• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Қараша, 2017

Алаш деп соқса жүрегің...

515 рет
көрсетілді

Көптен таныс едік.

Аса қатты араласып­ кетпесек те, сырттай сыйлас­тығымыз бар-ды. Әлбетте, мына қамшының сабындай қысқа өмірде талай-талай кісілермен осылайша алыстан сыйласып қана, ұзақ ғұмыр бойы жақын сырласа алмай, өмірден өте беруің де ғажап емес.

Бізге Алла тағала өзінен-өзі жол ашып, өте жақын араласуға, тіпті тонның ішкі бауындай болып сыр алысуға мүмкіндік туғызғаны бар.

Бір жолы менің «Қуана бі­ле­йік, ағайын» деген ой­толғам мақа­лам «Егемен Қа­зақстан» газетіне жария­ланды да, жан-жақтан телефон шалушылар, пікір білдірушілер қаптап ала жөнелгені.

Сөйтіп жүрген күндердің бірінде маған тағы бір телефон қоңырауы болған. Труб­каны көтердім. Арғы жа­ғынан өзіме өте таныс үн ес­тілген.

– Әлло, бұл мен ғой! Сар­пеков!

– Оу, Рекеңбісіз?

– Иә, өзімін. Ал енді неге шұғыл телефон соқты дерсіз. Міне, менің алдымда «Егемен Қазақстан», сондағы сіздің мақа­лаңыз­ды бас алмай екі-үш рет оқы­дым.

– Ой, рахмет!

– Әңгіменің аяғын тың­даңыз. Мен тап қазірден бастап осы мақалада көтерілген мәселе төңірегінде ой қозға­ғым келеді. Жазуға отырамын. Сол жайы­нан сізбен ке­лісіп алғым келген...

Ә дегенде не айтарымды білмей, кібіртіктеп қалып, артынан былай дедім:

– Жазыңыз! Әр кісі өз пі­кі­рін білдіруге әбден-ақ құ­қылы. Оны заң саласының білгір маманы сіз менен гөрі жақсы білерсіз, әрине!

 

*  *  *

Бұл 2010 жылдың күз айы болатын-ды.

Рамазан Құмарбекұлы екеу­міз кездесе қалдық. Ол сөз ыңғайын өткен ғасырға, кешегі Алаш ардақтылары тағдыры төңірегіне бұра берген.

– Олар бір-бірінің қадірін білген, жақсысын жасырмай айтқан. Ардақ тұтқан. Бұл бағытта өзіңіздің біраз еңбектеріңіз бар, оны да айтуға тиіспіз! – деген.

Мен іштей ыңғай­сыз­данып, кібіртіктеп қалып едім,­ Рамазан одан сайын ек­піндеп сөйлеп кеткен.

Әңгіме – ХХ ғасыр ба­сын­дағы Алаш зия­лылары тағдыры жайында тереңдеп бара жатқан-ды. Менің С.Қо­жанов, Н.Төреқұлов, С.Сапарбеков, М.Жұмабаев, т.б. кісілердің өмір жолы мен ­қай­рат­керлігі турасында жаз­ған ең­бектеріммен танысып қана емес, астын сыза оқы­пты. Осы жайынан айта отырып, сөз кезегінде:

– Мына Торғай жағында Нұрғали Құлжанов деген үлкен жүректі алашшыл қайраткер өткен, – деді.

– Ол кісі ана Нәзипа Құл­жанованың ағасы болар.

– Жоқ, ағасы емес, күйеуі.

– Солай ма еді...

Сол-ақ екен, Рамазан Құ­марбекұлы Нұрғали мен­ Нәзипа Құлжановтар өмі­рінен салалы әңгімені бас­тап жіберген. Олардың өмір жо­лынан аз-кем хабарымыз болғанымен, тап мынадай тарихи деректерді бұрын-соңды еш жерден кездестіре қоймаппыз.

– Олар Орынбордағы екі­ жыл­дық мұғалімдер мекте­бінде жүргенде табысқан, Нұрғали ол кезде мұғалім болыпты, – деді. – Ал, 1905 жылы Семей қаласына келіп, екеуі де қаладағы семинарияда сабақ беріп, ұстаздық еткен.

