Алматы төрінде Қазақстан мұсылмандарының кезекті сегізінші құрылтайы өтіп, діни басқарма басшылығындағы бірқатар ауыс-түйістер алқалы жиынның басты жаңалығына айналды. Соңғы бес жылда еліміздің бас мүфтиі қызметін атқарып келген Ержан қажы Малғажыұлы өз еркімен қызметінен кетіп, орнына еліміздің бас мүфтиі болып Серікбай қажы Оразұлы сайланды.
Құрылтайды ашып берген еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев аталған басқосу Діни басқарманың өзекті мәселелер туралы ашық әрі шынайы әңгіме құруға және алдағы бес жылға арналған міндеттерін нақты айқындауға жақсы мүмкіндік болатынына сенім білдіретінін айтты.
Басқосу барысында Серікбай Ораздың кандидатурасын Ержан Малғажыұлы ұсынды. Еліміздің әр түкпірінен келген 300-ден астам делегат бұл шешімді бірауыздан қолдап, сенім білдірді. Осылайша, Серікбай қажы Оразұлы алдағы бес жылда бас мүфти қызметін атқаратын болады. Ал жаңа мүфтидің орынбасары лауазымына Наурызбай қажы Тағанұлы, Бауыржан Есмаханов, Алау Әділбаев тағайындалды. Құрылтайға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мүшелері, Ғұламалар кеңесінің мүшелері, теолог-ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен әр облыстан келген құрылтай қонақтары қатысып, жаңа дінбасының қызметіне толайым табыстар тіледі.
Астана қаласы әділет департаменті діни істер бөлімінің бас маманы, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аға қызметкері, Президент Іс басқармасының әкімшілік ғимараттар дирекциясының директоры сияқты бірқатар жауапты қызметтерде болған Серікбай Оразұлы 2013 жылдың қазан айынан бастап бүгінгі күнге дейін «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы және наиб мүфти қызметін атқарып келген еді. Ал бұған дейін бас мүфти лауазымында болған Ержан қажы Малғажыұлы Алматыдағы «Нұр-Мүбәрак» Қазақстан-Египет ислам университетіне басшылық қызметке баратыны мәлім болды.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