Қысқа ғұмыр кешкенімен артында өшпестей із қалдырды. Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанған Досбол Сапар Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімде жауынгерлік қызмет атқара жүріп, 2016 жылдың 6 маусымында болған лаңкестермен ұрыста қаза тапты.
Бұл оқиға ел есінде. Аман-сау жүргенде Досбол 20 жасқа толатын еді. Шардара ауданындағы Көксу ауылдық округіне қарасты Айдарқұл-Қашар елді мекенінде өмірге келген батыр ұлды туған-туыстары мен дос-жарандары, ұстаздары мен ауылдастары жақында С.Ерубаев атындағы жалпы орта мектебінде өткен іс-шара барысында еске алды.
«Бейбіт күннің батыры» тақырыбымен өткізілген кеште Досбол туралы арнайы фильм көрсетілді. Мектеп директоры Бибімәриям Қарсақбаева алдымен қонақтарды Досбол Сапарға арнап жасалған бұрышпен таныстырды. Ұстаздары үнемі жымиып жүретін, тапсырмаларды тындырымды орындайтын тілалғыш шәкіртін тебірене еске алды. Жүректен шыққан жыр шумақтарын арнады. Қыршын кеткен ұлына деген сағынышын анасы Жұлдыз Құдабаева да жыр шумақтарымен жеткізді. Әкесі Еркінбек Әбдіқадыров мектеп ұжымына алғыс айта отырып, Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлім шығарған кітапты сыйға тартты.
– Біз Досболды неліктен батыр деп айтамыз? Себебі ол қара ниетті қаскөйлердің алғашқы шабуылына тойтарыс берді. Егер Досбол мен қасындағы серіктері жауға қарсы тұрмағанда олар қару-жарақ бөлмесіне басып кіріп, мыңдаған адамның өмірін қиятын еді. Сондықтан да бүгінгі іс-шараның маңызы өте зор. Алдағы уақытта мұндай еске алу кешін аудандық деңгейде ұйымдастырса, жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні жоғары болады деп ойлаймын, – деді ауыл тұрғыны Тұрсынқұл Байтұрғанов.
Жиын соңында Досбол Сапарды еске алуға арналған волейбол жарысы ұйымдастырылып, арнайы ас берілді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»