• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Желтоқсан, 2017

Ақтөбеде офтольмологиялық орталық ашылды

747 рет
көрсетілді

Интернет көздерінен алынған деректер соңғы кездері елімізде әр жыл сайын бір миллионнан астам адам офтольмологиялық сала мамандарынан көмек алатынын көрсетеді. Оның төрт жүз мыңға жуығын потологиялық ерекшеліктері бойынша көз дәрігеріне тұңғыш рет келіп қаралғандар құрайды екен. Осындай жағдайда елордасы Астана мен мегополис қала Алматыдағы орталықтардың жүктемесі қалыпты мөлшерден көбейген. Бүгінде дерттің осы түрі бойынша емдік шараларды Ресейден алып жүрген отандастырымыздың саны да аз емес секілді.  

Тәуелсіздік мерекесі құрметіне Ақтөбе қаласында мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында бой көтерген офтольмологиялық орталық осы олқылықтың орнын тол­тырды деуге әбден болады. Мұн­дағы емхана мен аурухана жүйесіндегі бірыңғай кешенге ең соңғы заманауи үлгідегі құ­рал-жабдықтар мен жоғары тех­но­ло­гиялық қондырғылар орна­тылған.

Жаңа орталыққа Ақтөбеде құрылған медициналық кластердің тигізетін шапағаты да едәуір еке­ні ғимараттың ашылу рәсімі ке­зінде ашық айтылды. Өйткені осы «Көз жарығы» деп аталған тең­десі жоқ клиникада клас­тер құра­мын­дағы М.Оспанов атын­дағы Ақтөбе мемлекеттік медицина уни­вер­ситетінің көз ауру­лары кафе­драсы орналасқан. Тео­рия мен тәжірибенің, ғылым мен білімнің бір арнаға тоғысар тұсы да ел өңір­лері арасында еш­қан­дай баламасы жоқ осы жаңа офтоль­мологиялық орталық болып отыр.

Инновациялық технология арнайы мамандандырылған білікті мамандар тобын қажет етеді. Бұл ретте олар өз тәжірибелерін әлем­нің ең үздік клиникаларынан толықтырып қайтыпты. Жаңа кли­никада ел аймақтарында бұған дейін болып көрмеген күрделі оталар жасалмақ. Оның бәрі негізінен мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жүргізілмек. Бұл жөнінде газет тілшісіне «Дару» емдеу-сауықтыру орталығының жетекшісі, жоба инвесторы Ғалымжан Елеуов ай­тып берді. Мұндағы жоғары мамандандырылған емханалық және стационарлық ем түрлері жас талғамайды. Офтольмологиялық орталық ересектер мен балаларға тең деңгейде медициналық көмек көрсете береді. Оның қамтылу аума­ғына республиканың батыс өңі­ріндегі Ақтөбе, Атырау, Ба­тыс Қазақ­стан, Маңғыстау және Қы­зыл­орда облыстары кіреді деді ол одан әрі.

Мемлекет пен ірі бизнестің өзара келісімі мен түсіністігі арқа­сында тұрғызылған жаңа кли­никаның қоғамдық-әлеуметтік мәні мен ма­ңызына ешқандай баға жетпейді. Орталықтың басты мақсаты – тек көз ауруларын емдеу мен оталар жасау ғана емес, сонымен бірге аталған дерттің алдын алу мәселелеріне де кең өріс ашу және профилактиалық жұмыстарды одан әрі жандандыру болып отыр. Мұндағы басты ұстаным емдеу сапасын жақсартуға және біліктілік пен кәсіби шеберлікті көтеруге бағытталған.

Республика аймақтары арасында теңдесі жоқ сәні мен сәу­леті келіскен зәулім орталық құ­ры­лысы небәрі бір жыл екі айдың ішінде аяқ­талған. Жобаға инвестордың қосқан үлесі 4 миллиард теңгеге жуық.

Мем­лекет-жекеменшік әріп­тестігі шең­берінде аяқталған ор­талық құрылысы Тәуел­сіздік ме­рекесі күніне арналған тарту болды. Осындайда жарайсың Ғалым­жан, Ресейде Федоров клиникасы болса, Қазақстанда Елеуов клиникасы неге болмасқа дегің келеді еріксіз.

Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