Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген көкейкесті мәселенің бірі – латын әліпбиіне көшу. Елбасының латын қарпіне кезең кезеңмен және жүйелі түрде көшу туралы Жарлығы өркениетаралық және мәдениетаралық өзара әрекеттестік пен сұхбат жолына қызмет жасайды. Латын әліпбиіне өтудің тиімді тұстары қандай? Артықшылығы неде? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гауһар Алдамбергеновамен сұхбаттасқан едік.
– Гаухар Төремұратқызы, еліміз латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне ресми түрде көшті. Елбасы қазақ тілі қаріптерін кириллицадан латынға ауыстыру туралы тарихи Жарлыққа қол қойды. Сіздің ойыңызша, бұл қадамның отандық білім мен ғылым саласына тигізетін әсері қалай болмақ?
– Үшінші мыңжылдықта қоғам мен мемлекеттің орнықты дамуының ең басты алғышарты сапалы берілген білім екендігі дәлелденді. Біз «білім – ғылым – инновациялар» үштігіне негізделген постиндустриялық әлемге қарай қадам басып келеміз. Жаһандану жаңа талаптар мен тың бастамаларды талап етеді. Ғаламдық дамудың жаңа кезеңінде латын әліпбиіне көшу мәселесі қажеттілік ғана емес, тіліміздің тарихи ерекшелігін сақтау арқылы әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндігіміздің артуына негіз болып табылады. Сонымен қатар, латын әліпбиіне көшу тіліміздегі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы оның табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік береді. Латын әріпі үш тілде оқытуды дамытуға да септігін тигізбек. Мұндай қадам өз кезегінде отандық ғылымның жаңа көкжиектерін ашады, жаһандық ғылыми өлшем базаларына тезірек кіруге мүмкіндік туғызады, қазақстандық ғалымдардың шетелдік әріптестерімен қарым-қатынасын жандандырады. Өйткені, адамзаттың көп бөлігі құрылымы латын графикасына негізделген латын әліпбиін қолданады. Бұл – біріншіден. Екіншіден, бүгінде дүние жүзіндегі аса өзекті ақпараттар ағынының 70 пайызы латын графикасымен беріледі. Сондай-ақ, бұл озық ғылым мен білімнің яки заманауи инновациялардың және ең бастысы Интернет пен ақпараттық технологияларға орайластырылған жұртшылықтың сұраныстарын санаулы секундтарда қанағаттандыратын Yahoo, Google сияқты заманауи іздеу жүйелерінің де, цифрлы технологияның да негізгі іргетасы. Үшіншіден, жаңа әліпбиге өту – түркі тілдес елдерді жақындастыратын маңызды шешім. Түркі халықтарының мәдениеті, сөздік құрамы латынша жазылғандықтан, оларды зерттеу де тиісінше оңайға түседі. Тарихқа көз жүгіртсек, аталған жазу жүйесін алғаш болып 1928 жылы Түркия қабылдаса, 1991 жылдан кейін бұл графикаға Түрікменстан, Әзірбайжан және Өзбекстан мемлекеттері де өткен болатын. Төртіншіден, латын әліпбиіне ауыса отырып тіліміз халықаралық деңгейде зор мәртебеге ие болады. Сонымен қатар, бұл қадам арқылы киіз туырлықты қазақ өз руханиятының тізгінін өзі ұстайды. Бір бұл ғана емес. Мемлекет басшысы ұсынған қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жобасы басқа тілдерде сөйлейтін адамдарға біздің тілді жылдамырақ үйренуді ынталандыратын нұсқа ретінде қарастырылып отыр. Себебі, аталған форма қазіргі заманның талабын ескере отырып жасалған.
– Гаухар Төремұратқызы, білім мен ғылымның қарашаңырағы Қыздар университетінде латын әліпбиіне көшу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында, бұл тарапта қолға алынатын жобалар турасында айтып өтсеңіз...
– Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұжымы мен студенттерінің арасында әлемдік өркениет көшіне ілесуге бағытталған стратегиялық маңызы зор қадамға қатысты қызу талқылау жүріп жатыр. Білікті тіл мамандары тарапынан нақты ұсыныстар айтылуда. Мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктететін, қолданыс аясын арттыратын жаңа әліпбиге көшуді белгіленген мерзім аралығында жүйелі түрде жүзеге асыру әсіресе, педагог қауымға үлкен жауапкершілік жүктейді. Менің ойымша, біз бұны талқылап қана қоймай, тиісті дайындық жұмыстарын да жүргізуіміз қажет. Қазақ әліпбиін 2025 жылға қарай біртіндеп латын әрпіне көшіру мәселесін жүзеге асыруда мақсатты нәтижеге жету үшін, ең алдымен, латын әліпбиін меңгерту әдістемесі жасалуы керек. Осы тұжырымдар негізінде қоғамға әсіресе, жастарға көптеген жетістіктерге қол жеткізетіндігімізді, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақты анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арылатындығымызды, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ екендігін анық түсіндіруіміз қажет.
Сонымен қатар, жақында Қыздар Университетінде Латын әліпбиін үйрету орталығы ашылады. Білім беру мекемесінде оқу орнының профессор-оқытушылары мен студенттері латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиі бойынша оқып, жазуды үйренеді. Сонымен қатар, мұғалімдердің біліктілігін тереңдетуге және жетілдіруге бағытталған қосымша кәсіби білім беру бағдарламалары жүргізілмек. Бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейтін орталыққа Қыздар Университеті мен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің білікті тіл мамандары жұмылдырылмақ.
Орталықта оқу ордасының ғалымдары жаңа әліпбидің орфографиясы мен орфоэпиясын қалыптастыру бағытында арнайы сабақтар мен курстар өткізеді. Сондай-ақ, оқу-әдістемелік кешен жасалып, арнайы оқу құралдары да жарық көрмек. Қазіргі күнде арнайы тұжырымдама жасалып, негізгі басым бағыттары түзілді.
Қазіргі күннің басты тренді үздіксіз даму, ноу-хау мен инновация болып табылады. Жаңа заманның жастары осындай өзгермелі уақытта өмір сүруге қабілетті болып қана қоймай, оқиғалар мен үдерістердің ортасында, көш басында болуы тиіс. Бұл терең түйсіне білгенге бәсекелестікке апарар жолдың басы, ұлттық кодымызды көздің қарашығындай сақтаудың негізі. Қазіргі мемлекетімізге ұлтты ұйыстыра алатын, тың бағыттағы рухани ағым керек. Латын әріпін енгізудің басты өзегі де осында жатыр. Сондықтан да жаңа әліпби еліміз үшін қажетті, уақыт талабынан туындап отырған жаңа атрибут, аса маңызды фактор деп санаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Олжас ОМАРҰЛЫ