Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жалпыұлттық телекөпір барысында серпінді жобаларды іске қосты
Астана қаласында «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» ұлттық телекөпірі өтті. Дәстүрге айналған алқалы жиынға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Шара аясында еліміздің барлық өңірімен тікелей байланыс орнатылып, Индустрияландыру картасының ең маңызды нысандары көрсетілді. Олардың қатарында металлургия, өнеркәсіп, құрылыс материалдары, машина жасау, көлік және логистика салалары бойынша 25 жоба бар.
Жетістіктерді зерделеп, олқылықтарды сынады
Президент жалпыұлттық телекөпірде сөйлеген сөзінде ауқымды индустрияландыру бағытын ұстанғанымыздың дұрыс болғанын және оның уақыт талабына сай екенін айтты. Сонымен қатар экономиканы әртараптандыру үшін инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор екенін атап өтіп, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Еуразиялық мультимодальдык көлік дәлізінің іске қосылғанын және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі құрылысының аяқталғанын атап көрсетті. «Осы жылдар ішінде 2 мың шақырым темір жол, 5 мың шақырым автомобиль жолы салынды. Теңіз және әуе айлақтарына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құрық портында теміржолға және автомобильге арналған паром кешені іске қосылды. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы және Ляньюньган теңіз порты жобаларын жүзеге асыру нәтижесінде Азия-Еуропа бағытында Қазақстан арқылы жөнелтілетін контейнерлік жүк тасымалының көлемі жыл сайын еселеніп келеді. Бұл 2020 жылға қарай еліміздің тасымалдаудан түсетін табысын 5 миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік береді», деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінше, индустрияны да, инновацияны да жасау үшін тиісті қаражат, білікті мамандар қажет әрі мемлекет дайын болуы керек. Біз бұған 2010 жылы ғана дайын болдық. «2008-2009 жылдары дүниежүзілік дағдарыстан, қаржы дағдарысынан, экономикалық дағдарыстан шықтық. Мұнайдың бағасы барреліне 10 долларға түскенін көрдік. Оның әрі-бері ауытқып тұратындығына көз жеткіздік. Шикізат бағасы бір орында тұрмайды, кейде көтеріледі, кейде түседі. Ал адам өмірі ондай емес. Мәселен, бүгін біз халыққа 300 мың теңге жалақы төлейтін болсақ, ертең «мұнайдың бағасы төмендеді» деп 100 мың теңге бере алмаймыз», деді Президент.
Табыстың көзі ақыл-ой болуы тиіс
Мемлекет басшысы мұнай мен газдың аумалы-төкпелілігін төмендету үшін не істеу керектігін де айтты. «Бүкіл әлемдегі сияқты екінші экономика жасауымыз керек. Зерделеп қарасаңыздар, алдыңғы қатарлы мемлекеттерде, Оңтүстік Кореяда мұнай мен металл тұрмақ бір түйір көмір де жоқ. Сингапурда қандай көмір, темір немесе мұнай мен газ бар? Швейцарияда, Германияда не бар? Бірақ ақылмен, оймен алдыңғы қатарлы елдердің легінде келе жатыр. Сондықтан біз білектің күшімен жерді қазып, қопарып, кенді далаға шығаратын ғана қазақ болмай, жұрт сияқты ақыл-оймен, парасатпен ақша тапқанымыз жөн.
