...«Ештеңе етпейді, ол ақын ғой». Осы тіркестегі «ақынның» орнына «инженер», «зоотехник», «педагог», «философ» деген кәсіби атауларды салып оқып көріңізші, сізге қайдам, меніңше жараспайтын секілді.
...Ақындар жұрттың бәрі қателеспеуге көшкен кезеңдерде қателесіп жүретін халық. Жұрттың бәрі жаңылыс баспауға тырысатын мезгілдерде өзі барып отқа ұрынып жүретін ел. Сондықтан болар, ескіше айтсақ «Шарқ жериятында» (Шығыс поэзиясында) ақындардың бәрі – дерлік өздерін жынды көбелек – пәруанаға теңеген.
* * *
...Қай кезде де поэзияның басты міндеттерінің бірі – қоғамдық ойдың қозғаушы күші болу. Сұм үрей, суық қорқыныш адамдарды қателеспеуге үйреткен замандар біздің қоғамда да болды. Ол замандар ақындарды, ақындар ол замандарды түсіне алмады. «Поэтов тираны – не понимают, когда понимают – тогда убивают». Андрей Вознесенскийдің осы өлеңін оқыған сайын, ең бірінші Шәкәрім, Мағжан, Ғұмар, Ахмет т.б ақындар ойға оралады... Осы аталған ақындардың «қатесі» сонда – олар халықтың жүрек отын өшіріп алмау үшін күресті. Ал заман үшін жүрек оты бар адамдардан гөрі, айтқанға көніп, айдауға жүріп, «ләппай, тақсырлап» тұратын «жаны жоқ жапһарқұлдар» керек еді. Олар үшін жұрттың құбыла қайда, күншығыс қайда екенін білуі тиімсіз еді. Хал-қадір, шама-шарқынша олар өздеріне керекті жұртты жасай білді. Сол жұрт кешегі боздақтар ұсталатын тұста «арамыздан адамдар аластатылсын» деп кеуде ұрып шықты, жиналыстарда ашыла сайрады, газет-журналдарға мақала, фельетондар жариялады. Жанымен, жүрегімен сүйген өз елі, туған халқы келіп өз құлынын тепкенде ақын тұрды көзі жасаурап. Не дейді ол? Кімге мұңын өткізеді?
* * *
...Әр ақын – өзінше бір әлем. Оған өзгелердің деңгейін өлшем қылып қарауға болмайды. С.Есенинді В.Маяковский жазған саяси өлеңдерді неге жазбадың деп ешкім қаралаған жоқ. Сондай-ақ Аманхан Әлімовтен Жаппар Өмірбеков поэзиясындағы сауат-білікті, саяси пафосты талап етуге болмайды...
Есенғали Раушанов
«Ақынға керек ақыл көп...» мақаласынан
«Өркен» газеті, 1990 жыл, 4 тамыз