Көлігінің доңғалағы тақтайдай асфальт жолға түскенде көңілінің домбырасы күй ойнап қоя беретін жүргізушінің жайын кім ұғар, шіркін?! Бұл жұмыр басты пендеңіз жылдамдыққа неге сонша құмар болды екен?! Ат жалын ұстап желмен жарысқан ата-бабадан жұққан, қанға сіңген қасиет-ау, пай-пай...
Кеңестік жолдың азабын кереметтей тартқан ұрпақ кейде айналаға бір көз тастап, бүгінгі күнге мың тәубе айтады. 90-жылдардағы Алматының Төлеби (Комсомол) көшесінің бір қиырынан екінші қиырына жүріп өткен автомобиль иесі не доңғалақтың майысқан дискісін түзеп, не жарылған шинасын жамап, жабырқайтынын ұмытты бүгін, сенесіз бе?! Түске дейін Таразға, асығып шықсақ кешке дейін Астанаға жетеміз. Жолдың жақсы болғаны!.. Таң бозындағы Алматының кептелісіне ұрынбай шыққан жеңіл көлікті жолаушы жаздыгүні шілдеде, тіпті жолай Балқаштың тұнығына бір сүңгіп алып, қас-қарая Астанаға жетіп жығылады. Тамаша емес пе!? Әттең... иә, осы арада айтпасқа болмас бір «гәп» бар-ды!
Астананы бетке алып, күре жолға қалқып түскен жолаушының Алматыдан 100 шақырым ұзап шықпай-ақ «көңіл-күйі» нілдей бұзылады. Оған себеп Күртіден басталатын «өзіміздің» кеңестік жол. Күннің қызуынан шодырайып шығып, ызғарынан тасемен боп қатқан асфальт төмпешіктер ойдым-ойдым шұңқырларға жалғасады. Зымыранмен жарысқан жылдамдық әп-сәтте көзден бұл-бұл ұшады. Енді осы шоқалақпен 222 шақырым жүруге мәжбүрсіз! «Итшілеп» Бурылбайталға жетіп, даңғылға қайта түсесіз. Әрине, «аман» өтсеңіз, әлгі жол азабы түс көргендей боп қалады. Шіркін, қайта оралған жылдамдық! Астанадан қайтқанда да осы оқиға... Мың шақырымды артқа тастап Бурылбайталға тұмсық тірегенде заңмен бекітілген жылдамдықты сағатына 30 шақырымға дейін тежейсіз. Көлігіңізді аяғаннан ғана, алтын уақытты сарп етіп, көнесіз! Содан Күртіге жетіп, негізгі магистральға іліккенде, алда – Алматы, әлгі күйзелістің бәрі қайтадан ұмытылады... Алматы мен Астана аралығындағы 222 шақырымның әдейі ойластырылмаған бар сиқырлы сыры сонда! Бәрін де бастан кешкен куәгер ретінде жауапкершілікпен мынаны мәлімдеймін: күре жол соно-оу 2001, 2003 жылдары күрделі жөндеуден өткен. Ресми расталған мәлімет бойынша, 1213 шақырым сол кезде заманға лайықтап жөнделген. Бірақ, қас қылғандай, аралықтағы 222 шақырым ұмыт қалған. Ол жағы осы күнге дейін беймәлім! Іздеуші-сұраушысы болмаған?! Биылғы жазда алматылық «зардап шегуші» бизнесмен Бейбіт Әлібеков «222» туралы әлеуметтік желідегі «Меніңше, мұндай дәу шұңқырлар Алматының кәріздерінде де кездеспейді» деп күйініп жазды. 15 жылдық жол азабының ең зор теңеуі осы болды-ау деймін!
Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша таяуда еліміз бойынша жалпы ұзындығы 4,4 мың километрлік 22 автомобиль жолы жобасы жүзеге аспақ. Ол туралы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек хабарлады. Таңданбаңыз. Бұл экономикасы қарыштаған Қазақстанның көлік-логистикалық шарттарының бір бөлшегі ғана. Алайда, әңгіме тікелей автомобиль жолдарына қатысты болғандықтан министр сөзі қоғамдық барлық көлік пайдаланушылар саласын – қалааралық автобус жүргізушілер мен inDriver такси желісіндегі ешбір делдалсыз сервистік қызмет көрсететін жүргізушілерді, Астана мен Алматы арасындағы белгілі осынау қашықтықта сан рет жол азабын тартқан жекеменшік көлік иелерін елең еткізді. Елең еткізгені министрдің жоспардағы шақырымдары емес, «Оңтүстік-Орталық жобасы Бурылбайтал мен Күрті арасындағы 228 шақырым пайдалануға беріледі. Оған Дүниежүзілік және Еуропалық банк қаржы бөледі» деген сөзі еді. Әр шақырымын ұмытпай жадымызда ұстаған есеп бойынша бұл аралық 222 шақырым еді, министрлік жол аялдамалары мен бұрылыс-қиылыстарын есепке қосқан шығар деп түйдік. Ең бастысы, жыры көп «222», әйтеуір, назарға ілініпті!
...Көлігінің доңғалағы тақтайдай тегіс бетон жолға түскенде көңілінің домбырасы күй ойнап қоя беретін жүргізушінің жайын кім ұғар, шіркін?! Байқадыңыздар ма, бұл жолы «асфальт» сөзін «бетонмен» алмастырдық. Ендігі әңгіме «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» магистралі туралы. Алматы – Тараз аралығындағы Қордай асуы мен әрідегі Күйік асуының ой-қыратына бетоныңыз тиімсіз боп шықты. Әсіресе, қыстың күні. Екінші тармағының құрылысы аяқталып бітпеген аталмыш көлік магистралінде бетон үстіне қазір шақтап-шақтап асфальт төселуде. Неге? Жауабы – келесі жолғы бағанда...
Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»