Мен көрген Израильде, Тель-Авивте тұрған зауыт осы біз отырған кішкентай зал сияқты. Жыл сайын 10 млрд доллар ақша табады... Біз кең даламызда кеннің бәрін қазып, шығарып, қатырып жатырмыз деп ойлаймыз. Сондықтан қиын болса да индустриялық бағдарламаны қолға алдық. Бұл – біздің болашағымыз. Бұл – еліміздің өркендеген мемлекеттер қатарына қосылу жолы. Бұл – біздің кадрларды дайындаудың мәселесі. Ендеше, жастарды басқаша жұмыс істеуге дайындау керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл – қазақтың болашағы. Осыны еске алып, жолға түсу қажет. Бірақ не болса соны жасамай, керекті, бәсекеге қабілетті дүниелерді шығаруға тиіспіз», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы шенеуніктер мен компаниялар басшыларын цифрландыру үдерісіне ерекше назар аударуға шақырды. «Үшінші жаңғыру бағдарламасы еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыруды, біздің тауарлардың экспортын кеңейтуді талап етеді. Индустриялық саясаттың негізгі бағыты 4.0 технологияларын енгізуге қатысты болып отыр. Бұл бағыттың мән-жайын тыңғылықты түсіну керек. Осыған байланысты «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы дайын. Сондықтан оны жүзеге асыруға барлығы қатысуы керек, яғни әрбір министрлік, әкімдік, сондай-ақ Қазақстандағы әр компания қамтылуы тиіс», деді Елбасы. Сонымен қатар Президент жақында Астана цифрландыру бойынша ауқымды форумды қабылдайтынын еске салып, бұл тұрғыда Ресеймен, Беларусьпен және басқа елдермен уағдаласқан қадамдар аясында алдағы ЕАЭО форумын барынша жемісті өткізу маңызды екенін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, цифрлы технологияларды дамыту аясында ғылымға негізгі басымдық беріледі. Осы орайда Қазақстанның екі ғылыми орталығына үлкен сенім артылып отыр. «Мен Назарбаев Университетінің зертханаларын аралағанда біраз зерттеулерді көрдім, нәтижесі де жоқ емес. Ал «Алатау» инновациялық технологиялар паркі не істеп жатыр? Шынымды айтсам, оған қолым жетпей жүр. Құрғанымызға біраз уақыт болды, қыруар ақша да жұмсадық. Алайда нәтижесі көрінбейді», деген Президент Үкімет пен Алматы әкіміне «Алатау» инновациялық технологиялар паркін жан-жақты тексеруді тапсырды.
Елбасының пайымынша, технологиялық жаңғыртуды ойдағыдай атқару үшін адам капиталын дамыту қажет. Кәсіби мамандарды жинамай алға қойылған мақсаттарды іске асыру мүмкін емес. «Бізде білім саласы да, ғылым саласы да индустрияландыру мақсаттарына сай болуы тиіс. Кәсіби әрі білікті мамандар болмаса, ешқандай индустрияландыру да, цифрландыру да болмайды. Ал ондай мамандарды тірнектеп жинап, нақты мақсаттарға жұмылдыру керек. Олардың ойлап тапқан технологияларын қолданысқа енгізейік. «Болашақ» бағдарламасы да, Назарбаев Университеті де, жалпы барлық университеттер соған жұмыс істеуі керек. Зияткерлік мектептер дарынды балаларды іріктеп жатыр. Негізі, қазір жұмысты 25-30 жастағы азаматтарға беру керек. Одан қорқатын ештеңе жоқ, бәрімізді алға жетелейтін солар», деді Мемлекет басшысы.
Елбасы сөзінде ЭКСПО технологияларын елімізде енгізу жұмыстарына байланысты сыни ойын жеткізді. Халықаралық мамандандырылған көрмеде баламалы энергетикаға арналған 140 ғылыми жоба таныстырылған. Арада бар-жоғы екі-ақ ай өтсе де, маңызды шараны ұйымдастырғанымыз ұмытыла бастаған сыңайлы. «Бірден айтайын, мен бұл көрмені ұмытпаймын. ЭКСПО-ны не үшін өткіздік? Қыруар жұмысты не үшін жасадық? Біз әлемнің баламалы энергетика саласындағы тәжірибелерімен танысуды көздедік. Қатысушылар да келді, бірегей жобаларын көрсетті. Бұл бағыттарда міндеттер қойылды. Ал біз болсақ, келесі бетті аударып, ЭКСПО-ны жаба салдық», деген Нұрсұлтан Назарбаев маңызды шарада таныстырылған технологияларды жүйелі түрде қолданысқа енгізу қажеттігін тапсырды. Осыған байланысты нақты жоспар болғаны жөн. Шетелге барып, технологиялардың қалай жұмыс істеп жатқанын көріп, өз жерімізде іске қосу қажет. Осы жұмысқа толығымен Үкімет жауапты.
Телекөпір кезінде Қазақстанның фармацевтикалық саласы дамудың жаңа кезеңінде тұрғанына тоқталған Мемлекет басшысы бұл бағыттағы кәсіпорындарға халықаралық GMP стандарттары енгізілгенін атап өтті. Сонымен қатар саладағы ел компанияларының дамуына кедергі жасап отырғандарды сынға алды. «Отандық фармацевтикалық саланың дамуын тежеп жүргендерге тағы ескерту жасаймын. Бұл саланың өркендеуіне қажетті жағдай жасалуы керек. Аталған мәселе менің жіті қадағалауымда», деді Президент.
Басқосуда Елбасы Үкіметке шетелдегі қаржыны қайтаруға қатысты арнайы заңнама әзірлеуді міндеттеді. Оның айтуынша, бүгінде 18 отандық компания 12,5 млрд долларды шетелде ұстап отыр. Айталық, «ТеңізШевройл» компаниясы – 4,5 млрд доллар, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы – 3 млрд доллар, «ҚазМұнайГаз барлау мен өндіру» компаниясы – 2 млрд доллар, «Азия газ құбыры» ЖШС – 1 млрд доллардан астам, «Бейнеу – Шымкент» газ құбыры» ЖШС – 100 млн доллар, бұдан бөлек, «Шығыс Цемент», «Жайық Мұнай», «Каспий құбыры консорциумы» және басқа да компаниялар шетелде қыруар қаражаттарын ұстап келеді. «Бұл компаниялар Қазақстанның ресурстарын сатып, ақша табады. Ал табыстарын шетелде ұстайды. Неге ол ақша осында айналымға түсіп, ел экономикасына жұмыс істемейді? Жарты жылдың ішінде мемлекетке қарасты компаниялар шетелдегі қаржысын 2 млрд доллардан 6 млрд-қа дейін ұлғайтты», деді Президент.
Ілкімді жобалар іске қосылды
«Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» атты жалпыұлттық телекөпірде Мемлекет басшысы еліміздің әр өңірінде орналасқан жаңа индустриялық-инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық және агроөнеркәсіптік жобаларды онлайн режімде іске қосты. Қазақстан экономикасына тың серпін беретін жаңа зауыттар мен өндіріс орындарының легін Ақмола облысындағы алтын өндіру зауыты бастады. Жобаны Президентке таныстырған «Қазақалтын» ТМК» акционерлік қоғамының бас директоры Баламир Маханов бұл құрамында бағалы металдары бар техногендік минералды түзілістерді өңдейтін ТМД-дағы алғашқы кәсіпорын екенін айтты. «Жоба алғашқы кезде Доре қорытпасымен 4 тонна алтын, 2 тонна күміс өндіретін болады. Бағалы металдар әрі қарай Астанадағы Аффинаж зауытында өңделеді. Мұндай өндіріс еліміздегі алтын қорын толықтыруға мүмкіндік береді», деді бас директор.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы аталған кәсіпорын Қазақстан үшін ірі өндіріс орны екеніне маңыз берді. «Бүгінгі күні алтын біздің валютамыздың негізі болып отыр. Қазақстанның әр жерінде 150-ден астам кен орны бар. Соның барлығын отандық компаниялар игеретін болса, еліміздің байлығы одан әрі еселене түсетіні сөзсіз. Бұл өндіріс орны төрт тонна алтын шығарады. Демек, өте ірі жоба», деді Елбасы. Айта кетерлігі, дәл осыған ұқсас өндіріс орындарын Ақмола облысының Бестөбе жəне Жолымбет кенттерінде де іске қосу жоспарланған. Жобаның құны шамамен 30 584,8 миллион теңгені құрайды.
Металл өндіретін тағы бір зауыт Павлодар облысында ашылды. Нақтырақ айтсақ, бұл өңірде қоспалы алюминий өндірісі мен осы алюминийден автомобиль дискілерін шығаратын «Giessenhaus» ЖШС өндірісі жұмысын бастады. Бұл жоба жылына 36 мың тонна қоспалы алюминийді шығаруға қабілетті. «FORWOLL GROUP» компаниялар тобының бас директоры Руслан Литвинов зауыт мұндай қоспалы металдарды отандық әрі шетелдік кәсіпорындарға жеткізуге дайын екенін мәлімдеді. «Қара әрі түсті металы бар ел ретінде бізге бұл ресурстарды өндірумен қатар, оларды өңдеп, қажетті бұйымдарды жасау да маңызды. Мен үнемі алюминийді өңделген күйінде шығаруды талап етіп келемін. Енді алюминийден басқа да заттарды шығаруға ерекше назар аудару керек», деді Президент.
