• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қараша, 2017

«Тулақ шашу» туралы не білесіз?

1980 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұмыт бола бастаған дәстүрді жаңғырту, ел арасында кеңінен насихаттау мақсатында жуырда «Тулақ шашу» деп аталатын айрықша іс-шара ұйымдастырды. 

«Тулақ шашу» деген не? 

– Халқымыз əрбір іс, шаруаның басталу-аяқталу сəтін жай өткізбей, оны атап өтіп және соған сәйкес əдет-ғұрыптар, ырымдар жасап отырған. Соның бірі – жұрттың бəрі біле бермейтін «Тулақ шашу» салты. Киіз, текемет басатын үй оған қатысатын əйелдерге жүн сабар алдында «Тулақ шашуын» шашып, жиналған қауымға ас беріледі. Киіз басу – қазақтың көнеден келе жатқан қолөнері. Киіз басудың негізгі технологиясы өкінішке қарай, бүгінгі жастарға беймәлім. Баяғыдан бері жалғасқан дәстүр – киіз басудың да астарлы саясаты бар. Ол елдің еңбек әлеуетін ғана танытып қоймайды. Ауыл әжелері мен көрші-қолаң, абысын-ажынның татулығын бекем етеді. Жетекке ерген жеткіншектерді де желпіндіре отырып, еңбекке баулиды, – дейді аталған шараны ұйымдастырушылар.

Ақшаңқан киіз үй тігіліп, ауыл өнер­паздарының да концерттік бағдарламасы тамашаланған бұл күні әжелер шеберлік сабақтарын өткізіп, киіз басу өнерінің қыр-сырын өз дәрежесінде көрсете білді. Іс-шара соңында белсене атсалысқан азаматтарға облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының басшысы Жәнібек Тағаев «Алғыс хаттар» табыстап, кәдесыйлар ұсынды.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»