• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Футбол 06 Желтоқсан, 2017

Ярослав Шилгавы: Кабананга мен Твумасиді тұсап ұстауымыз керек

428 рет
көрсетілді

«Славия» – «Астана» командаларының ойыны алдында чехиялық клубтың бас бапкері баспасөз мәслихатын өткізді.

– Бірден айтайын, командамызда жарақат алған футболшылар бар. Сондықтан да біз осы ойынға толық құраммен шыға аламыз деп айта алмаймын. Дегенмен, Якуб Громада мен Иозеф Хушбауер бүгін жаттығуға қатысты. Олардың ойынға қаншалықты дайын екені ертең белгілі болады.

– Сіздің командаңыз ішкі біріншілікте сүреңсіз өнер көрсетіп келеді. Қазір «Викториядан» 14 ұпайға қалып келе жатыр. Сондықтан да, Еуропа лигасын құрбан етпейсіз бе?

– Чехия лигасы туралы айтатын болсақ, күзгі ойындарымыз жақсы өтті. Ал Еуропа лигасы бізге өте маңызды. Біз нәтижелерімізді одан әрі жақсарта түскіміз келеді. Сондықтан да, ертеңгі ойында жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтуді көздейміз. Бұл ойындар чемпионтаттағы ойындарға еш кедергі келтірмейді.

– Ертеңгі ойынды қалай жүргізесіз? Тең нәтиженің өзі жеткілікті ғой. Бәлкім, бірінші минуттан шабуылға шығудың қажеті жоқ шығар!?

– Тең нәтижені ұстау үшін ойнасақ қателік болады. Біз белсенді қимылдауымыз керек. Тек матчтың соңына қарай тең есеп сақталып тұрса, онда біз есепті сақтау үшін уақытты созуға барамыз.

– Бұл ойын командаңыздың осы жылдың басты ойыны деп айта аласыз ба?

– Әрине, ертеңгі нәтиже біздің командамыздың бағасын береді. Біз қарсыластар туралы айта алмаймыз. «Виктория» да бізді осыншама артта қалдырады деп ойламадық. Енді Еурокубокке көз тігеміз.

– Қытайлық компания «Славия» үшін үлкен қаржы салды. Алайда, біріншілікте чемпион атана алмайтынға ұқсайсыздар. Сондықтан да, маусымның алғашқы бөлігі сәтсіз өтті деп ойламайсыз ба?

– Біз бапкерлер штабы өткен жылы келіп чемпион атандық. Биыл да екінші орындамыз. Бұл сәтсіздік емес. Оның үстіне Еуропа лигасында тамаша ойнап жүрміз. Осының өзі біз үшін жетіп жатыр.

– Алғашқы ойында ойнамаған Данни ертеңгі ойынға шыға ма? «Астана» футболшыларынан кімді ерекшелейсіз?

– Данни ертең ойнай ма жоқ па, әлі өзім де білмеймін. Оның орнын қазір Миролсав Стох алып отыр. Ал «Астана» командасының футболшыларынан ешкімді ерекшелемей-ақ қояйын, дегенмен қазақстандық команданың күшін байқап қалдық. Сондықтан да, сақ болғымыз келеді.

– «Астана» командасының ойынын бақылауға адам жібергеніңіз рас па?

– Мен Мирослав Беранекпен сөйлестім. Ол бұрын Қазақстанда жұмыс істегендіктен көп ақпарат берді. Ал «Астананың» «Виктория» Жижковпен өткен ойынын өзім барып арнайы тамашаладым.

– «Астананың» еурокубоктегі соңғы 7 голын соққан екі ойыншы Кабананга мен Твумасиді қалай ұстауға тырасыз?

– Әрине, осы екі ойыншыны қатты бағалаймыз. Біз оларды көп қимылдатпауға тырысамыз. Қорғаныста бос кеңістік болмауы тиіс. Себебі, екеуі де жылдам әрі техникасы мықты аяқдопшы. Ал жалпы ойынға қатысты жоспарымды қазір айта алмаймын.

Ермұхаммед МӘУЛЕН, «Егемен Қазақстан»