Мемлекет ауылшаруашылық өнімдерін шығаратын кәсіпорындарды да ерекше қолдауда. Қазақстандықтарды қауіпсіз әрі сапалы өнімдермен қамтамасыз ететін үш бірдей кәсіпорын биылғы телекөпірде тұсауын кесті. Оның біріншісі – «Маслодел» ЖШС ашқан Солтүстік Қазақстан облысындағы сүт зауыты. Жоғары технологиялық қондырғылармен жабдықталған кәсіпорынның өнімдері бәсекеге қабілетті болуға әбден лайық. Өздерінің өнімдері туралы әңгімелеген «Маслодел» ЖШС директоры Павел Селиванов жаңа отандық зауыттың өнімдері Еуразиялық экономикалық одақ нарығында сапа жағынан бәсекелесуге толыққанды дайын екенін мәлімдеді.
Ал екінші жаңа жоба – Шығыс Қазақстандағы «Шығыс-Сүт» ЖШС-нің сүт кешені. Бас директоры Сейілжан Сайлаубаев серіктестіктің өндіріс ошағы Қазақстан Президентінің индустрияландыру саясатының жемісі екендігін айтып, жоба жылына 40 мың тонна сүт өңдейтінін жеткізді. Бүгінде осы зауыттың арқасында 245 жаңа жұмыс орны ашылған. Сүт кешенінің құрамында 4 тауарлы сүт фермасы, 10 сүт қабылдау пункті, 18 фирмалық сауда нүктесі бар. Зауыт басшылығы сүт өнімдерін шет мемлекеттерге экспорттауға дайын.
Үшінші жоба – Батыс Қазақстан облысындағы «Жайық Агро LTD» ЖШС-нің құс фабрикасы. Директоры Темірғали Ескендіров барлық ауыл шаруашылығы мамандары атынан Елбасына алғысын білдіріп, «Еліміздің батыс, шығыс және солтүстігіндегі 3 жаңа тағам өндірісі – бизнес пен ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның жемісі. Біз де аграрлық саланың өркендеуіне өзіндік үлесімізді қосатын боламыз», деді. Өндіріс орнының жұмыстарына сәттілік тілеп, өндірісті бастауға рұқсат берген Елбасы «Аграрлық сала Қазақстанның өркендеу, өсу жолындағы экономикасының негiзіне айналып келедi. Себебi қазір дүние жүзiнде халық саны ұлғая түсуде. Осыған байланысты тағам тұтыну деңгейі де артқан. Сондықтан тағам өнiмдерін шығаратын өндірістерді жолға қоймай, алға ілгерілеу мүмкін емес», деді.
Сондай-ақ телекөпір кезінде Жамбыл және Алматы облыстарының аумағында орналасқан шағын және орта бизнес нысандары да іске қосылды. Жаңа инновациялық технологиялар еңбек жағдайын жақсартып, өнімділікті арттырады. «Өніміміздің 60 пайызы Ресей мен ТМД елдеріне жеткізіледі. Біз экспорттық көрсеткіштерімізді көтеруге ниеттіміз», деді «ОРГСТРОЙ» ЖШС бас директоры Қали Ғылымхан.
Қазақстан соңғы жылдары ескірген көліктерді жоюға, сол арқылы қоршаған ортаны ластанудан сақтауға ерекше ден қойып келеді. Осы салада жаңа жобаларды жүзеге асыру – экономиканың басты саласының бірі. Енді міне, кешегі телекөпірде жұртшылық көптен күткен жаңа зауыт – ескі көліктерді өңдейтін кәсіпорынның ашылғанын көрді. Қарағанды облысында орналасқан өндіріс ошағы – Қазақстандағы мұндай бағыттағы алғашқы жоба.
Жаңа зауытты Елбасына таныстырған «Recycling Company» ЖШС Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Айдын Нұрахметов жоба жылына 50 мың автокөлікті өңдеуге қауқарлы екенін жеткізді. Соның арқасында 20 мың тоннадан астам қара және түсті металл өндіруге жол ашылмақ. «Барлық технологиялық үдеріс қоршаған ортаға еш зиянын тигізбейді. Президент мырза, біз өңір мен барша елдің дамуы үшін елеулі үлес қосуға уәде береміз. Өндірісті іске қосуға рұқсат беріңіз!», деді ол. Өз кезегінде Президент елімізде жеңіл автокөліктің 18 түрі құрастырылатынын айта келе, мұндай ірі жоба ел экономикасын елеулі үлес қосатынын атап өтті. Ескі көліктерді қайта өңдеп, кәдеге жарататын жобаға сәттілік тіледі.
