Кеше Сыртқы істер министрлігінде аталған ведомствоның ресми өкілі, Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Алтай Әбибуллаевтың қатысуымен кезекті апталық брифинг өтті.
«Бүгінгі дәстүрлі баспасөз мәслихатымызды 7 қарашада Санкт-Петербург қаласында ашылған Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесінің (ШЫҰ ҮБК) кезекті отырысынан бастауды жөн санадым», деп бастаған А. Әбибуллаев бұл отырысқа Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қатысқанын атап өтті. Шанхай ынтымақтастық ұйымы Үкімет басшылары кеңесінің барысында әлемдегі және Ұйым кеңістігіндегі экономикалық ахуал бойынша пікір алмасылып, Ұйымға мүше мемлекеттер арасында экономикалық және гуманитарлық салада ынтымақтастық пен өзара әрекеттесуді жандандыруды әрі қарай дамыту мәселелері талқыланған.
Брифинг барысында 7-11 қараша аралығында ЭКСПО халықаралық қөрмесін 2017 жылы Астанада өткізу үшін қазақстандық өтінімді таныстыру рәсімімен Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаевтың Оңтүстік Африка Республикасына сапары өтетіндігі айтылды. Тұсаукесер шара аталмыш мемлекеттің үш қаласында «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен екі мемлекет арасындағы қатынастардың болашағы» атты конференция аясында ұйымдастырылмақ.
Сапар барысында Мемлекет басшысының Оңтүстік Африка Республикасының Президентіне жолдауын тапсыру мақсатымен және Қазақстан мен Оңтүстік Африка Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың көкейкестi мәселелерін талқылау мақсатында осы елдің Сыртқы істер министрлігінде Рәпіл Жошыбаевтың кездесуі жоспарланған.
Ресми өкілдің хабардар етуінше, 10-11 қараша күндері ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар жөніндегі жоғарғы комиссары Кнут Воллебектің Қазақстанға жұмыс сапары болады. Сапар барысында мейманның ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевпен, Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановпен және басқа да мүдделі министрліктер мен ведомстволардың басшыларымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының жетекшілерімен кездесулері жоспарланған. Сондай-ақ, дәл осы күндері Венада «Білім бастамалары және хабардарлылықты жоғарылату жөніндегі бастамалар арқылы нәсілшілдікті, ксенофобияны және өшпенділік салдарынан жасалатын қылмыстарды болдырмау» тақырыбындағы ЕҚЫҰ-ның адами өлшемі бойынша қосымша отырысы өткізіледі. Аталған шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының, Парламент Мәжілісінің, Бас прокуратураның өкілдері мен Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдіктің дипломаттары қатысады.
«Егемен-ақпарат».