шығуға жетелеп отыр. Сондықтан да Қытайдағы ән кеші шетелдегі ең ауқымды концерттердің алғашқысы болып саналады. Чаңша қаласынан кейінгі сахналарды көрерменнің сұранысына қарай отырып нақтылайтын боламыз», деді шығармашылық орталықтың жетекшісі.
Ал Қытай сайттарының жазуынша Чаңшадағы 100 мың кв метр аумақтағы халықаралық көрме орталығында өтетін əн кешін 30 мыңдай көрермен тамашалай алады екен. Бір қызығы, олар концерттің қай күні өтетіні белгілі болмай тұрып-ақ осы қалаларға билет алып, қонақ үйлерге тапсырыс та беріп қойыпты. Weibo.com сайтының хабарлауынша Димаштың Қытайдағы келесі шығармашылық кеші 2018 жылы 6 қаңтарда өтуі мүмкін.
Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»