• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Желтоқсан, 2017

Өскеменде 22 мектепке жаңа автобус берілді

367 рет
көрсетілді

Еліміздің ең қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс орталығы Өскемен­де бірқатар тағылымды іс-шаралар ұйымдас­тырылды.

14 желтоқсан күні аймақ басшысы Даниал Ахметов өңірдегі 22 мектептің директорына су жаңа авто­бустардың кілтін салтанатты түрде табыс етті. DAEWOO BSD 106 маркалы автобустар Семей қала­сындағы «СемАЗ» көлік зауытында құрастырылған. Жолау­шылар көлігі қауіпсіз тасымалдың барлық талаптарына жауап береді. Қазіргі таңда облыста мектеп оқушы­ларын тасымалдауға арналған 193 автобус бар екен. Аймақта «Мектеп автобусы» бағдарламасымен автопарктердің жаңартылып жатқанын да ерекше атап өтуге болады. Салтанатты рәсімде сөз алған өңір басшысы қазіргі күні шығыстағы барлық мектептер автобуспен толық қамтамасыз етілгенін, көліктер өзіміздің облыста құрастырылып жатқанын тілге тиек етті.

Бұл күні облыс орталығында халықаралық Өске­мен әуежайының жаңа терминалы ашылып, өз жұмысын бастады. Жолаушыларға арналған терминал сағатына 200 адамды өткізуге қабілетті. Кеден бақылауының жаңа технологияларымен және заманауи құрылғылармен жабдықталған терминалда ана мен балаға арналған бөлме де қарастырылған. «Промтехмонтаж» Өскемен басқармасы» АҚ дирек­торының орынбасары Болатбек Сақылбаевтың айтуынша, терминал құрылысына бюджеттен 498 миллион теңге қаржы бөлінген. «Шығыс Қазақстан Ресеймен, Қытай Халық Республикасымен және Моңғолиямен шекаралас болғандықтан, әуежайдың кеңейіп, терминалдың ашылғаны халықаралық қатынасқа жаңа серпін берері сөзсіз. Әуежай жылына 300 мыңнан астам жолаушыны қабылдаса, алдағы уақытта бұл көрсет­кіштің ұлғаятынына кәміл сенімдімін», деді тер­миналдың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі.

Шара барысында келесі жылы халықаралық әуе­жайдың жоспар бойынша ұшу алаңы, жүк терминалы, автотұрақ пен жүк қоймасы жөндеуден өтіп, халық­аралық стандарттарға сай жаңартылатыны айтылды.

Сонымен қатар Өскемендегі облыстық драма теа­трда өңір өнерпаздарының қатысуымен Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік концерт өтіп, аймақ басшысы Д.Ахметов өңір жұртшылығын еліміздің бас мейрамымен құттықтады. «Тәуелсіздік күні – ел тари­хындағы ең елеулі, ең маңызды мерекелердің бірі. Бұл күн – азаттықты аңсаған бабаларымыздың арма­нының орындалған күні. Бүгінде біздің елімізде жайлы өмір сүруге барлық мүмкіндік бар. Мұның бәрі – тәуелсіздіктің арқасы», деді аймақ басшысы.

Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН