• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Желтоқсан, 2017

Бос жатқан жер телімі қайтарылды

265 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданында жыл басынан бері аудандық жер қатынастары бөлімі прокуратурамен бірлесіп «Қолжетімді жер» жобасын қолға алды. Нәтижесінде мақсатты қолданылмаған жалпы аумағы 123 159 гектар 331 жер телімі анықталған. Күні бүгін жалпы аумағы 8092 гектар 34 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Зеленов ауданы – Орал қаласының маңында қолайлы жерде орналасқан, топырағы ең құнарлы саналатын аймақ. Оның үстіне бұл өңірге шалғай аудан тұрғындары жаппай көшіп келіп орналасты. Содан да болар Зеленов ауданы шаруа жүргізу үшін де, жеке мал үшін де жерден тапшылық көріп отырғаны рас еді. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Зеленов ауданының биылғы он айлық әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берген аудан әкімі Асхат Шахаровтың осы мәлімдемесі ауылдағы ағайынның көңілінен шыққаны анық.

Құнарлы топырақ болған соң аудан шаруашылықтары негізінен егін егеді. Әкімнің айтуынша, өңірде биыл 215,8 мың га алқапқа дән себілген екен. Мұның 133,3 мың гектары дәнді дақылдар болса, майлы дақылдар – 31,5 мың га, мал азығы – 47,7 мың га, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 3,2 мың га құраған. Міне, жаз бойғы еңбек ақталып, диқандар әр гектардан орта есеппен 17,3 центнер өнім алыпты. Жалпы алынған өнім 225,3 мың тоннаға жеткен.

Қазіргі мемлекеттік саясат ауыл ша­руа­шылығында қызмет ететін кәсіп­орындардың іріленуін қалайды. Бұл бағытта ауданда 9 ауылшаруашылық кооперативі құрылған. Оның төртеуі – ірі қара малын бордақылаумен, екеуі – сүт өңдеумен, екеуі – тұқымдық түр­лендірумен, біреуі бау-бақша өсірумен шұғылданады.

Әрине, жер болса ол жерге еңбек ете­тін шаруа да табылады. Биылдың өзінде шағын және орта кәсіпкерлік саласында 988 жаңа жұмыс орны ашылып, 14 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны іске қосылған. 

Өңірде кәсіпкерліктің дамуына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қол­дау тікелей әсер етеді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шең­бе­рінде 2017 жылдың 10 айында жал­пы құны 1 930,2 млн теңге құрайтын және 222 жаңа жұмыс орнын ашатын 21 жоба мақұлданған. 4 кәсіпкер 9 млн теңгеден аса қайтарымсыз грант алып, ауданда айран-сүт өндірісін (түрік айраны), жұмсақ иілгіш тас, тоқыма өндірісін, химиялық өнім алуға қажетті минералды шикізат өндірісін жолға қойған.

– Ірі инвестициялық жобалар қата­рында екі жобаны бөле-жара атауға болады. Біріншісі – «Жайық Агро ЛТД» ЖШС Щапов ауылдық округінде өндірістік құны 4,087 млрд теңге болатын, қуаты жылына 6000 тонна құс етін өндіретін, 200 адамды жұмыспен қамтитын құс фабрикасын салып жатыр. Екінші жоба – Белес ауылдық округіндегі көмірсутегі шикізатын сақтау және өңдеу кешенінің құрылысы. «Жайық Петролеум ЛТД» ЖШС-ның құны 5,5 млрд теңге болатын бұл жобасында болашақта 180 адам қызмет етпек. Алғашқы нысан биыл жыл аяғында пайдалануға беріледі. Екінші нысан 2018 жылы іске қосылады, – дейді Асхат Шахаров.

Зеленов ауданында әлеуметтік ны­сан­дардың құрылысы да қарқынды жү­ріп жатыр. Биылдың өзінде жаяу жүр­гіншілер үшін екі аспалы көпір пайдалануға бе­рілді. Ақжол, Павлов ауыл­дарына таза су құбыры тартылған. Ка­линин ауылын­да 160 адамдық дене шы­нықтыру-са­уықтыру кешені салынып біткен. Бұл ны­сан Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында ашылмақ. Дариян ауылында 300 орындық жалпы орта білім беретін мектеп интернатымен қоса салынып жатыр. Володар ауылын­да су құбыры жүйесі жаңғыртылуда. «Қарашығанақ Пе­тролиум Оперейтинг б.в.» компания­сы қаржысы есебінен (213,98 млн тең­ге) Дариян ауылында 8 көше күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Сондай-ақ Мака­ров (5 шақырым), Жайық (1,5 шақырым), Өркен ауылдарында (4,3 шақырым) кі­ре­беріс автокөлік жолдары жөндеуден өт­кен.

Ауданда жас мамандар ықыласпен пай­даланып жүрген мемлекеттік бағ­дарламаның бірі – «Дипломмен – ауыл­ға!» жобасы. 2017 жылы мұнда 71 маман­ға 238 млн 36 мың теңге несие бе­ріл­ген. Жас мамандардың басым бө­лі­гі (51 адам) – білім саласына, 11-і – ден­саулық сақтау мекемелеріне, 3 адам – әлеу­меттік қамту мекемелеріне, 6 маман мәдениет саласына қызметке тұрған. 40 ма­манға көтермеақы төлеуге 6 млн 353 мың теңге қаралып, ол қаржы толық төлен­ген. Жастардың жаппай келуі аудан болашағының зор екенін де білдіріп тұр­ғандай.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы