Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Сергей Громов бастаған Қазақстан парламентшілерінің делегациясы Қытай Халық Республикасында сапарда болды.
ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халық үкіметінің төрағасы Закир Шохратпен және ҚХР Гуандун провинциясы Халық өкілдерінің жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Ю Меймен кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық, көлік және мәдени ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сенат Төрағасының орынбасары Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық әріптестік сипатындағы өзара іс-қимылының жоғары деңгейін атап өтті. С.Громов біздің елдеріміз арасындағы достық байланыстарды дамыту және нығайтудағы екі мемлекет басшылары қосқан үлестің зор маңызын атап өтті.
Жүздесушілер қытайлық «Бір белдеу, Бір жол» бастамасы мен біздің еліміздің «Нұрлы жол» бағдарламасын, сондай-ақ 2015-2020 жылдарға арналған Шекара маңындағы ынтымақтастықты дамытудың мемлекетаралық бағдарламасын үйлестіру жоспарын іске асыру тұрғысында ынтымақтастықты одан әрі дамытудың келешегіне қатысты пікір алмасты. Одан басқа, өкілді және атқарушы биліктің байланыстары, парламентаралық үнқатысулар, делегациялар алмасу арқылы екіжақты өзара іс-қимылды үдету мәселелері де қозғалды.
Сапарда жүрген делегация құрамында сенаторлар Рашит Әкімов, Рысқали Әбдікеров, Владимир Волков, Ғұмар Дүйсембаев, Әлімжан Құртаев, Дүйсенғазы Мусин бар.