Жақында еліміздің газ тасымалдау саласында елеулі оқиға орын алды. Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауданына қарасты Көксу ауылында «Қазақстан – Қытай» магистралды газ құбырының қуатын арттыратын жаңа №1 компрессорлық станса өз жұмысын бастады.
Бұл – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ пен қытайлық CNPC корпорациясы арасындағы әріптестік негізінде жүзеге асырылған ірі инвестициялық жоба.
Тұңғыш Президент күніне орайластырылған жаңа қондырғының ашылу салтанаты №1 КС пен Астанадағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» компаниясының Бірыңғай диспетчерлік орталығымен тікелей байланыс арқылы өтті. Іс-шараға сондай-ақ тасымалдау бекетінің мамандары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Тікелей байланыста алдымен сөз алған «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниясы газ тасымалдау және маркетинг жөніндегі атқарушы вице-президенті Қайрат Шәріпбаев бұл инфрақұрылымдық жаңа нысан газ құбырының «С» тармағының өнімділігін арттыруға және тасымал көлемін жылына 25 миллиард текше метрге дейін жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Елбасының 2020 жылға дейін көлік-транзиттік тасымал қуатын екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес газ саласында оң қадамдар жасалуда. «Қазақстан – Қытай» магистралды газ құбырының кезекті стансасын іске қосу арқылы еліміздің газ тасымалдау жүйесін жетілдіруге үлкен үлес қосылды, деді ол.
Жалпы, бүгінгі күні елдің газ саласы іс жүзінде толықтай жаңартылды және қазіргі заманғы ең озық жабдықтармен жасақталған. Нысанды пайдалануға енгізумен Қазақстан шығыстық газ транзитін екі есеге арттыруға қол жеткізді.
Жаңа нысан өткізу қабілеті мен ұзындығы бойынша ең ірі саналатын «Орталық Азия – Қытай» трансұлттық газ құбырының құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл құбыр төрт мемлекетті – Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, және Қытайды байланыстырып отыр.
«Азиялық Газ құбыры» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Ғалымжан Сағынтаевтың пікірінше, «С» желісінде 8 компрессорлық станса бар болса, соның төртеуі 2016 жылы іске қосылған. Екеуі биыл іске қосылса, ендігі жылға тағы да екі компрессор стансасы жұмыс істей бастайды. Сонда 2018 жылдан бастап «А», «В» және «С» желілері арқылы жоспарланған 55 млрд текше метр ортаазиялық газ Қытайға қарай тасымалданбақ. Оның ішінде 5 млрд текше метр Қазақстанның газы экспортталады.
Жаңа компрессорлық стансада заманауи жабдықтар орнатылған. Мұнда орнатылған «Roolls Royse» компаниясының газ айдаушы агрегаттарының жобалық қуаты сағатына 516 мың текше метр газ айдауға арналған.
Пайдаланылған инновациялық жабдық, сондай-ақ қосалқы технологиялар кешені магистралды газ құбырын пайдаланудың барлық кезеңі ішінде қауіпсіз және технологиялық үздіксіз газ тасымалдауды қамтамасыз ете алады. Перспективада КС-1 компрессорлық стансасы, егер қажеттілік туындаса, газ транзитінің көлемін ұлғайта алады. Ол үшін технологиялық параметрлері бойынша салынуы мүмкін төртінші «D» желісіне компрессорлық стансаны қосымша қосу көзделген.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы