• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Желтоқсан, 2017

ЕҰУ-да «Ақселеу Сейдімбек және тарих ғылымындағы шежіретану мәселелері» атты конференция өтеді

1231 рет
көрсетілді

2017 жылдың 6 желтоқсан күні сағат 10.00-де Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Тұңғыш Президент аудиториясында (Қ.Сәтбаев көшесі, 2. Бас ғимарат, 208 ауд.) аса көрнекті этнограф, филология ғылымдарының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбектің 75 жылдық мерейтойына арналған «Ақселеу Сейдімбек және тарих ғылымындағы шежіретану мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Қазақстан халқы ассамблеясы толеранттылығы және этносаралық қатынастар  орталығы» ұйымдастырып отырған шараға алыс-жақын шетелдерден ғалымдар мен еліміздің әр өңірінен тарихшылар және  әдебиеттанушылар шақырылып отыр. Сонымен қатар  халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен көзі тірісінде қатар жүрген үзеңгілес қаламгер достары қатысады деп күтілуде.

Халықаралық конференция Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықовтың алғы сөзімен ашылып, жиынға ЕҰУ-дің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы модераторлық жасайды.

Пленарлық мәжілісте ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қ. Салғара «Ақселеу – ұлттық тұлға»; Қазақстан халқы ассамблеясы толеранттылығы және этносаралық қатынастар орталығының директоры, т.ғ.д., профессор С. Сыздықов «Ортағасырлық қарлық түркілерінің қазақ шежіресімен байланысы»; ҚР ҰҒА академигі Х. Әбжанов «Сакралды география: мәні, құрылымы, келешегі»;  филология ғылымдарының докторы, профессор Ш. Ыбыраев «Қазақтың дәстүрлі мәдениетін зерттеушісі»; ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Б. Кәрібаев «Найман шежіресіне қатысты ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы орыс тіліндегі материалдар және оларға сипаттама»; Шоқан Уәлиханова атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры К. Әбуов «Шоқан Уәлиханов қазақтардың ауызша тарихы туралы»; филология ғылымдарының докторы Б.Рахымов «Селеулі дала перзенті» тақырыбында баяндама жасайды.

Конференция барысында А.Сейдімбек туралы деректі фильм көрсетіліп, ғалым туралы кітаптардың тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылады.

Халықаралық шара «Еуразияның ауызша тарих дәстүрі (шежіре)» және «Әдебиеттану, тілі білімі және журналистиканы зерттеу мәселелері» тақырыбында екі секция бойынша өз жұмысын жалғастыратын болады.

Көрнекті әдебиеттанушы ғалым, этнограф, өнер зерттеушісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Ақселеу Сланұлы Сейдімбек 1942 жылы 12 желтоқсанда Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Байдалы би ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген соң өмірінің әр кезеңінде «Жас алаш», «Орталық Қазақстан», «Егемен Қазақстан» газеттері, «Зерде» журналы, «Әлем» альманағы редакцияларында түрлі шығармашылық басшы қызметтерде болды.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бірыңғай ғылыми жұмысқа ауысып, Ы.Алтынсарин атындағы Білім проблемалары институтының директоры, Қазақ Білім академиясының президенті, Президенттің мәдени орталығы директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 2000 жылдан бастап Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, профессоры болып қызмет істеді.

Ақселеу Сейдімбек оқырманға алдымен журналист ретінде танылды. Оның публицистикалық еңбектері журналистиканы жаңа деңгейге көтерді. Жәнібек Кәрменов екеуінің қазақтың ән өнері туралы сыр-сұхбаттар сериясы Қазақ телевизиясының алтын қорына кірді.

Ол әдебиеттанушы және этнограф ғалым ретінде ұлттық төлтумалықты айғақтауға елеулі үлес қосты, қазақтың қара өлеңдері мен күй аңыздарын жүйелеп, ғылыми айналымға түсірді. Қазақстанда этнографиялық және этнологиялық ізденістердің жандануына ықпал етті. Ақселеу Сейдімбектің есімі зерделі өнер зерттеушісі әрі өрісті өнер иесі ретінде халқымызға кеңінен танымал. Қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін тұғыр ете отырып, «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Толғау» сияқты ұлт рухын көтеретін тамаша әндер шоғырын дүниеге әкелген Ақселеу Сейдімбек – Қазақстан Республикасы Ұлттық Кеңесінің, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қоғамдық кеңесінің, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының, ПЕН-клубтың мүшесі. Ол – «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты он томдық толымды еңбек авторларының бірі. Оның «Күй-шежіре», «Көшпелілер тарихы», «Қазақ әлемі», «Қазақтың ауызша тарихы» сияқты іргелі еңбектері ұлт руханиятының бағалы қазынасына айналды. Марқұмның ел бірлігін сақтау, мемлекет тәуелсіздігін нығайту, ұлт руханиятын ұлықтау тақырыбына жазған тағылымды еңбектері өз алдына бір төбе.

Отызға жуық көркем, ғылыми-көпшілік, монографиялық еңбектер жазып, соңына мол мұра қалдырған Ақселеу Сейдімбектің еңбегі лайықты бағаланып, ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанып, «Құрмет» орденімен марапатталды.