• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Қараша, 2017

Берекелі «Baikonyr Invest»

643 рет
көрсетілді

Қызылордада ІХ «Baikonyr Invest» форумы өтті. Оған халықаралық және отандық бизнес өкілдері, қаржы институттарының, шетелдік және еліміздегі корпорациялар мен ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері, дипломаттар қатысты. Сонымен қатар Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран, Түркия, Оңтүстік Корея, Малайзия, Польша мемлекеттерінен арнайы делегациялар келді.

Пленарлық мәжілісті «Management System Consulting Corporation» компаниясының басқарушы директоры Озат Байсеркеев жүргізді. Жиында сөз сөйлеген Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтың инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталды. 

Қамбасы дәнгетолған Қызылорда

Жалпы, өңір экономикасының ілгерілеуіне индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасы тың серпін берді. Бағдарлама аясында аймақта 20 жоба жүзеге асса, оның ішінде облыс елді мекендерін газдандыру жұмысы да бар. Жуырда «Қараөзек» газ-компрессорлық стансасы іске қосылды.

Ол еліміздің солтүстік аймақтары мен Астанадағы газ құрылысы жұмыстарын бастауға мүмкіндік береді. Келер жылы облыста үш тотықты молибден шығаратын кәсіпорын іске қо­сылады. Өнім экспортының негізгі көлемі Жапонияның үле­сінде болады. Алдағы жылдың шілде айында шыны зауытының алғашқы өнімін шығару көзделген. Сондай-ақ келер жылы құрылыс саласында ғана емес, мұнай-газ және уран өндіруде кеңінен қолданылатын тампонажды цемент шығаратын зауытты да іске қосу жоспарланған. Облыс басшысы британдық инвесторлармен бірлесіп «Баласауысқандық» ванадий кен орнында қара тақта тасты автоклавта өңдейтін жоба жүзеге асырылып жатқанын айтып өтті.

– Қазір 110 тонна аммоний метаванадатын Тайваньға экспорттап үлгердік. Бұдан бөлек Қызылордада ферроқорытпа зауытын салу жобасын іске асыру бағытында жұмыс істелуде. Ал газ поршеньді электр стансасының іске қосылуы электрмен қамта­масыз етуді жақсартып, аймақта өнеркәсіптің дамуына мүмкіндік береді.

«Шалқия» қорғасын-мы­рыш кен орнында кен байыту ком­бинаты мен газ-турбиналы электр стансасының құрылысын бастадық. 2019 жылдан бастап кен байыту комбинаты 2 миллион тонна, ал 2020 жылға қарай 4 миллион тонна кен өңдейтін болады. Комбинаттың іске қосылуы 1500 жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ осында гидрометаллургиялық зауыт құрылысы жобасын дайындау ісі басталды, – деді облыс әкімі.

Осы және басқа да индустрия­лық бағыттағы жұмыстарды атап өткен Қырымбек Елеуұлы шағын және орта бизнесті дамытуға, туризмді өркендетуге кеңінен көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.

– Қызылорда облысы Қазақ­стан күрішінің 90 пайызын өн­діреді. Облыстағы үш ауданда егілетін күріш республика хал­қын толықтай қамтамасыз етуге жетеді.

Соңғы бірнеше жылда облыс диқандары рекордты көр­сеткіштерге қол жеткізіп, әр гектардан 56 центнерден өнім алды. Аграрлық саланы дамыту жұмыстарының арқасында ауыл­шаруашылық өнімдері басқа елдің нарықтарына шығарылып жатыр, – деп атап өтті облыс әкімі. Сондай-ақ Иран Ислам Республикасының Мазандаран және Гүлістан провинцияларында жұмыс сапарымен болып, ынтымақтаса жұмыс жасау жөнінде 8 меморандумға қол қойылғанын мәлім етті.

Соңғы бір жылдың өзінде аймақта ауылшаруашылық өнім­дерінің экспорты – 48, ал күріш экспорты 53 пайызға артты. Агро­өнеркәсіп секторында өсімдік ша­­руа­шылығын әртараптандыру бағдарламасы нәтижелі жүзеге асырылуда. Соңғы 3 жылдың ішінде малазықтық дақылдар, майлы дақылдар және азықтық дән алқабы 6 мыңнан астам гектарға артқан. Өндірістік негізде картоп, көкөніс және бақшалық дақылдар өндірісін дамыту жұ­мыс­­тары басталды. Оған қоса осы кезең ішінде күріштің жалпы өнімі 20 пайыздан астамға өсті.

Биыл аймақта 500 мың тоннадан астам күріш жиналды. Су ресурсын тиімді пайдалану бойынша Өзбекстанмен нәтижелі жұмыстар атқарылды. Облыс әкімі, әсіресе ауыл шаруашылығы саласында көрші өзбек ағайындармен бірге атқаратын жұмыстар бар екеніне тоқталды. Бұл елдің ауыл­шаруашылық техникаларына да қызығушылық артқан. Өз кезе­гінде облыс әкімі цифрлы технологиялар мен ЭКСПО-2017 көрмесінен соң атқарылып жатқан жұмыстарды саралап өтті.

– Шілде айынан бастап «Microsoft» компаниясымен жұ­мыс жасай бастадық. Облыста онлайн-оқыту арқылы заманауи инженерлік-компьютерлік технологиямен жұмыс істейтін жоғары кәсіби мамандарды бір­лесе дайындау жұмыстары бас­талды. Сонымен қатар бір­лескен ғылыми-зерттеу және тә­жірибелік-эксперименттік жұмыстар жүргізу мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің базасында «Microsoft» академиясының офисін құру туралы келісімге қол жеткізілді.

ЭКСПО аумағын қолдана отырып, Мәскеу болат және қорытпалар институтымен бірге Қызылордада машина құрастыру, 3D принтерінің көмегімен түйіндер мен детальдар өндіруге бағытталған мәскеулік ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығының баламасын құру жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бүгінде Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық пен тиімді серіктестіктің арқасында аймақ мектептерінің 452 түлегі Мәскеу мен Санкт-Петербургтің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.

Енді Мәскеу мемлекеттік университетінің грантымен 20 баламыз оқитын болды, – деді облыс әкімі. Сөз соңында Қ.Көшербаев Қызылорда облысында­ ин­вес­торлар үшін қолайлы жағ­дай жасалғанын, олармен ынты­мақ­таса жұмыс істеуге ынталы еке­нін атап өтті.

 

Ынтымақтастық ырысты арттырады

Содан кейін мінберге Сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев көтерілді. Вице-министр осындай іс-шараға қатысу үлкен мәртебе екенін айтып, бұл форум отандық кә­сіп­керлерге жақсы мүмкіндік бе­реді деді.

Елбасымыздың «Қа­зақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында көтерілген мәселелерге орай бірқатар шара­лар атқарылуда.

Үкімет шет­елдік инвесторларға қолайлы жағ­дай туғызу мақсатындағы жұ­мыстарды жалғастырып келеді. Инвестицияларды тарту бойынша Ұлттық жоспар қабыл­данып, жеңілдетілген салық ре­жі­­мі жұмыс істеуде. Ұлттық заң­­намалар мен халықаралық-құ­қықтық база әрдайым жетіл­ді­рілуде, инвестициялық жеңіл­діктер пакеті ұлғаюда.

Жалпы, инвестициялық фо­рум­ның берері көп. Бай­қоңырдағы тіршіліктің жаңғырып, жандана түсуіне осы шаралардың да септігі тиері анық. Бұл туралы Қорғаныс және аэроғарыш өнер­кәсібі министрлігі Аэро­ға­рыш комитетінің төрағасы Еркін Шаймағанбетов атап өтті.

Қазақстан үшін ғарыш са­ла­сының алар орны ерекше. Елімізде дүние жүзіндегі ең ірі «Байқоңыр» ғарыш айлағы ор­наласқан. Елбасының ғарыш қыз­метін іске асыруға қолдау көр­се­тіп, оған ерекше назар аударып отыр­ғаны баршамызға мәлім. Тәуелсіз еліміздің ширекғасырлық тарихындағы жетістіктеріміз сол нақты тапсырмалардың нәти­желері екенін атап өткен жөн.

Одан әрі сөз алған Байқоңыр қа­ласы әкімшілігі басшылығының орынбасары Евгений Чулков қаланың бүгінгі тыныс-тір­шілігіне тоқталды. Жалпы, бү­гі­нгі Байқоңырды әлемдік ғы­лым мен техниканың ең озық жетістіктерінің тоғысы, адамзат ақылының шоғырланған жері десек, қателеспейміз. Қазіргі күні қазақ елі Ресеймен тізе қосып, ғарышты игеру жолында ауқымды жобаларды қолға алып отыр.

Қазір «Байқоңырды» ғарышқа бағытталған моноқала есебінде ғана емес, өнеркәсіп пен жоғары технология орталығы ретінде дамыту қолға алынды. Айлақтан «Бәйтерек» жаңа ғарыш зымыран кешенін салу көзделіп отыр. Бұл бастамаға Қазақстанмен бірге Ресей тарапы да мүдделі. Екі мемлекет дамудың жаңа жобасын жасап, тиісті шараларды бастап та кеткен. Оның іске қосылу уақыты 2025 жылдан 2022 жылға ауыстырылды.

