Жамбыл облыстық «Aq Jol» газетіне жаңа басшы тағайындалды. 95 жылдық тарихы бар газеттің бас редакторлық қызметіне Қуат Әуесбай келді, деп хабарлайды облыстық телеарна.
Қуат Әуесбай Жамбыл облысының тумасы. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдап, Еуразия Ұлттық университетінің магистранты атанған. Алғаш қызмет жолын «Ана тілі» республикалық газетінде тілші болып бастаған журналист республикалық «Ақ желкен», «Халық сөзі», «Ұлттық музей» басылымдарында басшылық қызмет атқарған. 2015-2017 жылдар аралығында «Астана ньюс» ЖШС директоры, «Атырау Ақпарат» медиа холдингі директорының орынбасары қызметтерін атқарды.
Құрылтайшылардың ортақ шешімімен тағайындалған журналисті газет ұжымына облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева таныстырды. Туған жерге еңбек етуге білек сыбана келген қоғам белсендісі, креативті азаматтың облыстың бас газетін алға жетелеуге мүмкіндігі мол. «Өте қуаныштымын. Облыстың бас газетіне, талай марғасқалардың табанының ізі, қолының табы қалған қара шаңыраққа келіп, қызмет ету, өздеріңізбен қауышу үлкен мәртебе, үлкен жауапкершілік. Сол сенімнің, сол жауапкершіліктің үдесінен өздеріңізбен бірге шығамыз деп ойлаймын», деді Жамбыл облыстық «Aq Jol» газетінің директор-бас редакторы Қуат Әуесбай.
Еске сала кетсек, «Ақ жол» - облыстық газеті 1922 жылдың 1 мамырынан бастап сол кездегі Әулиеата уездік Кеңес атқару комитетінің органы «Вольная беднота» газетінің қосымшасы ретінде «Кедей еркі» деген атпен шыға бастаған. Ол төте жазумен 300 дана болып тарады. 1924 жылы тамыз айынан «Еңбек» деген атауға ие болып, дербес басылым ретінде шыға бастады. Кейінен «Дихан дауысы», «Колхозшы», «Колхоз жолы» деген атпен жарық көрді. 1939 жылы Жамбыл облысының құрылуына байланысты облыстық газет болып қайта құрылып, «Коммунист» атауын иеленді. 1944 жылы «Сталиндік жол», 1958 жылы «Еңбек туы», 1990 жылы «Ақ жайық» атанды.