• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Желтоқсан, 2017

Сүндет Байғожин Қостанайда жеке концертін өткізді

313 рет
көрсетілді

Белгілі әнші, «Астана-Опера»    театрының жетекші солисі Сүндет Байғожин Қостанай қаласында өзінің  жеке концертін берді.

«Туған жер» бағдарламасы аясында өткен бұл концертін әнші «Туған жерге тағзым» деп атапты. Оның себебі де бар. Сүндет 2018 жылдың қаңтарында Еуропаға аттанады.

Италиядағы Рим опера театрымен жасасқан келісім-шарт бойынша әлемнің танымал әншілері өнер көрсететін сахнада екі жыл қызмет істейді. Осы сапарының алдында ол туған жерге келіп, жерлестеріне өнерін тарту етуді жөн санапты.

«Мен Арқалық қаласында өстім, білім алдым. Өнерге ұмтылдым. Бірақ қазір опера секілді үлкен өнерде белгілі табыстарға жетіп, елордадағы керемет «Астана-Опера» театрының жетекші әншісі дәрежесіне жеткенмен, туған жерімде әнімді тыңдатуға ыңғайы келмей жүретін еді. Енді ұзақ сапарға аттанар алдындағы аз уақытты пайдаланып, жерлестеріме тұңғыш жеке концертімді ұсынғым келді. Мұны әлемдегі беделді театрдағы қызметім, өнердегі еңбегім абыройлы болуға жерлестерімнен, тілегімді тілеп отыратын ауылдағы ағайын-жұртымнан алған батам деп те түсінемін» деді Сүндет Байғожин.

Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның концерт залында Сүндет Байғожин тыңдарман қауымды кәусар бұлақтай ән тұнығына сусындатты. Әнші жерлестеріне Абайдың, қазақ композиторларының және халық әндерінен бастап, «Абай» операсындағы Абай ариясы мен әлем опера өнеріндегі інжу-маржандарды тарту етті. Әншінің кең тынысты таланты жерлестерін тәнті етті. Әнші концертінің алдында облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары үшін баспасөз мәслихатын өткізіп, өзінің жоспарларымен бөлісті.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай