Жамбыл облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен Жамбыл ауданы, Гродеково ауылдық округінің мәдениет үйінде жазасын өтеп шыққан және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеп, олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету, оларға әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, кәсіпкерлік дағдыларын үйрету мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды үйлестіру және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» тақырыбына кездесу өтті.
Аталған шараға облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы М.Мәтен, облыс бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті пробация қызметінің бастығы, әділет майоры Қ.Қалдыбаев, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Т.Шалдарбеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Н.Ақжолов, облыстық дін істері басқармасы «Оңалту орталығының» инспекторы Б.Құлназаров, облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы Б.Омаров, Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығының бас маманы М.Әміреев және «Халық бизнес» қоғамдық қорының директоры Ү.Умаровтар кездесуге қатысушы мақсатты топқа табыс көзін табуға жәрдемдесу, қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтiк және өзге де көмекті ұйымдастыру бағытында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түрлі бағыттағы кеңестер берді.
Шара барысында қатысушылар бір-бірімен пікір алмасып, аталған мәселелер бойынша сұрақтарына лайықты жауап алды.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы