• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2010

Әкім есеп берді. Ел не деді?

1019 рет
көрсетілді

Жаңа жыл басталысымен-ақ әкім-қаралар халық алдында есеп беріп, әкімдіктер абыр-сабыр күй кешіп, қызу науқан өтуде. Со­лар­­дың арасында халық алдына шыққан Алматы қаласы Бос­тандық ауданының әкімі Зәуреш АМАНЖОЛОВАНЫҢ қобалжуы заң­дылық. Күңгейдегі бас қаладағы жалғыз нәзік жанды әкім бол­ған­дықтан, әрі бұған дейін басқарған денсаулық сақтау саласына қан жүгіртіп, біраз жұмыс тындырған ұйымдасты­рушылық қабі­ле­тін, талапшылдығын, еңбекқорлығын ескерген болуы керек, қала әкі­мі шаһардағы ең ірі де ауқымды ауданды оған сеніп тапсырған-ды. “ЕҢБЕК ЕТПЕСЕҢ – ЕЛГЕ ӨКПЕЛЕМЕ, ЕГІН ЕКПЕСЕҢ – ЖЕРГЕ ӨКПЕЛЕМЕ” “ Бұрынғы аудан әкімі А.Кари­молдиннің эстафетасын одан әрі жалғастырып, ел басқарудағы қа­рым-қабілетін, өжеттігін, іскерлігін көрсете білген З.Аманжолова ау­данның жеті күнге жоспарланған ау­данның 2009 жылғы эко­номи­ка­лық-әлеуметтік дамуының қоры­тын­дылары бойынша есебінің ал­ғаш­қысын Орталық клиникалық емханада өткізсе, соңғысын Бос­тан­дық аудандық әкімдігінде ұйымдастырды. Сонымен, өткен 2009 жылдың әл­еуметтік-экономикалық даму үдерістері ішіндегі оң нәтиже­лерінің бірі ретінде 12 ай ішінде бюджетке салықтар мен төлемдердің түсуі бойынша болжам 101 пайызға (112,2 млрд. теңге), республикалық бюджет 100,7, жер­гілікті бюджет 101,6 пайызға орын­далған. Білім беру көрсеткіші екі есеге артып, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарла­малар бөліміне 1352 адам өтінішпен келсе, оның 670-і жұмысқа орна­лас­қан. Әлеуметтік жұмыс орында­рына 119 адам жіберілген. Есеп беру жы­лында 780 жұмыссыз адам қоғамдық жұмысқа қатысуға мүм­кіндік алса, 30081 шағын кәсіпкер­лік субъек­ті­лері тіркелген. Оның ішінде тіркел­ген заңды тұлғалар са­ны – 16230, олардың 10348-і жұ­мыс істейді. Аталған кәсіпкерліктер 40 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр және бюджетке 74,7 млрд. тең­ге қаржы түскен. Былтыр ауданда 118,6 млрд, теңгенің инвес­тициясы иге­ріліпті. Бұл сома құ­рылысқа, абат­тандыруға, жаңа құ­рал-жабдықтар алуға, т.б. жұм­салған. Сонымен бірге, 31 көшеге күрделі, орта жөн­деу жұмыстары жүргізілген. Жағымды жаңалық – ауданда жаңадан салынған тұрғын үйлердің саны артқан. Тек бір жылдың ішін­де, бүгінгідей қаржы дағдарысы бе­лең алған тұста ауданда көпқабатты 91 үй пайдалануға берілуі – қуа­нарлық жәйт. Сондай-ақ Зәуреш Жұманәліқызы былтырғы дағда­рыс­пен күрес жылы өздеріне оңай тимей, үлкенді-кішілі кәсіпорын өнімдерінің 46 пайызға кемігенін, қазір шағын және орта бизнес субъ­ектілері бәсекелестікке төтеп бе­ретіндей жағдай жасалып жат­қанын да алға тартты. Кездесуде жұртшылықты негі­зінен коммуналдық проблемалар қатты алаңдатып отырғаны бай­қалды. Мәселен, Каблуков (Торай­ғыров