Телекөпір барысында тағы бір әлеуетті жоба іске қосылды. Ол – Орталық Азиядағы ұшақ жөндейтін ірі кәсіпорын. Жаңадан жұмысын бастаған «Эйр Астана» авиациялық техникалық орталығы өз авиалайнерлері мен басқа да әуе компанияларының ұшақтарына техникалық қызмет көрсетеді.
Техникалық қызмет көрсету Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің стандарттарына сәйкес жүргізіледі. Орталықтың мұндай қауқары Астананы әуе хабы ретінде дамытуға ықпал етпек.
Жалпыұлттық телекөпір барысында Маңғыстаудағы «Ақтау – Бейнеу» автожол жобасының «Ақтау – Шетпе» бөлігі іске қосылды. Бұл «Астрахань – Атырау – Ақтау – Түрікменстан шекарасы» халықаралық транзиттік дәлізінің құрамына кіреді әрі Ресей мен Шығыс Еуропаны Орталық Азия елдерімен байланыстыратын ең қысқа жол. Жүк тасымалының көлемі жылына 3 миллион тоннаны құрайтын жоба Ақтау мен Құрық теңіз порттарының мүмкіндігін арттырмақ.
Бұған қоса Шымкентте ірі көлік-логистикалық орталығы ашылды. «Біз Шымкент қаласында мультимодальды көлік-логистикалық орталықтың құрылысын аяқтадық. Оның жүк өткізгіштігі – жылына 1 млн тонна. Біздің орталық – Шығыс-Батыс, Оңтүстік-Солтүстік ағынына қызмет ететін кеден аймағы мен толық сервистік желісі қамтылған заманауи кешен», деді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Санжар Елубаев. Өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жобаларды іске асыру қыруар жұмысты қажет ететінін айтып, мұндай серпінді жобаны іске қосу арқылы кәсіпорын ел экономикасына елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.
Президенттің қатысуымен өткен телекөпір барысында Маңғыстау облысында Құрық портының паромдық терминалы ашылды. Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту және Еуразия құрлығындағы логистикалық торапты құру жобасын іске асыру мақсатын көздеген жоба – Транскаспийлік көлік дәлізінің негізгі бөлігі. Бұл арқылы биыл 1,2 млн тонна жүк өткізілген. Жаңа автомобильдік-паромдық кешен жыл сайын қосымша 2 млн тонна жүк тасымалдайды. Осы кешеннің іске қосылуымен Түркияға және Еуропа елдеріне жаңа бағдарлар ашылып отыр.
Шара барысында Елбасына таныстырылған тағы бір жаңа жоба мұнай-газ құрылғыларын ЕАЭО мен Қытай нарығына шығаратын жаңа зауыт болды. «Кәсіпорын ұжымы еліміздің мұнай-газ өнеркәсібіне арналған машина жасау саласын дамытуды мақсат тұтады. Зауытымыз ашылғалы 120 жұмыс орны құрылды, 5,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Енді өндірілген өнімнің 20 пайызын ЕАЭО мен Қытай нарығына экспорттауды жоспарлап отырмыз», деді «Мұнай құрылғыларының қазақстандық зауыты» ЖШС директоры Анар Кашлаев. Мемлекет басшысы Ақтөбе облысында орын тепкен зауыттың жұмысына сәттілік тілеп, оны іске қосты.
Осы жобамен қатар, Ақтөбе облысында тағы бір өндіріс ошағы жұмысын бастады. Ол – «Бозой» қоймасында газды кептіру қондырғысы. Жобаның арқасында Ресей, Қытай, Өзбекстанға тасымалданатын транзиттік және экспорттық газдың көлемі артады. Жалпы, «Бозой» жерасты газ қоймасы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық маңызды нысан екені белгілі. Енді жаңа қондырғы өнімділікті арттырып, газ алуды тәулігіне 27 млн текше метрге дейін жеткізбек. Бұл қондырғының ерекшелігі сол, газ сапасын арттырып, оның құрамындағы бөгде қоспаларды, ылғалды тазартады, жұмыстың өнімділігі мен қауіпсіздігін арттырады. Осылайша, газдың сапасы жақсарып қана қоймай, оны жер астына жіберу және қайта алу уақытын 200 күннен 150 күнге дейін қысқартады.