Иранның Гүлістан провинциясы экономиканы үйлестіру жөніндегі департаментінің директоры Юсеф Басанжиде екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жұмыстарға тоқталды. Иранмен арадағы байланыс жыл санап жақсарып келеді. Жуырда облыс делегациясы Иранның Мазандаран, Гүлістан провинцияларына жұмыс сапармен барып қайтқанын айтты.

Сол сапар барысында иран кәсіпкерлерімен жергілікті күріш сорттарын аймақта өндіруді қаржыландыру және өндірген өнімді түгел Иранға экспорттау жөнінде келісімге келді. Биыл күріштің алғашқы 60 тоннасы Иранға экспортқа жіберілетін болса, алдағы жылдары ирандық күріш сорттарын 5 мың гектарға жеткізу көзделуде.

Жиын барысында «Арал­Сода» «Қазақстан-Қытай бір­лес­кен кәсіпорны» АҚ бас­қар­ма төрағасы Динг Чао Ран жә­не түркиялық «Yıldızlar SSS» холдингі энергетикалық тобының басшысы Эртем Суат, Корея Республикасының Қазақстандағы Бас консулы­ Мин Джон Сын, еліміздегі Поль­ша Республикасы елшісінің кеңес­шісі Скшидло Анджей сөз сөй­леп, ынтымақтастық аясында атқа­рылып жатқан жұмыс­тарды атап өтті.

Пленарлық мәжіліс соңында облыс әкімдігімен және аймақ кәсіпкерлерімен Түркия, Қытай, Иран, Польша, Ресей, Өзбекстан елдерінің компанияларымен бір­қатар меморандумға қол қойыл­ды.

Бұған дейінгі форумдар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жобалардың жүзеге асуына негіз болған еді. Тоғызыншы форум да өңір ком­панияларының шетелдік және отандық инвесторлармен өзара тиімді әріптестік орнатуына, бизнес пен ғылым салаларының және билік өкілдерінің инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда, аймақ экономикасын әртараптандыруда, жетілдіруде күш біріктіруіне мүмкіндік туғызды.

 

Туған жерге туыңды тік?

«Baikonyr Invest» инвес­тициялық форумы аясында «Туған жерге тағзым» шарасы өтті. Модератор, облыс әкімінің орын­басары Руслан Рүстемов осы жолғы инвестфорумның ерек­шелігі аймақ басшысының бастамасымен туған жер тақырыбының енгізілуі екенін атап өтті. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық ма­қа­ласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деген еді.

Секция жұмысын облыс әкімі Қ.Көшербаев ашып, құттықтау сөз сөйледі.

– Ықылым заманнан бері Ұлы далада «еліңде кімің бар?» деп сұ­рақ қоятын дәстүр бол­ған. Тұл­ғалы, қабырғалы азамат­тар ар­қылы елдің келбеті қа­лып­та­сады. Елге қажет болғанда жау бет­ке – білектісін, дау бетке жү­рек­тісін қояды, жарастыққа жа­қ­­сыларын жұмсаған. Біздің Сыр елі­нен шыққан қабырғалы азамат­тар мол, олар елдің ішінде жүр­се де, сыртта жүрсе де біздің мақ­та­ны­шы­мыз, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.

Елбасы тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында «алдымен экономика, содан соң саясат» деген ұс­таныммен елдің әлеуметтік-эко­номикалық өркендеуіне баса мән берді. Саясат алға шығып кет­кен мемлекеттердегі бейберекет тірлік біздің көз алды­мыз­да. Қазір Орталық Азия елде­рін­дегі инвестицияның 87 пайызы Қазақстанға келген. Бұл – Елбасының сарабдал саясатының нәтижесі.

Енді адам мен сананың сапасына көңіл бөлетін кезең келді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағ­дарламалық мақаласында пат­риотизмнің бастауында кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауы­лыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни ту­ған жеріңе деген сүйіспеншілік тұратынын атап көрсеткен.

Сыр елі – Алаштың анасы болғандықтан, рухани жаңғыру мәселесінде ньюсмейкер болуы керек. Бұл орайда барлық жаңа­лықтар, ұлтымыздың мүддесі мен рухани жетілуіне, ұйысуына, рухани құндылықтарды дәріптеуге қатысты бастамалар Сыр елінен бастау алуы тиіс.

– Сыртта оқыған жастардың туған жерге, Отанға деген сүй­іс­пеншілігі ерекше болады. Жа­қында Мәскеудегі студенттермен кездескенімде, олардың бөл­мелерінен қазақтың күйлері жа­зыл­ған дискілерді, Туымызды көрдім. Бір жас жігіт Қызылордада жүргенде домбыра үйренуге мән бермепті. Қазір домбыра үйренуге ден қойып жүр екен. Міне, осындай жастарды қолдау, демеу керек деп ойлаймын, – деді аймақ басшысы.