к. қиылысы) көшесінің бойында көшені кесіп өтетін жаяу жүргінші жолының жоқтығы, ауданның Алматы облысы Іле ауданының өкілдерімен бірлесе күзгі-қысқы мерзімдерде азық-түлік өнімдерінің Тимирязев пен Әуезов көшелерінің қиылысында өтетін жәрмеңкенің басқа орынға ауысуы, пәтер үйлерінің алдына көлігі бар­лар шынжырлап автотұрақ жасап алу жайы, құрылыс пен қоқыстар, газ жүргізу, тозығы жеткен жол­дар­ды жамап-жасқау, ауданда санаулы қалған ардагерлерге деген қолдау мен көмекті ұлғайту сияқты сауал­дар қойылып, оларға кездесу барысында әкім мен ауданның сала басшылары жауап берді. – Баршамыз үшін қаламыздың даму бағыты мен бағдарын, мүм­кіндіктері мен мәселелерін етене білу өте өзекті. Себебі, Алматының өсіп, өркендеуі – ел дамуының басты көрсеткіші. Әрине, мыңдаған мәселе, жүздеген жұмыстардың барлығы бірдей шешіліп тасталмаса да, ауыз толтырып айтатын же­тістіктер аз емес. “Еңбек етпесең – елге өкпелеме, егін екпесең – жер­ге өкпелеме” деген, алдымызға қой­ған осы мақсаттарды жүзеге асы­руда сіздер мен біздер болып, білек сыбана қызмет етуіміз керек. Барлығы да осы отырған сіздердің жанашыр қолдауларыңыз бен бірлесе атқарған істеріміздің ар­қасы. Айналып келгенде, Алма­ты­мыз бен ауданымыздың бүгіні де, болашағы да өз қолымызда. Олай болса, міндет те, мүдде де барша­мыз­ға ортақ. Тек, еңбегіміз еселі, іс-әрекетіміз әлеуетті, тірлігіміз тия­нақты болғай! – деді әкім ханым. Өткен жылдың өз қиындық, күр­делілігін де ала келгенін жет­кізген қала әкімінің орынбасары Ербол Шорманов ай сайын, тоқсан сайын аудандарға сараптама жа­салып, рейтингтік деңгейін анық­тағанда Бостандық ауданы кейде көшбасшы, кейде алдыңғы орын­дарда тұратынын атап өтті. “Бірақ, – деді Е.Шорманов, – әкімдердің есеп беруі жай халық алдына шы­ғып баяндама жасау емес, тұрғын­дармен жүзбе-жүз кездесе отырып, сіздердің тараптарыңыздан болатын өтініш, сын-ескертпе бола ма, яки жақсы ұсыныс, жобалар бола ма, солардан хабардар болу. Осылайша біз әр аудандағы нақты жағдай­лармен танысамыз. Оның үстіне әкімдердің бір жылғы жұмысына сіздер баға беріп, қандай жұмыстың атқарылып немесе атқарылмай ес­керусіз қалғанын өз құлағымызбен естіп, ол нәтиже біздің шығарған қорытынды рейтингіге сай, сай еместігін де бағамдаймыз. Бір айта кетерлігі, қала әкімі орынбасарының айтуынша, осын­дай есеп беру жиналыстарын са­ралай келгенде 60-65 пайыз сау­ал­дар, өтініш, арыздар коммуналдық тұрғын үй мәселесіне қатысты екен. Қалай дегенде де, өз аудан­да­рының тізгінін ұстап отырған әкім­дерімен жүздесіп, дидарласып, олар­дың жалпы не істеп, не қой­ғандарын біліп, алдағы іс-жоспар­ларымен ой бөлісуі халықпен жа­қындасудың, олармен есептесудің бір алғышарты болса керек. Бұл тек құрғақ уәде беріп, құтылудың жолы болмаса игі. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, Алматы.