• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 17 Қараша, 2017

Өтүкен оюлары

2106 рет
көрсетілді

Түркітанушы ғалымдар құнды еңбектерінде «Отыкен» немесе «Өтүкен» дейтін жер-атауын көп қолданады. Өйткені бұл жер – көне түркілердің ел болып, етегі жиналған, жұрт болып, жағасы құралған мекені. 

Осы далада туып, 740-шы жылдары жамбасы жерге тиген Шығыс Түркінің тоғызыншы қағаны Йоллығтегін бәдізінде: «...Өтүкен жерінде отырып, керуен жіберсең, еш мұңың жоқ. Сонда, түркі халқы, тоқ болатын едің...» десе, Шығыс Түркі хандығының іргесін қалаушылардың бірі – Тоныкөк абыздың күллі түркілерге қаратып айтқан атақты үндеуінде: «...Кім де кім бірлік байрағын көтеремін, ата жауға қарсы бірлесіп күресемін десе, Отыкенге келсін!» деген сөз бар. 

Сонымен айтпағымыз: Өтүкен (Отыкен) түркінің алтын бесігі екен. Ол жер қайда қазір? Түркітанушы ғалымдардың пайымынша, «Өтүкен» дегеніміз – Моңғолия жеріндегі Қанғай жоталары. Осы өлкеде көне түркіге қатысты үлкен-кішілі тас жазулар, аса құнды ғұрыптық кешендер бар. Соңғы жылдары бұл өлкеге археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу саласы бойынша Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) тәп-тәуір жұмыстар атқарып жатыр. 

Бірақ осындағы түркітану мәселесінде әлі де зерттелмей жатқан дүние көп. Соның бірі – көне түркінің палеоэтнография­сы. Яғни көне бабаларымыз қолданған тұрмыстық бұйым­дар мен қолданбалы өнер туындылары мұра ретінде (стил­дік ерекшелігі, пәл­сапалық мәні, көр­кем­­дік мазмұны, т.б.) әлі зерттелген жоқ.

Мысалы, Ұлан-Батырдың іргесін­дегі Тоныкөк абыз ке­шенінде тас жазулармен қатар үлкен төрт тас кілем бар (1-сурет). Жалпақ тастың бетіне ас­қан шеберлікпен қашалған ою-өрнектің сипаты керемет. Осыдан 1300 жыл бұрын тасқа бәдізделген ою мәнері сол қалпы сақталған. Тіпті бұл оюдың стилін дәл қазіргі қазақ оюлары арасынан да кездестіре аласыз. Бұл бір.

2-сурет

Екінші ғажайып дүние – 2003 жылы Қангай-Кентай өл­ке­сіне жүргізілген қазба жұмыстары кезінде оюлы шапан (2-сурет) табылды. Моңғол ғалымдары бұл жәдігерді ХІІ-ХIV ғасырларға тән, яғни Шыңғыс ірге­сін қалаған Моңғол хандығының мұра­сы деген пікірге тоқ­тапты. «Жоқ, олай емес, бұл ғұндар заманының жәді­гері» деушілер де бар екен. Бірақ шапандағы ою-өрнектің стилі бүгінгі қазақ оюларынан аумайды. Қажет десеңіз, ұлт мұрасының жанашыры, оютанушы Арқалық қаласының тұрғыны Шөптібай Байділдиннің 2011 жылы жарық көрген «Ою ой, өрнек сал» дейтін кітабындағы 5000 түрлі оюмен шендестіріп көре салыңыз. 

3-сурет

Мұны аз десеңіз, тағы бір жаңалық – 2012 жылы Отыкен даласының дәл орта қойнауы Қозғыр төбеден жас сәбиді орап жерлеген ХVІ ғасырдың сырмағы табылды (3-сурет). Басқаны білмеймін шығыс өлке қазақтарында мәйітті сырмаққа салып жөнелту рәсімі кейбір жерлерде әлі сақталған. Сырмақтың оюларына қарасаңыз, мұндай дүниені дәл қазір ауылдағы қазақтың әрбір үйінен табасыз. Оюлы шапан мен сырмақ қазір Ұлан-Батырдағы Тарих мұражайында сақтаулы тұр.

Айтпағымыз: арада 12-13 ғасыр өтсе де, палеоэтнографиясы бұзылмай сақталған қазақтан басқа халық бар ма екен?!. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»