• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Театр 13 Желтоқсан, 2017

Астанада «Шәмші» элегиясының премьерасы өтті

504 рет
көрсетілді

Елордадағы Қ.Қуаныш­баев атындағы қазақ музы­калы драма театрын­да ақын Серік Тұрғын­бекұлының туындысы бойынша белгілі режиссер Болат Ұзақов сахналаған «Шәмші» элегиясының премьерасы өтті. 

Элегия демекші, «қазақ вальсі­нің королі» атанған көрнекті ком­пози­тордың жарқын бейнесін, бүкіл қазақ даласы тамырына көсі­ле тарап, балдай баураған сыр­шыл да назды әндерін, сезім сер­гел­деңі мен жойқын рухын жібек­тей есіп жырлауға мұнан өзге тағы қандай жанрдың күш ағы­ны төтеп бере алады дейсіз! Ілге­рі­де, классицизм дәуірлеп тұр­ған тұста (ХVIII ғасырда) әлем әдебиетінде лириканың түр-түрі болған екен, мәселен, атап айтар болсақ, элегия, ода, ро­манс, идиллия... т.с.с.

Кейін бір­те-бірте бұлардан элегияға деген сұраныс пен қызығушылық арта түсіп, соның әсерінен ойлы, мұңға малынған, айрықша жараталысты жандардың ғұмырына арналған, өзекті тұздай ашытып, сағыныштың сарынын баяндайтын сахналық туындылар дүниеге келгені мәлім. Зерттеушілер сондай-ақ XVIII-XIX ғасырларда элегия музыкасында асылынан, ардақтысынан көз жазып қалып, жалғыздықтан жаны жүдеген бейбақ жандардың көңіл-күйін сипаттайтын әсерлі әндердің туғанын алға тартады.Тарихтан сабақтай тарқатсақ, нәзік жанрдың даму, қалыптасуына орай жолымыздан түрлі тұжырымдар кезігеді, тіпті кейбірі көпшілікті ежел­гі Грекия мен Рим дәуіріне қарай бастап әкетеді. Ол үшін бі­рақ енді сонау көне ғасырлар қой­науына сапар шегіп әуре болудың қажеті жоқ, қазақ ұлттық сахна өне­рінде мұнан былайғы уақытта эле­гияның өзіндік төл үлгілері қа­лып­тасқан деуге толық негіз бар. 

Қазақ әні дегенде, жұрт­шы­лық­тың аузына алдымен Шәмші ән­дерінің түсуі көп жайтты аң­ғарт­са керек. Өйткені әр адам оның ән-маржанын теңіздей терең­ге балап, аңсаған арман-мұра­тына, сағыныш-мұңына жолы­ғады. Көңілді мұң шалған аң­саулы сәттерде саз көгінде қа­лық­таған ән қанаттарының су­сы­лы құлаққа шалынады... Бүкіл адамзат баласы құшырлана сүйе­тін, ортақ олжа санайтын руха­ни құндылықтар бар емес пе? Міне, сондай асылдар санатына Шәмші әндерінің де емін-еркін қосыларына еш шүбәміз жоқ. Бұған дейін композитордың қазақ драма театрларында «Сыған серенадасы» атты поэти­ка­лық-музыкалық драмасы сахна­ланған болатын. Бұл осымен қазақ вальсі королін сомдаған екінші қойылым. Ал мұндай ғажап тұлғаларға, әсіресе Шәмші ағамызға арнап қанша қойылым, фильм жарық көрсе де туған халқы үшін ешқа­шан көптік етпейді деген ойдамыз. 

Пьеса авторы, ақын Серік Тұрғынбекұлынан «Шәм­ші» спектаклі туралы айтып беруін сұрағанымызда: «Дра­матург пен режиссер ойының бір жерден шыға беруі өте сирек жағдай. Мысалы, «Мұқағалида» режиссер Болат Ұзақов екеуміздің ойымыз бір жерден шықты. Идеямыз үндесіп, жұмысымызға же­ңілдік туғызғаны содан. Бір жағынан, онда Мұқағалидың жырларына көбірек иек артылды. Яғни ситуациялардан оның өлеңі алып шығады. Сол себепті де бұл қойылым 20 жылдан бері сахна төрінен түспей келе жатыр. Ал «Шәмшіге» келсек, мынау спектакльде адамдардың пенделіктерін айта отырып, спектакльді ән арқылы алып шығуға көңіл бөлінді. Шәмшінің әндеріне иек артудан нәтиже жаман болмаған сияқты. Жастар жағы жақсы қабылдап жатыр. Бүгін қоғам соны қалайды. Себебі драманың өзінде көпсөзділіктен арылып жатырмыз. Уақыт талабы солай. Бұл қойылымда негізінен Шәмшінің халық арасына кең тараған әсем әндері алға шығарылды. Бірақ мұнымен өмір тоқтап қалмайды. Бұл Шәмшінің сахнадағы тағы бір нұсқасы болып қала береді. Спектакль ә деген­де, бірыңғай әнге құрылып кет­кен­дей әсер қалдыратыны рас. Алайда ойлап қарасаңыз, Шәм­шіні әнсіз елестете алмайсыз ғой», деді. 

Спектакльдің сәтті қойы­луына бірінші кезекте актердің сіңірер еңбегі орасан зор дер едік. Бұл ретте Шәмші рөліне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуілов өте дұрыс таңдалыпты. Басты кейіпкерінің жан дүниесін тү­сінбей орындаған адамнан дәл мынадай тамаша ойын шықпайды. Сондықтан сахна жетістігін саралай келе, мұны актердің өз кейіпкерін әбден зерттеп, зерделеп, сирек тұлғаны сүйіспеншілікпен сомдауының нәтижесі деп түйдік. 

Қаршыға КҮЛЕН