Жуырда Астанада «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының еншілес және тәуелді ұйымдарының HR-форумы өтті. Компанияға қарасты бөлімшелердің мамандары бірінші рет кездесіп тұрған жоқ, олар жыл сайын тұрақты түрде бас қосады. Бірақ бұл жолы форум форматында әрі мемлекеттік ведомство мен ірі компаниялар өкілдерінің қатысуымен бірінші рет жиын ұйымдастырылды.
ҚМГ БӨ HR-қызметі, яғни шараның ұйымдастырушылары компанияның 13 жылдық тарихы барысында жиылған көпшілікке айтар талай жайттың бар екенін ескерсе керек. Дамудың әрбір сатысы қызметкерлерді қалай басқару керек дейтін мәселемен тікелей байланысты екені де рас. Компанияның көптеген адамдары осы үдерістерді бастан кешті және компаниямен бірге кәсіби тұрғыда дамыды. Форумға шақырылған еліміздің билік институттары мен ірі компанияларда қызмет етіп жүрген қонақтардың өз кезеңінде «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамында қанаттарын қатайтқанын айтсақ та жеткілікті шығар. Соның ішінде форумға қатысушылар арасында Мәжіліс депутаты Тарас Хитуов, «Қазақтелеком» АҚ-тың бас қаржы директоры Асхат Өзбеков, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқару директоры Майя Егімбаева болды. Бір кезде «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіруде» қызмет еткен қазіргі Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов белгілі бір себептермен жиынға қатыса алмады.
– Бүгін бізді қолдауға келген адамдардың барлығы да біз туралы естіп қана қоймаған, бізді біледі де. Мен барлығыңызға да үлкен құрметпен қош келдіңіздер демекпін және осы бастамаға үн қосып, форум жұмысына қатысуды қабыл алған арнайы қонақтарға алғысымды білдіремін, – деді «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ аппарат басшысы Бауыржан Асқаров өз сөзінде.
ҚМГ БӨ-нің құрылғалы бергі өсу, даму нәтижесін көрсетіп, форумға еліміздің алты аймағынан 14 еншілес және тәуелді компаниялардың өкілдері жиылды. «Ембімұнайгаз» АҚ және «Өзенмұнайгаз» АҚ сынды негізгі кен активтерінен бөлек компания «Қазгермұнай» БК» ЖШС, «Қаражанбасмұнай» АҚ және «ПетроҚазақстан Инк.» және көптеген мұнайсервистік компаниялардың үлестерін иемденеді. Бүгінгі күні «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» өз шаңырағының астына 26 мыңнан астам қызметкерді біріктіріп отыр және мұндай орасан зор ұжым үшін қызметкерлерді тиімді басқару үдерісі әрқашан да маңызды.
– Біздің HR-қызметтің барлық бастамалары компания басшылығынан қолдау табады. Мен осы форумды өткізу туралы идеяны толықтай қолдаған «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының бас директоры Құрманғазы Есқазиевтің сөзін сіздерге жеткізгім келеді. Бас директор бұл форумның қызметкерлерді басқару саласында, сондай-ақ компания топтарының интеграциялық үдерістегі ұстамдарын нығайтуда тәжірибе мен білім алмасу тұрғысынан маңызды оқиға екенін айтты, – деді Бауыржан Асқаров.
Форум жұмысын қолдау үшін бас компания атынан қатысқан өкіл, яғни «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ адам ресурстарын басқару бойынша вице-президент Серік Әбденов те жиында аудиторияға сөз арнады.
Форум барысында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Аталмыш құжат арқылы екі компания да тәжірибе алмасу мен жұмысшылардың біліктілігін көтеру бойынша ең жақсы тәжірибелердің жобасын ұсынатын қызметкерлерді басқару саласында екі жаққа да тиімді әріптестікті дамыту туралы ойларын білдірді. Осыған байланысты тараптар ұжымдар үшін тағылымдамалардың әлеуетті мүмкіндігін анықтауға және қарастыруға дайын екендіктерін білдірді. Аталмыш меморандум қол қойған компаниялардың еншілес және тәуелді ұйымдарына да таратылады.
ҚМГ БӨ дамуының әрбір іргелі сатысы маңызды саналатын маман мәселесін шешумен байланысты. Компания құрылғалы бері еңбек етіп келе жатқан, Қызметкерлерді басқару және еңбекке ақы төлеу департаментінің директоры Эльмира Кәрімова ҚМГ БӨ тарихының маңызды кезеңдері мен сол кезеңдерде шешілуі тиіс болған мәселелер жөнінде жан-жақты айтып берді. Бұлар – компанияны құру, IPO өткізу, құрылымдық оңтайландыру, еңбек ұжымдары мен кәсіподақ өкілдерімен бірге әрекет етуге басымдық жасау.
– 2006 жылы біздің компания IPO-ға шықты. Сол кезде біздің алдымызда KPI, бенчмаркинг, шетелдік жұмыс күшін тарту сынды жаңа мәселелер тұрды. Сол кезде біз «бестпрактик» деген сөзді тұңғыш рет естідік, – дейді Эльмира Кәрімова.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» бұл күнде Қазақстандағы ең табысты компаниялардың бірі. Компания табысының сыры қызметкерлерді жігерлендіру мен олардың кәсіби әлеуетін молынан жүзеге асыруда жатса керек. Компания тарихының ең қолайсыз кезеңдерінде де адам ресурстарын сақтау маңызды орында тұрған.
Бұл тұрғыда форумда танымдық пікірталас та өрбіді. Қатысушыларға компанияда дағдарыс жағдайында қызметкерлер штатын мейлінше аз қысқартуға бағытталған шешім табу ұсынылды. Пікірлер көп болды. Біреулер зейнет жасына келіп қалған қызметкерлермен қоштасуды ұсынса, басқа біреулер жастарды еркіндікке жіберуді ұсынды. Бізге жұмыс орындарын сақтау үшін еңбекке ақы төлеу қорын азайту туралы өзара келісім жаны бар ұсыныс сияқты көрінді. ҚМГ БӨ мұнайсервис жобасы бойынша басқарушы директор Айнұр Шаненованың сөзінен бақсақ, мұнайдың бағасы 10 долларға түскен кезде де компанияда жұмыс орындары сақталған. Сондай-ақ ҚМГ БӨ соңғы жылдары ешқандай да қысқартуды болдырмауға күш салуда және соны орындауда.
Одан басқа компания өз қызметкерлерінің білім алуы және оларды оқыту барысында даму жобаларын белсенді түрде енгізуде. Осы жазда ҚМГ БӨ «Шелл», «Эни» компанияларымен және Ресейдің Губкин атындағы мұнай және газ университетімен бір уақытта үш меморандумға қол қойды. Компаниялардағы әріптестер арасында білім бағдарламаларына қатысты көптен бері іскерлік әріптестік орнаған-ды. Мысалы, ресейлік мұнай және газ университетінде «Мұнай-газ ісі» бойынша магистрлік бағдарлама бойынша «Ембімұнайгаз» бен «Өзенмұнайгаздың» бес қызметкері білім алуда. Енді қол қойылған меморандумның шеңберінде осы кәсіпорындардың 115 қызметкерін оқытуға арналған білім беру бағдарламасы даярлануда.
«Эни» компаниясымен де әріптестік тәжірибе бар. Осы жылы «Өзенмұнайгаздың» 12 инженері жарты жыл бойы «Эни» корпоративті университетінде тағылымдамадан өтті. Олар геология және геофизика, өндіру және бұрғылау, мұнай кен орындарын әзірлеу, техника қауіпсіздігі сынды кәсіби салалар бойынша өндіріс орындарында болды. Меморандум білім беру бағдарламаларын жалғастыруды ұсынады. Сондай-ақ ҚМГ БӨ компаниялары қызметкерлеріне тәжірибе алмасу, оқыту курс- тарын және мүмкін болған тағылымдамаларды ұйымдастыру үшін «Шелл» компаниясымен іс-шаралар жоспарын әзірлеу жоспарланған.
Қатысушылардың айтуы бойынша екі күндік форум бір деммен өтті. Әріптестер өз тәжірибелерімен бөлісті, жаңа нәрселерді үйренді. ҚМГ БӨ қызметкерлерді басқару департаменті үшін бұл табысты жобалардың бірі болмақ. Мұндай бастамалар компанияның ішкі өмірінде белсенділік пен бастамашылықты көбірек туындатады. «Жас мамандар күні», «Үздік маман», «Дублер күні» сынды жобалардың компания үшін маңызы зор. Олар жас әріптестерді өздерінің ең жақсы қырлары мен қабілеттерін ашуға жігерлендіріп, қорытындысында компаниядағы олардың жұмысының нәтижелілігі байқалады.
– Бір жобаны ең маңызды немесе ең мықты деп тандау өте қиын. Өйткені біздің жобалар тұтастала келе «корпоративтік мәдениет» атты бірегей жобаны құрайды. Біз компанияда басшылыққа сенім, жалпының мүддесі, қамқор қолды сезіну, қызметкерге қамқорлық, сондай-ақ болашаққа сенім атмосферасын қалыптастырдық, – дейді Эльмира Кәрімова.
Бүгінде HR-қызметі компаниядағы кадр саясатының шекарасын айтарлықтай кеңейткен. Корпоративтік бірлік, ұжымды біріктіру, әріптестердің психологиялық адаптациядан өтуі, әріптестерді мотивациялау, білім беру – мұның бәрі қызметкерлерді тиімді басқаруға қатысты шеңберлі мәселелер. Бұл құзыреттіліктің ішіне кадр саясатын реттеудің бір бөлігі ретінде әлеуметтік қолдау да кіретіні рас.
ҚМГ БӨ материалдық активтерін өз әрекеттерінің артықшылығы ретінде бағалайтын болса, ал адам капиталын компанияның құндылығы ретінде қарастырады. Компания өз әріптестерін дұрыс мотивациялау арқылы және олардың кәсіби әлеуетін молынан жүзеге асыру арқылы жоғары нәтижелерге жетті деп айтуға болады.
Нұрсұлтан СӘДУАҚАСОВ