Биылғы ұлттық телекөпір барысында Алматы мен Астанада да ерекше жобалар іске қосылды. Алматы қаласындағы «Инновациялық Технологиялар Паркінде» дербес кластерлік қордың «Цифрлы зертханасы» ашылды. Бұл жобаның артықшылығы, мәліметтердің үлкен жиынтық қорына терең сараптама жүргізіп, өндіріс желілерін автоматтандыруды, оған цифрландыру технологияларын енгізуді көздейді. Негізінен жоба өндірістерге «Индустрия 4.0» элементтерін дамытуды басты нысанасына алған. Оның құны – 350 млн теңге.
Астанадағы Назарбаев Университетінде робот-техникасының зертханасы ашылады. Сондай-ақ білім ордасының ғалымдары адам өмірін ұзартуға септігін тигізетін өнім шығарғанын сүйіншіледі. «Бүгінде біздің зерттеулеріміз бизнес тарапынан сұранысқа ие бола бастады. Бір жобамыз нақты зерттеуден бастап өндіріске дейінгі кезеңді қамтитын ұзақ жолдан өтті. Қазіргі жаңа өніміміз «Нәр» деп аталады. Бұл – инновациялық өнім», деді Назарбаев Университетінің вице-президенті Қанат Байғарин. Аталған өнімді «Родина» агрофирмасы» ЖШС арқылы шығару жоспарланып отыр екен. Компания басшысы Иван Сауэрдің айтуынша, «Нәр» адамның иммунитетін көтеріп қана қоймай, өмірді де ұзартады.
Телекөпір барысында Оңтүстік Қазақстан облысында «Химфарм» АҚ-тың дәрілік заттардың қатты түрін шығаратын тағы бір цехы іске қосылды. Оның қауқары жылына 200 млн таблетка шығаруға жетеді. Жоба аясында 60 адам жұмыспен қамтылған. Компанияның бас директоры Ижи Урбанец осымен үшінші цехтың ашылып отырғанын жеткізді. «Жаңа цехты іске қосқаннан кейін біз экспорттық әлеуетімізді 1,5 млрд теңгеге жеткізе аламыз», деді Урбанец.
Алтын сапаға лайықтылар марапатталды
Жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын табыс етті. «Үздік индустриялық жоба» сыйлығы – «Giessenhaus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорлар кеңесінің тең төрағасы В.Литуевке, «Үздік инновациялық жоба» сыйлығы – «Recycling Company» жауапкершілігі шектеулі серістестігінің жоба жетекшісі А.Рябининге, «Сапа көшбасшысы» сыйлығы – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басқармасының төрағасы М.Есеновке, «Үздік азық-түлік тауарларын және ауылшаруашылық өнімдерін шығаратын кәсіпорын» сыйлығы «Абзал және Компания» толық серіктестігінің директоры М.Ералиевке берілді. «Парыз» байқауының гран-при жүлдесі Еуразиялық топтың жетекшісі А.Машкевичке табыс етілді. Бизнесті жүргізу жеңілдігі жөніндегі өңірлер мен қалалардың рейтингі нәтижесі бойынша арнайы сыйлық Астана қаласының әкімі Ә.Исекешевке берілді.
Индустрияландыру күні шеңберіндегі жиында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бизнестің үздік өкілдеріне тиісті сый-сияпатын табыстады. Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорны» аталымында ірі кәсіпкерлік субъектілер арасында – Атырау облысының «РауанНалко» ЖШС, орта кәсіпкерлік субъектілер арасында – Маңғыстау облысының «Каскор-Машзавод» АҚ, шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында Солтүстік Қазақстан облысының «AVAGRO» ЖШС лауреат атанды.
«Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын» аталымында ірі кәсіпкерлік субъектілер арасында – Алматының «Алматы өнімдері» ЖШС, орта кәсіпкерлік субъектілер арасында – Алматы облысының «Жаркент крахмал зауыты» ЖШС, шағын кәсіпкерлік субъектілер арасында Оңтүстік Қазақстан облысының «Planta» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Ал «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» аталымында ірі кәсіпкерлік субъектілері ішінен Астананың «Медикер-өндірістік медицина» ЖШС, орта кәсіпкерлік субъектілер арасында Қарағанды облысының «Дефектоскопия» ЖКС, шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында Астананың «Скулбас» ЖШС үздіктер қатарынан көрінді.
Асхат РАЙҚҰЛ, Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»
Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды