Астанада көрерменді ретроспективаның алуан түсімен табыстырған суретші, галерист Лейла Махаттың «Осындамын» атты жеке көрмесі өтіп жатыр. Көрмеге қойылған әр картинаға үңілген сайын суретшінің өзіне ғана тән қолтаңбасын, болмысын жете тани түсесіз. Өйткені онда Лейла Махаттың жылдарға ұласқан бай тәжірибесі мен қазақ даласының шексіздікке ұласқан көкжиегі көрінеді.
Залдың орта шеніне ілінген пейзаждар топтамасы таяуда туған дүниелер. Сәулетті ландшафт пен бір бояудың құбылған нешеме өңі бір мезетте жағаны ұрған теңіз толқынындай түрлене түседі. «Бұлттар мен таулар» диптихінен, «Дөң үстінде», «Скиф елді мекендері» сериясынан америкалық атақты суретші Ротконың абстрактілі бояуларымен үндестігі байқалатындай. Ал Лейла образ жасауда қайсарлық пен ерік-жігерді, уақыт пен өлшемді заңғар биіктен, мәңгі аласармайтын аспаннан іздейді.
Лейланың тереңдікке тұнған әлем туралы пайымының кішкентай бөлшегі, әсіресе «Көгілдірдің түстері», «Құланның түрлі түстері» атты топтамасынан анық көрінеді.
«Бұл туындылар соңғы 2-3 жыл көлемінде дүниеге келген. Көрменің негізгі өзегі Қазақстанның мәдениетімен, тамырлы тарихымен астасып жатыр. Құлан өте бір қызық жануар, тұрқы шағын келген осы бір дала тағысына кейбірі шүбә келтіріп жатады. Мені таңғалдыратыны, бұл жануарды қолға үйрете алмайсың. Дегенмен олар табиғат аясында бір-бірімен қоғамдаса, жұптасып өмір сүреді. Мен үшін құлан – бостандық символы, азаттықтың көрінісі», дейді суретші.
Лейла Махат кәсіби суретші ғана емес, Бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша философия докторы, Қазақ ұлттық өнер университетіндегі «Көркем сурет және мүсін» кафедрасының доценті, тәлімгер. Суретші қолтаңбасы шетелдік өнертанушыларға да кеңінен танылған. Атап айтқанда, Түркия Мәдениет министрлігінің бейнелеу өнері музейінде, Молдова мемлекеттік бейнелеу өнері музейінде, Германияның Мюнхень қаласындағы «Арт 21», Берлиндегі «Сарай» галереясында, сондай-ақ Жапония, Аустрия, Қытай Халық Республикасы, Бельгия, Үндістан сынды елдердегі өнер орталығында шығармашылық топтамалары орналасқан.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»