Небәрі 25 жасында ерлік көрсетіп, бейбіт күннің батыры атанған азаматтың бірі – Қызылорда облысы Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Талғат Қозыбаев. Ол жөнінде қысқа метражды деректі фильм түсірілді. Ол ерлікпен қаза тапқан соң, ел Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі жауынгерлік «Айбын» орденімен марапатталды. Бүгінде оның атында елді мекен мен көше бар.
Жақында Ономастикалық комиссияның шешімімен Сырдария ауданы О.Мәлібаев ауылындағы №131 орта мектебіне полиция лейтенанты Талғат Есентайұлы Қозыбаевтың есімі берілді. Ал 2007 жылы мектеп ауласында ескерткіш орнатылған болатын. Оның авторы – елімізге белгілі мүсінші Жаркен Ысмағұлов.
Бәрі кешегі күнгідей есімде. 2003 жылғы наурыз айының 8-інен 9-ына қараған түні, сағат 03-те Талғат жалдап тұратын пәтеріне демалуға келгенде, ауыл азаматы ауылдасының өзін ұрып, дене жарақатын салғандығы туралы арызданады. Жәбірленушіден қызмет бөлмесінде түсінік алып отырғанда арызын қайтып алуды талап еткен қарулы қылмыскер жәбірленушіні атуға әрекеттенгенде оған қарсы ұмтылып, оның қаруын тартып алмақ болады. Оған оқ тиіп құлағанда, қылмыскер мылтықты қайта оқтап, қашпаққа әрекеттенеді әрі жәбірленушіні екінші рет атпаққа оқталады. Ал Талғат жәбірленушіні денесімен қорғап, мылтықты тартып алмақшы болғанда, оған екінші рет оқ тиеді. Кейін сараптама қорытындысы көрсеткендей, Талғаттың өліміне оның бетіне тиген, бет сүйектерін қатты зақымдаған екінші оқ себеп болыпты.
Соңғы жылдары Талғатты еске алуға арналған іс-шаралар өткізіліп келеді. Соның ең бастысы – Тартоғай ауылына кіреберістегі ұзын көшелердің біріне оның есімі берілгені.
Талғат Қозыбаевқа арналған тағы бір үлкен іс-шара – ата-анасы Есентай аға мен Шынар апайға Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің тапсырылуы. Бұл шара әуелі облыстық ішкі істер басқармасының үлкен залында басталды. Есентай ағаға награданы сол кездегі облыс әкімі С.Нұрғисаев салтанатты жағдайда тапсырды. Ал Талғатты еске алу шарасы Сырдария ауданының Мәлібаев атындағы ауылда Тереңөзек кенті әкімшілігінің бастауымен өткізілді. Жаңадан салынған мектеп алдына орнатылған Талғаттың ескерткішін сол кездегі облыс әкімі М.Құл-Мұхаммед ашқан еді.
Хұсайын ҚОРАЗБАЕВ, Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті заң бөлімінің басшысы