Осыны айта келіп, Нұр­ғали Құлжановтың өмірден ерте озғанын, оның есімі өте аз айтылатынын, әйтпесе, нағыз алаш жүректі азамат болғанын жан-жақты сөз етті.

Мен Рамазанның қыз­ғы­лықты әңгімесінен бір деректі естіп, расымен таң­дана түскем.

1914 жылы ұлы ақы­нымыз А.Құнанбаевтың қайтыс болғанына он жыл толуына орай Нұрғали мен Нәзипа Семейде үлкен мә­де­ни жиын өткізіп, Абай өлең­дерін оқытып, ән шыр­қа­тады. Ең қызығы – олар сол кезде аты енді ғана шы­ға бастаған жас жазушы Мұх­тар Әуезовтің «Еңлік-Ке­бек» пьесасын сахналауға мұрындық болған. Ондағы рөл­дерді Ж.Аймауытов, Қ.Сәт­баев, М.Әуе­­зов т.б. ой­на­ған.

Міне, бұл да аса сирек айтылып жүрген тарихи оқиға! Қазақ теа­тр өнері жайынан сөз бола қалса, осы дерек әр­да­йым есте болса, артық емес.

Р.Сарпеков маған мұны ғана емес, кө­ңілге ой салар тағы бір де­ректі жеткізді.

1910 жылы жер­гілікті өкімет алашшыл – А.Байтұр­сы­новты қудалауға ұшы­ра­тып, әбден шаршап жүрген шағында азамат Нәзипаға өлең­мен хат жазған екен.

– Рахатсыз өтсе де өмір жасым,

Бұл жөнімнен құдайым, айырмасын!

Ұзақ жолға ниет қып бір шыққасын,

Жарым жолда қайтпас­пын, қарындасым!.. – деп басталатын жыр-өлең осы күнгі архивте бар болуы да мүмкін екен.

Бұл да елеп-ескерер дерек көзі десек, жөн-ақ!

 

*   *   *

Осынша көп тарихи құ­жаттар мен деректерді қалай жинап жүргенін сұраймыз ғой баяғы. Әуелде Рамазан сол Торғай топы­рағында туып-өскен азамат болар деп те ойлағанбыз. Рамазан Құ­марбекұлы осы тұста күле тү­сіп, ішкі құпия сырын да жа­сырмады.

– Жолтай-ау, мен ұзақ жыл заң саласында еңбек ет­тім. Негізінен туған жерім Талдықорған өңірі болса да, Торғай топырағында ұзақ уақыт тұрақтадым. Аудан­дық, облыстық сот жүйесіне басшылық еттім. Әл­гіндегі әң­гімелерді мен сол елдегі көзі ашық­ ақсақал-қа­расақалдардың аузы­нан ес­тідім. Сөйтіп кө­ңілге түй­дім, қойын дәптеріме жазып жүр­дім.

Жә, әңгімені есту бар да, оны ойша қорытып, өзге жұртқа жеткізе білу тағы бар.

Біз білетін Рамазан Сар­пе­ков­ сондай көкірегі ашық, ойы ояу азамат. Ол, ең­ бастысы, жүрегі алашшыл жан. Алаш зиялылары хақында сөз-әңгіме қозғалса, ұшар құстай қомданып ала жөнеледі.

Ол кейінірек сол Тор­ғай елінен Парламент Мәжілі­сінің депутаты болып сайланып, екі шақырылым бойы отырды. Көп­теген заң жобаларына үн қосып, пікір білдіріп, сауатты шығуына ық­пал етті.

Сөз қадірін білетін, сөз­ді құр­мет тұтатын алаш жү­ректі осындай асыл азаматтар арамызда көп болса, түбі қазақ елі бақытты болар-ақ!

Сөз басында біз «Қуана бі­лейік, ағайын» деген ма­қала туралы айтып едік. Сол мақаланы маңыз бере оқыған азамат – Рамазан Құмарбекұлы ойымызға ой қосып еді. Шабытымызға ша­быт жалғағандай болып еді. Бүгін де сол бір ізгі ой санамызда сақталып қалыпты.

 

 

Жолтай ӘЛМАШҰЛЫ