Қазақстан экономикасы үшін Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен 2010 жылы қабылданған еліміздің 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы экономикалық жетістіктердің драйверіне айналды.
Осы өміршең бағдарламаны жүзеге асыру жылдарында республикамыздың қайта өңдеу өнеркәсібі саласында жүздеген жаңа өндіріс орындары ашылып қана қоймай, сонымен бірге ел экономикасы үшін мүлде жаңа өндіріс салалары ашылды. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы еліміздің қайта өңдеу өнеркәсібі саласын дамудың жаңа баспалдақтарына көтеріп, оны өнеркәсіпті дамытудың локомотивіне айналдырды. Мәселен, 2015-2016 жылдар аралығында қайта өңдеу өнеркәсібі саласында осы бағдарлама аясында жалпы құны 1,7 триллион теңгені құрайтын 258 ірі жоба жүзеге асырылып, 21 мың жаңа жұмыс орны қалыптасты. Сонымен бірге тек үстіміздегі жылдың жеті айы ішінде жалпы құны 490 миллиард теңгені құрайтын 32 ірі жоба іске қосылып, 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
ҮИИД бағдарламасын іс жүзіне асыру мақсатында Қазақстанның индустрияландыру картасы жасалып, бекітілген болатын. Индустрияландыру картасы екі бөлімнен тұрады. Біріншісі – өңірлік карталар, онда облыстарды дамытуға бірінші кезекте қажетті нысандар шоғырландырылған. Екінші – республикалық карта. Мұнда орталық атқарушы органдар мен мемлекеттік холдингтер тікелей бақылауға алған индустриялық-инновациялық даму жоспарының негізгі нысандары топтастырылды. Қазақстанның индустрияландыру картасына енгізілген ірі жобаларды пайдалануға беру нәтижесінде ел экономикасы дамудың жаңа биік белестеріне көтерілді. Индустрияландыру картасы шеңберінде екі бесжылдыққа негізделген бағдарламаның алғашқы бесжылдығында құны 3 триллион теңге болатын 770 жоба іске қосылды. Оның ішінде 65 жоба шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асты. Алғашқы бесжылдықта іске қосылған өндіріс ошақтары 4 триллион теңгенің өнімін өндірді. 75 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында пайдалануға берілген нысандар шығаратын өнімдердің 23 пайызы экспортқа бағытталған.
Үстіміздегі жылдың соңына дейін индустрияландырудың екінші бес жылдығының аясында жалпы құны триллион теңгені құрайтын жүзге жуық кәсіпорын іске қосылады. Олар отандық экономиканы жаңа деңгейге шығаратын индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына жоғары мультипликативті тиімділік әкелмек. Осы ретте ҮИИД бағдарламасы шеңберінде биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін бірқатар ірі жобаларды тілге тиек етейік. Атап айтқанда, Екібастұз қаласындағы «Проммашкомплект» ЖШС-нің базасында іске қосылатын темір жол вагондарының доңғалақтарын шығаратын ірі өндіріс ошағы пайдалануға берілмек. Бұл Қазақстанда темір жол доңғалақтарын және жолдарды ауыстырудың тетіктерін жасап шығаратын алғашқы ірі зауыт болып табылады. Орталық Азияда оның баламасы жоқ. Қазақстан Даму банкінің қаржыландыруы негізінде жүзеге асырылып жатқан жобаның жалпы құны 50 миллиард теңгеден асады. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істей бастаған кезде 400 жаңа жұмыс орны ашылып, шығарылатын өнімнің 40 пайызы ішкі сұранысты, ал қалған 60 пайызы Иран, Әзербайжан, Ресей және Түрікменстан елдеріне экспортқа шығарылатын болады.
Қапшағай қаласында «Роллтон» және «BIGBON» сауда маркаларының бірден-бір иесі, әлемге әйгілі азық-түлік өнімдерін өндіретін Mareven Food Holdings компаниясы жалпы құны 6,4 миллиард теңгені құрайтын азық-түлік және жартылай фабрикаттар шығаратын зауыт құрылысын салып, пайдалануға бермек. Сонымен бірге бұл зауыттың жеке логистикасы және азық-түлік тауарларын сақтайтын инфрақұрылымдық қойма жүйелері салынады. 900 мың қорап дайын өнім шығаратын зауыт Қазақстанның ішкі сұранысын толық қанағаттандырып, өнімдерін көршілес Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Моңғолия елдеріне экспорттайтын болады.
Индустрияландыру бағдарламасы аясында «Maker» ЖШС – Қарағанды машина жасау-құю зауыты «БРК-Лизинг» компаниясының қолдауымен кәсіпорынды түбегейлі жаңғырту жұмысын қолға алды. Бұл жобаның құны 60 миллион АҚШ долларын құрайды. Өндірісті жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін зауыттың өнім шығару әлеуеті үш есеге дейін артады. «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының аумағында «СибИнвестГрупп» ААҚ (Ресей) және LVG GmbH компаниясы (Германия) сияқты инвесторлардың қатысуымен алюминий қосындыларын шығаратын ірі өндіріс ошағы пайдалануға беріледі.
Жылына 36 мың тонна өнім шығаратын зауыт құрылысына 4,5 миллиард теңге жекеменшік инвестиция тартылып отыр. Бұл жаңа өндіріс орны «Павлодар» АЭА аумағында алюминий кластерін жасаудың бастамасы болып табылады.
Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығында басқа да бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылады. Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметі бойынша, жыл соңына дейін жылына 200 мың тонна тұтас шыны қабырғалар шығаратын зауыт, жылына 5 мың тонна синтетикалық тоқыма жіп және 15 мың қума метр тоқыма бұйымдарын шығаратын зауыт іске қосылады. Сонымен бірге әлеуеті жылына 30 миллион таблетка және 90 миллион капсул дәрі шығаратын фармацевтикалық зауыт және жалпы құны 32,9 миллиард теңгені құрайтын бір рет пайдаланатын медициналық бұйымдар шығаратын зауыт іске қосылады. Осы ірі жобалардың іске қосылуы нәтижесінде мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашу да көзделінуде.
ҮИИД бағдарламасымен негізделген Қазақстанның жаңа экономикалық саясаты халықаралық сарапшылардың және дүние жүзінің беделді бизнесмендерінің жоғары бағасына ие болуда. Мәселен, Ресейдің www.odnako.org порталы «Қазақстан элитасы әлемдік дағдарыстан көп бұрын республиканың ішкі рыногын дамытуға, импортты алмастыратын өнімдер өндірісін құруға және индустрияландыруға бетбұрыс жасады. Қазақстандық индустрияландырудың авторы – Нұрсұлтан Назарбаев. Оның бастамасымен Қазақстанды дамытудың мынандай жоспарлары қабылданып, жүзеге асырылуда: «Стратегия-2010», «Стратегия-2020», «Стратегия-2030» және «Стратегия-2050» сияқты таяу мерзімдерге арналған және ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлары қабылданды. Сонымен бірге «Стратегия-2020» бағдарламасының аясында республикада 13 салалық, 16 аймақтық және 9 функциялық даму бағдарламалары қабылданып, жүзеге асырылуда. Осындай өміршең жоспарлардың нәтижесінде республикада бұрын-соңды болмаған өндіріс салалары, атап айтқанда, ұшақ және тікұшақ жасау, локомотив құрастыру зауыттары іске қосылды», деп атап көрсетеді.
Қазақстандық индустрияландыруды дамыту институты басшысының орынбасары Марат Идрисовтің айтуынша, елімізде индустрияландыру үрдісі басталғанға дейін экономикадағы қайта өңдеу өнеркәсібінің үлесі 7 пайыз болса, индустрияландыру аясында осы салаға тартылған тікелей шетел инвестициясының нәтижесінде 2016 жылы ол 14 пайызға артты. Ал үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша, қайта өңдеу өнеркәсібінің үлесі 20 пайыздық межеге жететін көрінеді. Осы ретте атап көрсететін мәселе, қазақстандық индустрияландыру бағдарламасының беделі тұрақты әріптестеріміз Нидерланд, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Италия елдерінің бизнес өкілдерінің арасында ғана емес, сонымен бірге Азия мемлекеттерінде де, оның ішінде Қытайда жоғары бағаға ие болуда. Елімізде Қытай инвестициясының тікелей қаржыландыруымен жалпы құны 26 миллиард АҚШ долларын құрайтын 50-ден астам ірі жоба жүзеге асырылмақ. Соңғы кезде бұл өміршең бағдарламаға Жапония және Оңтүстік Корея инвесторларының да назары ауған.
Еліміздің барлық өңірінде жаппай жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын терең саралаған адам еліміздің экономикасын дамытуда оның қаншалықты тың серпін бергендігін анық аңғарса керек. Ақиқатын айтсақ, 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы еліміздің XXI ғасырдағы қайта өрлеу дәуірінің берік тұғыры болмақ.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»