Бірнеше жыл бұрын елордада Индустрияландыру күніне орай өткен телекөпірде Елбасы Н.Назарбаев осылай деген болатын. Расында, Қазақстанның күш-қуаты толысқан мемлекетке айналуына тәуелсіздік жылдарында экономикалық секторда қол жеткізген толағай табыстар ықпалын тигізгені айдай ақиқат. Ширек ғасырдан сәл-ақ асатын уақытта елімізде бұрынғы жоспарлы экономиканың орнына нарықтың талаптарына толыққанды жауап бере алатын заманауи үлгідегі экономика қалыптасып үлгерді.
1997 жылы Президент «Қазақстан-2030» Стратегиясын жариялап, осы құжатта Қазақстан үшін индустриялық стратегияны әзірлеу қажет екендігі алғаш рет айтылған-ды. Индустриялық стратегия өндірісті әртараптандыру және шетелдік инвестицияларды көптеп тарту арқылы тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізуге негізделді. Техникалық қайта жабдықтау мен шетелдік инвесторларды тарту жұмыстары жедел жолға қойылғанының арқасында алғашқы экономикалық жаңғыру міндеті мерзімінен бұрын жүзеге асырылды.
Кейінгі жылдарда әлемдік экономикада орын алған өзгерістер, жаһандық құбылулардың жиілеп кетуі жаңа талаптардың туындауына себепші болды. Шикізатқа негізделген экономиканың дәуірі бірте-бірте мәреге таяп келе жатқаны, экономика тек көмірсутегіне ғана байланып қалмауы керектігін көрсетті. Еліміз Одақ кезінде негізінен шикізаттың бай көзі ретінде қарастырылса, шетелден инвестиция тарту жолға қойылған алғашқы жылдары осы үдеріс одан әрі белең ала бастағаны байқалды. Әлем елдері әсіресе көмірсутегі мен металға деген сұранысты күшейтіп, есесіне машина жасау және басқа да өңдеуші саланың өнімдеріне деген сұраныс кеми берді. Шикізат экспортына иек арта берудің түбінде қиындыққа соқтыруы мүмкін екендігін ескерген Мемлекет басшысы өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға барынша күш салуды тапсырды. Осы мақсатта қабылданған 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шикізат шылауынан шығуға, экономиканы әртараптандыру сынды әлемдік даму көшінде болуға ықпал ететін жобаларды жүзеге асыруға мұрындық болды.
Бірінші бесжылдық белесі
2010-2014 жылдарды қамтыған алғашқы жылдары бағдарламаның базалық негізі қаланды, оны ілгерілету үшін құқықтық және қаржы-экономикалық негіз салынды. Көліктік, энергетикалық және тағы басқа өнеркәсіптік инфрақұрылымдарға қажетті мәселелер шешімін тапты. Өңірлерді дамыту бағдарламалары қолға алынып, кәсіпкерлерді қолдаудың көптеген тетіктері жолға қойылды.
«Бизнестің жол картасы-2020», «Инвестор-2020» сынды бағдарламалар түзілді.
Тәуелсіздік жылдарында алғаш рет Қазақстан экономикасына құйылған барлық шетелдік инвестицияның 70 пайызы өңдеуші секторға бағытталды. Барлығы 770 жаңа кәсіпорын ашылып, 75 мың адам жаңа жұмыс орнымен қамтылды. Бірінші рет индустрия саласында еңбек ететін адамдардың үлесі 1 миллионнан асып түсті. Тұңғыш рет өңдеуші өнеркәсіптің өсу қарқыны шикізатқа сүйенген дәстүрлі салаларға қарағанда әлдеқайда жоғары болғанын ескерсек, бағдарлама өзінің басты миссиясын атқарды деуге негіз бар.
Өңдеуші өнеркәсіп саласындағы еңбек өнімділігін арттыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Соның арқасында өнімділік 60 пайызға артып, жұмысшылардың жан басына шаққандағы жыл сайынғы өнім көлемі 20 мың доллардан астам көрсеткішті құрады. Өңдеуші салаға салынған тікелей шетелдік инвестиция алдыңғы 15 жылдағы көрсеткіштен 3 есе асып түсіп, 18 миллиард долларға жетті.
Сол жылдары дүниежүзілік шикізат нарығында бағаның құбылу үдерісі жиі байқала бастағаны белгілі. Өңдеуші өнеркәсіпке көбірек көңіл бөлудің, сонымен қатар дағдарысқа қарсы басқа да шаралардың қолға алынуының арқасында күрделі кезеңде ел экономикасында құлдырау орын алған жоқ. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының есебіне жүгінсек, жыл сайын экономикалық өсім көлемі 5-7,5 пайыз аралығында болып тұрса, оған бағдарламаның қосқан үлесі 1,7 пайызға дейін жетті. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптестерінің барлығын артта қалдырғанын атап өту ләзім.
Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2010-2015 жылдар аралығында экспорттағы өңделген тауарлардың үлесі 23 пайыздан 30 пайызға дейін ұлғайыпты. Бұл кезеңде экспортқа шығарылатын тауарлар номенклатурасы 824-ке көбейіп, Қазақстанның экспортқа жіберетін өнімдері тізімінде 47 жаңа тауар пайда болды.
Жеті жылдағы жетістіктерИндустриялық-инновациялық даму бағдарламасының заңды жалғасы 2015 жылы бастау алған-ды. 2019 жылға дейінгі аралықты қамтитын құжатқа аз-кем тоқтала кетсек, ол өңдеуші өнеркәсіп секторындағы негізгі төрт бағытқа негізделген. Біріншіден, экспортқа басым бағыт ұстану арқылы түсетін табыс көлемін ұлғайту көзделген. Екіншіден, еңбек өнімділігін арттыру қарастырылып отыр. Сонымен қатар негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін көбейту, жұмсалатын шығынды азайту бағыттарына ерекше көңіл бөлінуде.
Жалпы, екінші бесжылдықта экспортқа бағытталған секторларға басымдық берілгенін байқауға болады. Индустрияландыру барысында жіті назар аударылатын 8 бағыт ретінде қара және түсті металлургия, мұнай өңдеу, мұнай-химия және агрохимия, азық-түлік тағамдары өндірісі, автокөлік жасау және электр техникалық машина жасау таңдап алынды. Осы 8 бағыттағы жобаларға инфрақұрылымдық қолдау, ұзақ мерзімді лизинг беру, Қазақстан Даму банкі арқылы несиелендіру және басқа да көмек амалдары жасала бастады.
2010 жылдан бергі аралықта өңдеуші өнеркәсіпке 26 миллиард доллардан астам инвестиция құйылыпты, яғни шетелдік инвестицияның бестен бір бөлігі осы салаға жұмсалды деген сөз. Соның арқасында экспорт көлемі айтарлықтай ұлғайып, қазақстандық өнімді сатып алатын елдердің саны 112-ге жетті. Ел Үкіметінің хабарлауынша, индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында 5,5 триллион теңгенің 1 088 жобасы жүзеге асырылып, нәтижесінде 101 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.
Бүгінгі таңда еліміз дүние жүзі бойынша экспорттаушы елдердің ішінде 52-ші орынға ие. Толығырақ тоқталсақ, әлемнің 113 еліне 800-ден астам өндірістік өнім шығарылады. Уран, мыс, титан, ферроқорытпа, сары фосфор, ұн, мақта майы, бидай, зығыр тұқымын шығару бойынша көшбасшы ел екенімізді ерекше атап өткен жөн. Жалпы экспорттың үштен бір бөлігі эконономиканың өңдеуші саласына тиесілі.
Қазақстанның алғаш рет Түрікменстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Украина елдеріне электровоз, тепловоз шығара бастауын индустриялық бағдарламаның басты жетістіктерінің бірі деуге болады. Елімізде құрастырылатын автокөліктер де төрт елге сатылады. Бүгінгі таңда жолаушылар вагоны, рельс, әскери өнеркәсіп кешен өнімдерін шетелдерге шығару жолға қойылған.
Көлік-логистикалық жүйеде де маңызды жетістіктер аз емес. «Тоғызыншы территория» арқылы Еуразия кеңістігінің 5 темір жол желісі мен 6 бірдей халықаралық автодәлізі өтеді. Индустрияландырудың 7 жылында республика бойынша бас-аяғы 3 200 шақырым автожол төселгені де толайым табыстардың бірі. Бүгінде Қазақстан аумағы арқылы Еуропа мен АҚШ-ты Орталық Азиямен, Оңтүстік-Шығыс Азиямен жалғайтын 12 әуе маршурттары өтетінін де айта кету керек.
Индустриялық-инновациялық даму аясында жеті жылда атқарылған жұмыстарға көз жүгіртер болсақ, бұдан өзге де табыстарды тізбелей беруге болады. Үкімет қолға алынған жұмыстарды одан әрі жалғастыруда. Елімізде тартымды инвестициялық климат қалыптасқандықтан, шетелдік инвесторлардың да қызығушылығы жыл санап артып келеді. Мемлекет басшысы бірнеше жыл бұрын Индустрияландыру картасының таныстырылу салтанатында «Индустрияландыру саясаты – еліміздің болашағына арналады» деген болатын. Олай болса, ел болашағына арналатын жоба алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»