• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Желтоқсан, 2017

«Нұрлы жол» бағдарламасының орындалу барысы талқыланды

260 рет
көрсетілді

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті.

Жиында «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасын іске асыруға бөлінген қаражатты пайдаланудың жариялығы мен тиімділігін қамтамасыз ету бағытындағы шаралар талқыланды.

Отырысты ашқан Г.Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егер сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаса, ешкімге де жеңілдік жасалмайды және ешкім жазадан құтылмайды» деген сөзін атап өтті. Содан кейін Мемлекеттік хатшы «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалу барысына тоқталды. Оның айтуынша, аталған бағдарламаны орындау барысында мемлекеттен екі триллион теңге қаражат жұмсалған.

«Нұрлы жол» бағдарламасы ел экономикасындағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға, транзиттік әлеуетті дамытуға және көлік инфрақұрылымын халықаралық жүйеге интеграциялауға бағытталған. Орталықта, жергілікті жерлерде оның уақытылы және тиімді орындалуын қамтамасыз ету маңызды», деді Г.Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшының сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңда бұл бағытта қабылданып жатқан шаралар жеткіліксіз болып отыр. Мәселен, мемлекеттік аудит органдары бағдарламаны орындау үшін жұмсалған бюджет қаржысын игеруге тексеру жүргізгенде 34,3 миллиард теңге мөлшеріндегі заң бұзу фактілерін анықтаған.

Агроөнеркәсіп саласындағы прокурорлық тексерістер нәтижесінде жалпы құны 15 миллиард теңге болатын 3,5 мың заң бұзу тіркелген. Сонымен қатар, 2,6 миллиард теңге көлеміндегі субсидияны заңсыз төлеудің жолы кесілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2015 жылдан бері мемлекет қазынасына миллиардтаған шығын келтірген 27 қылмыстық істі қозғаған.

Сондай-ақ, отырыста Инвестициялар және даму министрлігінің, Бас прокуратураның, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің баяндамалары тыңдалды.

Комиссия талқылау қорытындысы бойынша өкілетті органдар мен квази-мемлекеттік сектор субъектілеріне анықталған заң бұзушылықтарды талдау және алдағы уақытта ондай кемшіліктерге жол бермеу үшін әрекет ету тетіктерін әзірлеп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»