• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Желтоқсан, 2017

Қазақстанда алғаш рет түнгі азық-түлік жәрмеңкесі өтті

563 рет
көрсетілді

ҚР Тәуелсіздігі мерекесіне орай Атыраудағы «Сарайшық» коммуналдық базарында ауыл шаруашылығы өнімдерінің түнгі жәрмеңкесі болды. Бұл Қазақстанда тамақ өнімдері бойынша алғаш рет өткен түнгі жәрмеңке.

Жәрмеңкеге 150 кәсіпкер қатысты. Оның 130-ы «Сарайшық» базарында тұрақты түрде өнімдерін ұсынып жүрген кәсіпкерлер, ал қалған 20-сы көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлер. Сондай-ақ, Махамбет, Индер аудандарынан келген көкөніс сатушылары өз өнімдерін халыққа ұсынды.

Атырау қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алтынай Сәрсенқызының айтуынша, жәрмеңкедегі өнімдер қазіргі базар нарығынан 20-30 пайызға арзан бағамен сатылып жатыр. Әдетте ет 1500 теңге болса, бүгінгі баға 1300-1350-ге түскен, қазыға 2000, жұмыртқаға 19 теңге бағасы қойылды. Ал алғашқы 45 минутта сатылған 5 тонна картоп сауданы қыздыра түсті.

«Бүгінгі жәрмеңкеде әр кәсіпкер әртүрлі жеңілдіктер жасап жатыр. Сол үшін бұл жәрмеңкенің өткізу уақыты халықтың ыңғайына қарай таңдалды. Сондай-ақ, бұл жерге жиналған көп тұрғынның барып-келуін арнайы екі маршрут қамтиды. Тұтынушыларды таситын Сарайшық базары-Авангард ықшам ауданы, Сарайшық базары-Академия аялдамасы араларын жалғайтын 6 автобус бөлінді»,-деп мәлімдеді Атырау қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімі  басшысының міндетін атқарушы Алтынай Сәрсенқызы.

Айта кетейік, халықтың ұсынысы бойынша ертең күндіз де жәрмеңке жалғасын табады. Жаңа жыл қарсаңында тағы да  осындай жәрмеңке өткізу жоспарлануда.

Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»