«ҚазАқпарат» ХАА Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында үздік дизайнерлік безендіруге конкурс жариялайды.
Конкурстың мақсаты - «Рухани жаңғыру» бағдарламасын халық арасында кеңінен насихаттап, мәдени-рухани құндылықтарға бетбұрыс жасау, сондай-ақ Елбасы бастамасының танымалдылығын арттыру. Сонымен қатар, аталған шара арқылы шығармашылық ортаны қолдай отырып, заманауи мәдениетті «Рухани жаңғыру» құндылықтарымен жақындастыра түсу көзделеді.
Республикалық конкурс нәтижесінде үздік деп танылған туынды (графикалық иллюстрациялар) «Рухани жаңғыру» тақырыбындағы түрлі декорацияларға, баспа өнімдеріне, киімдерге және тағы басқаларға қолданылатын болады. Сондықтан да, дизайнерлік идеялар негізінен «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы құндылықтарға, атап айтқанда, «Бәсекелік қабілет», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» секілді алты бағытқа сай болуы шарт.
Әрбір қатысушы немесе ұжым аталған 6 бағыттың әрқайсысына тек 1 ғана жұмысын ұсына алады.
Атап өтейік, конкурс материалдары қараша айының 1-інен желтоқсан айының 15-іне дейінгі аралықта қабылданады. Конкурсқа қатысушылар үшін жас бойынша ешқандай шектеу қойылмайды. Конкурсқа қатысу үшін Ережемен танысуы және қатысу туралы өтініш формасын толтыруы тиіс.
Қатысушылардың жұмысын арнайы құрылатын әділқазылар анықтайды, сонымен бірге «ҚазАқпарат» ХАА сайтында онлайн-дауыс беру жүргізіледі. Әр номинация бойынша жеңімпаздар арнайы дипломдармен және ақшалай сыйақымен марапатталады. Гран-при иесі 2 миллион теңгеге ақшалай сыйақыға ие болады.
Сонымен қоса, үздік танылған туындылар бойынша: 1-орын - 1 500 000 теңге, 2 орын - 1 000 000 теңге, 3 орын - 500 000 теңге сыйақы белгіленіп отыр. Бұдан бөлек, конкурсқа қатысушылар арасында ынталандыру сыйлығы ретінде жалпы қоры 1 000 000 теңгені құрайтын арнайы жүлделер де бар. Бұл бойынша: 1- арнайы жүлде - 400 000 теңге; 2-арнайы жүлде - 400 000 теңге; 3-арнайы жүлде - 200 000 теңге сыйақы алатын болады.
Конкурс жеңімпаздарының туындылары «ҚазАқпарат» ХАА сайтында орналасатын болады.