Қарағанды облысындағы Көкпекті станциясында қайғылы жол апаты болды. Полицияның мәліметінше, Enduro маркалы мотоцикл тізгіндеген 17 жастағы жасөспірім сегіз жастағы қызды қағып кеткен. Ауыр жарақат алған бала оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мотоцикл жүргізушісі де жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Аталған жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, жасөспірімнің ата-анасына қатысты тергеу басталды. Олар көлік жүргізу құқығы жоқ адамға мотоцикл басқаруға рұқсат берді деген күдікке ілінген. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл абайсызда адам өліміне әкелген.
Қарағанды облысы полиция департаменті қауіпсіздікке салғырт қарау орны толмас қайғыға соқтыруы мүмкін екенін ескертті.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысындағы көлік тізгіндеген жасөспірім 12 жастағы баланы қағып кеткен еді.
Ақтаудағы 27-шағынауданда полиция қызметкері басқарған көлік 1,5 жастағы баланы қағып кетіп, сәби оқиға орнында қайтыс болды.