Елімізде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша кең ауқымды мемлекеттік саясат жүргізуде.
Таяуда аталған агенттік «Назарбаев Университеті» ААҚ-мен бірлесіп Қазақстан Республикасының барлық ЖОО-да телекөпір өткізген болатын. Шара барысында Қазақстанның барлық мектептерінде, колледждерінде, жоғарғы оқу орындарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай акция өткізу жөніндегі бастама жарияланды.
Осыған орай Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен бүкіл ел бойынша «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бірыңғай сағаты» акциясы өткізілді.
Шараға сәйкес, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің базасында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің қызметкерлері семинар өткізді. Оның барысында аса өзекті деген мәселелер қаралып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға түсінік берілді.
Жиында Департаменттің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Әкім Сақтапберген 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі қағидаларын және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын түсіндіру және жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жан-жақты жұмыс туралы баяндама жасады. Одан бөлек, мемлекеттік қызметтегі әрі тұрмыстық деңгейдегі сыбайлас жемқорлық көріністерімен күресу нәтижелері туралы қызықты статистикалық деректер келтірді. Әсіресе жоғары оқу орындарындағы студенттер мен оқытушылардың оқу барысындағы өзара қарым-қатынас этикасына қатысты туындайтын мәселелер мен болуы мүмкін құқық бұзушылықтарға студенттердің назарын аударды.
Қарағанды облысы бойынша акцияға 300-ге жуық студент пен оқытушы қатысты.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы