АТТЫ СӘБИЛЕР ӨМІРГЕ КЕЛДІ
Шымкент қаласының тұрғыны Лаура Біләлова таяуда ғана үш бірдей перзентті өмірге алып келді. Лаураның өзі Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жалпы медицина факультетінің 4-курс студенті. Жолдасы Әзизхан да жоғары білімді заңгер. Өмірге келген үшем олардың тұңғыштары десек, бүгінде нәрестелер мен олардың анасы дәрігерлер бақылауына алынған. Соның арқасында қазір Айсел, Жансел, Нұрсел атты үшем қалыпты жағдайда өсіп келеді. Денсаулықтарында кінәрат жоқ, күн санап салмақ қосуда. Лаураның да жағдайы жақсы.
Өмірге үшемнің келуін Лаура оқитын жоғары оқу орнының басшылығы да ескерусіз қалдырмады. Үшемнің жөргек- пұлына деп 150 мың теңге сыйақы бөлді.
Еліміздің демографиялық ахуалы бүгінгі таңда көкейтесті мәселеге айналып отырғаны белгілі. Сондықтан, студент Л.Біләлованың тұла бойы тұңғыштары – Айсел, Жансел, Нұрселдің ойдағыдай өсіп, ешнәрседен мұқтаждық көрмеуі олардың өзіне, ата-аналарына ғана емес, елімізге де сын. Жас әке Әзизханның бүгінде жұмыссыз жүргендігі ескеріліп, жергілікті әкімдік оған оң көзбен қарап, жастарға көмек қолдарын ұсынса, нұр үстіне нұр болар еді.
Жанна ИМАНҚҰЛОВА.