Парламент Сенатында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты жиналыс өтті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың біздің ең басты байлығымыз – Тәуелсіздік екенін айтқан сөзін еске салды.
Парламент жоғарғы Палатасының басшысы «Қазақстан Республикасы Президентінің көреген саясатының арқасында еліміз Тәуелсіздік жылдары небір сын-қатерлерден сүрінбей өтіп, талай белестер мен биіктерді еңсерді. Бірлігі жарасқан, әлем таныған елге айналдық. Мәңгілік Ел болуды бағдар еткен қуатты мемлекетті қалыптастырдық», деп атап өтті.
Сенат басшысы депутаттар мен Палата Аппаратының қызметкерлеріне Елбасының кешенді бағдарламаларын, ел егемендігі мен мемлекетіміздің қарқынды дамуын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз еткені үшін алғыс білдіріп, бірқатар азаматтарға мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі, халықтар арасындағы достық және ынтымақтастықты нығайтқаны үшін наградалар табыс етті. Атап айтқанда, Сенатор Серік Бектұрғанов, Бекмырза Еламанов, Сергей Плотников «Парасат» орденімен, Мұратбай Жолдасбаев II дәрежелі «Достық» орденімен, Нұрлан Қылышбаев «Құрмет» орденімен, сенатор Дариға Назарбаева ТМД Парламентаралық Ассамблеясының шешімімен «Содружество» орденімен, Рашит Әкімов, Мұрат Бақтиярұлы, Бекмырза Еламанов, Дулат Құсдәулетов, Ольга Перепечина, Марат Тағымов ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Парламентаралық ынтымақтастықты нығайтқаны үшін» медалімен марапатталды.
Қажырлы қызметі үшін депутаттар Әли Бектаев, Серік Бектұрғанов, Мұратбай Жолдасбаев, Дархан Кәлетаев, Георгий Ким, Нұрлан Қылышбаевқа ТМД Парламентаралық Ассамблеясының Құрмет грамотасы табыс етілді.
Парламент Сенаты Аппаратының бірқатар қызметкерлеріне де марапаттар табыс етілді.