• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қараша, 2017

Балапан қанат байлаған сәт

504 рет
көрсетілді

Табиғаттың әсемдігі қыс маусымында да көркін жоя қоймайды. Ұшар басына қараған кісінің тақиясы түсетін ну қарағай мүлгіп тұр. Осы қарағайды іргелеп жүретін тас жол Теннис орталығына әкеледі.

Ол осыдан екі жыл бұрын тапсырылған болатын. Көлемі – 2763 шаршы метр, құрылысына бюджеттен 788 миллион теңге қаражат жұмсалды. Жаңа типті спорт ғимаратында үш жабық, үш ашық теннис корты бар. Өткен жылдан бері оның ашық және жабық корттарында бірнеше рет республикалық турнирлер өтті.

Елбасы келеді дегеннен спорт мек­тебінің директоры Людмила Оку­нева бастаған ұжым­ның, теннис орталығын­дағы жаттық­тыру­шылардың, жас спорт­шы­лар­дың көңілі ерекше алабұртты. Жат­тығу сабақтары да аса бір қызығу­шы­лықпен өтті. Балалар мен жасөс­пірімдер спорт мектебіндегі үздік спортшылардың бірі 13 жасар тен­нисші Екатерина Ситникова да бұл хабарға қатты қуанған.

Әкесінің ағасы, әулетіндегі бар бала «ата» деп атайтын Геннадий Ведяев Катяның алты жасында қолынан жетектеп, теннис спортына апарған. Дәрігер Геннадий Петровичтің өзі де спортшы, жет­пістен асса да сүйікті мамандығы дәрі­гер­лікті де, сүйікті ісі волейболды да тастаған жоқ. Теннис кішкентай Катяға да ерекше ұнап, алты жылдан бері спорт мектебінің үздік оқушысына айналды. Мектепте де белсенді, жақсы оқиды.

Ситникова Нұрсұлтан Назарбаевты теледидардан ғана көрген. Елбасымен жақын тұрып сөйлесу, қолын алу оның бала қиялы­ның жай ертегісі сияқтанатын. Тен­нис кортына кірісі­мен Нұрсұлтан Әбішұлы айна­лаға ризашылықпен қарады. Ат шап­ты­рым, жарық, биік корт. Ол өзін күтіп тұрған спорт мектебінің үркердей үз­дік теннисшілеріне жақындады.

– Қостанай теннистің жабық кортына зәру болатын. Бұл өңірдің қысы ұзақ, қатал, жазы қысқа. Мұнда бұрын қыс мезгілінде жаттығу үшін ештеңе болмайтын. Міне, сендерде енді теннис корты, күштілік спорт түрлерінің академиясы, жабық мұз айдыны, футбол стадионы – бәрі бар. Қыста да жаттығулар үзілмейді. Спорт – керемет іс, онымен бала кезден айналысыңдар, сонда өмір бойы денсаулықтарың жақсы болады, спорттан қол үзбейтін боласыңдар, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасы сөзін аяқтағанда балалардың алдың­ғ­ы жағында тұрған Екатерина Сит­никова Нұрсұлтан Әбішұлының келгеніне балалардың барлығы өте қуа­нышты екенін және өзінің спорт­тағы жетістіктерін айтып берді.

– Мен 2016 жылы республика­лық тур­нирде үшінші орын, биылғы өткен рес­пуб­­ликалық екі турнирде де екінші орын­ды иелендім. Тен­нисті өте жақсы көре­мін.Өскен­де еліміздің намысын қор­ғай­тын боламын, әлемдік жарыстарда Қазақ­стан­ның туын желбіретуді армандаймын және соған қол жеткіземін, – деді Катя. Арманы асқақ нәп-нәзік қызды Елбасы өз перзентіндей мейірлене бауырына қысты.

Елбасы балаларға өзінің де тен­нис­пен айналысқанын айтты. Елба­сының: «Мен де тенниспен айналыстым. Денсаулығы мықты және білімді адам ғана өмірде жетіс­тік­терге қол жеткізеді. Сондықтан жас­тар спортпен айналысуы, достасуы керек. Сенде де достарыңа спортты серік ету керектігін айтыңдар», деген сөзі бала­лар­дың көкейінде жатталып қалатыны күмәнсіз.

Сол күні Елбасының Теннис кортына барғанын, балалармен арада болған әңгімесін, оның алдында Катяның және жас теннисшілер Санжар Бұқановтың, Диана Шә­ріпова­ның сөйлегенін соңғы жа­ңа­лықтардан көрсетті.

– Қуанғаннан жылай беріппін. Қызым­ның ұстаздары, жаттықтыру­шылары, туыс­тар, дос-жарандар телефон тұтқасын қой­дырмады, құт­тықтап жатыр. Тіпті Ресейдегі туыс­тары­мыз бен таныстарымыз көріп, телефон шалды ғой, – дейді Катяның анасы Елена. Ситниковтер Елбасы­ның жас теннисшілермен сұхбат­тас­ып тұрған және Катяны бауырына тартқан сәті бейнеленген суреттерді үлкей­тіп, рамкаға салып, төріне іліп те үлгерді.

Мұндай суреттер Теннис орта­лығына да ілініпті. Жаттығуға келген спортшылар мен теннис әуесқойшылары оған қараған сайын Қостанай теннисінің жарқын болашағы сәуле шашқандай болады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