Ресей ЖОО-ларын бітіруші жастардың ең таланттыларын «Сколково» инновациялық орта­лығының магистратурасына­ оқы­ту да жоспарланған. Өйт­кені білімді жастардың елге қайт­қанынан гөрі, сондай орталықта тәжірибе жинақтағаны, кейін сол тәжірибесін елдің игілігіне жарат­қаны пайдалырақ.

Секция жұмысына қатысқан композитор Кеңес Дүйсекеев рухани жаңғыру іс жүзінде бұдан біршама уақыт бұрын басталып кеткенін айтты. Қызылордада «Туған жер», «Сәлем саған, туған ел» сияқты әсем әндердің авторы атындағы конкурс дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Композитор жас таланттарды қолдау, қазақ әнін дүние жүзіне таныту жолында еңбек етіп келе жатыр.

Басқосуда «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп аймақтың соңғы жылдардағы даму үрдісін «Сырым менің, сырласым» атты деректі әңгімелер жинағына арқау етіп, қаламгерлік, перзенттік парызын өтемек ниеті бар екенін, сондай-ақ ға­рыш тақырыбында шығарма жазу көптен бері ойында пісіп-жетіл­генін айтты.

Сондай-ақ ол жас тілшілерді «Айқын» газетінде та­ғылымдамадан өткізу, Сыр өңірі ту­ралы жаңа әндерге конкурс жа­риялау туралы ұсыныстарын жеткізді. Оған қоса Қызылорда облысының фотошежіресін жасаған байырғы фототілшілер Болат Омарәлиев пен Сайдхасан Хутаевтың суреттерін цифрлық форматқа көшіру, Сыр бойының жыраулық дәстүрін насихаттау, туған жерді көгалдандыру үшін «1001 ағаш» акциясын бастау туралы ойларын айтты.

Секция жұмысына қатысқан «Нұр-мүбәрак» университетінің проректоры Шамшәдин Керім дінтанушылар мен имамдарды, теолог мамандарды даярлауда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сыр өңіріндегі діни ахуалдың тұрақтылығына жо­­ға­ры баға берді. Білікті тео­логтер даярлаудағы ынты­мақ­­тас­тықты арттыру туралы ұсы­ныс білдірді.

 

Жаңа зауыт ашылды

Инвестициялық форум аясында жаңа күріш өңдеу зауыты іске қосылды. Елдің ырысы мен берекесін арттырып, қамбасын дәнге, даласын әнге толтырып отырған халық үшін бұл үлкен қуаныш. Облыстың экономикалық та, әлеуметтік те мәселелеріне оң ықпал ететін жаңа кәсіпорынның ашылу салтанатына облыс әкімі Қ.Көшербаев қатысып, зауыт жұмысына сәттілік тіледі.

«Абай Дәулет» ЖШС-ға қа­рас­ты кәсіпорын толықтай жаңа технологиямен қамтылған. Зауыт директоры Дәулет Сәрсенбаевтың айтуынша, өндіріс орны сағатына 7 тонна ақ маржанды өңдеуге қауқарлы. Сондай-ақ кәсіпорын қалдықсыз өндірісті қолданады. Сұрыпталып, қапталған өнім үлкен сыйымдылықтағы қойма­да сақталады. Ең бастысы көп­теген жұмыс орны ашылып, тұрғындарға табыс көзі табылмақ. Іскер азаматтың оң бастамасына алғыс білдірген аймақ басшысы күріш ырысты болсын деген тілегін жеткізді.

– Кеңес заманында Краснодар аймағы мен Қызылорда облысы бүкіл Одақты күрішпен қам­та­масыз еткен болатын. Тә­уелс­із­діктің алғашқы жылдарын­да қиыншылықтар кезігіп, кү­ріш шаруашылығы тұралаған еді. Елбасының қолдауы арқа­сын­­да бұл сала қайта жанданып, Сыр маржанының даңқы қайта асқақтады.

Оған дәлел ре­тінде жыл сайын рекордтық көр­сеткішке қол жеткізіп келе жатқандығымызды айтсақ болады. Міне, қазір үлкен зауытты іске қосқалы тұрмыз. Осы кә­сіп­орынның арқасында 80-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Жос­пар бойынша 100-ге жеткізу де көзделіп отыр. Соңғы технологиямен жарақталған осындай өндіріс орын­дарының арқасында әлеу­мет­тік мәселелер де шешілетін болады, – деді Қырымбек Елеуұлы.

Жалпы алғанда, ІХ «Baikonyr Invest» форумы сәтті аяқ­талды. Шара аясында бірқатар ме­морандумға қол қойылып, инвесторлармен келісімдер жасалды.

 

 

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы