Қазығұрт ауданында «Отырабат-Құрылыс» серіктестігінің газобетон блогын шығаратын өндіріс орны іске қосылды. Бұл жоба индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында аудандағы индустриялды аймақта жүзеге асып отыр.
Кәсіпорын жылына 12 мың шаршы метр газобетон блогын шығаратын болады. Кәсіпорынның жұмысымен танысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев ауданның және көрші аудандардың қажеттілігі үшін газобетон блогын шығаратын зауыттың іске қосылуы өндіріс саласында жақсы оқиға екенін атап өтті.
Жоба құны 120 млн. теңге. Қазығұрт ауданындағы индустриялды аймақта бүгінгі таңда жалпы құны 2 млрд. теңгені құрайтын 7 жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, өңір басшысы Қазығұрт - Шымкент қаласымен іргелес жатқан көрші аудан екенін және Жібек жолы мен «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» үлкен жолдың бойында орналасқан аудан болғандықтан мұнда өндірісті өркендету қажеттігін айтып, жаңа бастамаларды қолдауға әрқашан дайын екенін жеткізді.
Жаңа ашылған өндіріс орнында жылына 12 мың шаршы метр, яғни 336 мың дана газобетон блогы шығарылады. Құрылыста тиімді болып келетін бұл өнімнің ені 30 см, биіктігі 40, ал ұзындығы 60 см. Аталған кәсіпорынның өнімдері өңірде салынатын көпқабатты тұрғын үйлерде қолданылатын болады.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»